«Ауырып ем іздегенше…»

Қазақта осылай басталатын қанатты сөз бар. Құрмалас сөйлемнің «…ауырмайтын жол ізде» деген жалғасы – тұсауы бұдан жиырма үш жыл бұрын кесілген «Лекерова» отбасылық денсаулық орталығының ұжымы ұстанған қағида. Медициналық мекемеге дәрігер-педиатр, денсаулық сақтаудың жоғары санатты ұйымдастырушысы, сала ардагері Орынтай ЛЕКЕРОВА басшылық жасайды.

 

Тиісті лицензияға сәйкес медициналық көмек көрсетіп келе жатқан отбасылық денсаулық орталығы 2006 жылдың ақпанынан бері фармацевтикалық қызметпен де айналысады. Бұдан бес жыл бұрын денсаулық сақтау саласындағы стандартқа сәйкестіктің ұлттық аккредиттеу рәсімінен сәтті өтті. Денсаулық сақтау саласындағы басым бағытты жергілікті деңгейде дамытуға өзіндік үлес қосқан ол тегін медициналық көмектің кепілді көлемін толық көрсетеді.

Отбасылық денсаулық орталығында дәрігерге дейінгі кабинетті, сырқатты қарайтын, ем-дом қабылдайтын, екпе жасайтын, қақырық жинайтын, химиялық талдау жасайтын бөлмелерді, жалпы тәжірибені меңгерген дәрігер мен педиатрдың қызметін қамтитын телімдік құрылым бар. Тіркеу орны, статистика және талдау, функциональдық диагностика, физиотерапия, аурудың алдын алу және әлеуметтік жәрдем, ультра дыбыспен зерттеу кабинеттері, күндізгі стационар, зертхана қосалқы-диагностикалық бөлімшеге біріктірілген.

Баланы дамыту бөлмесі барлық қажетті жабдықпен қамтамасыз етілген. Ойнататын бұрыш, бейнепроектор, экран, баланың дамуы мен есту қабілетін айқындайтын жабдық жиынтығы, компьютер, ақпараттық материал бар, жұмсақ жиһаз қойылған. Орталық жанында жас ана, отбасын жоспарлау, жүктіліктен сақтандыру, аяғы ауыр анаға ақыл-кеңес беру мектебі жұмыс істейді. 8 дәрігер мен 36 орта буын медицина қызметкері, ұзын-ырғасы 52 адам орталықта тіркелген 9549 тұрғынға білікті қызмет көрсетеді.

– Біз жүргізген жұмыстың нәтижесі адамның аурудан қайтыс болуын азайтумен, ана өлімі мен нәресте шетінеуін барынша болдырмаумен, аурудың алдын алумен, жұртқа жоғары кәсіби тұрғыда білікті медициналық қызмет көрсетумен өлшенуге тиіс. Атамыз қазақтан «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген, тағылымды тамаша сөз қалған. Орталық ұжымы осыны басшылыққа алады, — дейді мекеме басшысы.

Өз тілшімізден.

СӘТБАЕВ қаласы.