Қарағанды

НҰРБЕКОВ және оның командасы

Мамандықтың бәрі жақсы деп жатамыз. Соның қастерлісі дәрігер болса керек. Оны бүгінгі өміріміз көрсетіп отыр. Әлемді жаулап жатқан індетке қарсы тұрғандар, негізінен Гиппократ антын қабылдағандар. Адам жанына араша түсеміз деп өздері шейіт кетіп жатыр. Сондықтан, оларға деген қоғамның көзқарасы да өзгерді. «Бақсақ бақа екен ғой» дегендей, бүгінде дәрігердің өзіне арашашы керек.

Қалай дегенде дәрігерді жақтыра бермейміз. Бала кезден. Ақ халаттыны көрсек, қыр асып кетер едік. Өйткені, олар ауыртады, екпе егеді, ота жасайды, тісіңді жұлады.

Бала кезден дәрігер болам деушілер некен-саяқ болса, басқа себебі жоқ деп білем. Бірақ, Айдын емес. Ол бала жасынан білді. Өзінің кім болатындығын. Өйткені, оның әкесі Аманжол Нұрбековтің есімі көпшілікке белгілі. Ол ағамыз елімізде кіші медицина қызметкерлерін даярлауда өлшеусіз еңбек сіңірді.

Расында да, Жаратушы адамды кемел қылып жаратты. Басы артық ештеңесі жоқ. Алайда, оташылар тауып жатады. Тапқанын кесіп жатады. Артық деп…

– Бүгін ота да, оташылар да керек, – дейді елімізге белгілі проктолог-оташы Айдын Нұрбеков.

Айдын Қарағандыдағы облыстық клиниканың колопроктология бөлімшесіне жетекшілік етеді. Колопроктология – Еуропада кейінірек пайда болған ауру түрлерінің жүйесі. Өмірі ат үстінде өткен далалықтар бұл сырқат түрімен ауыра қоймайды. Алайда, экологияның нашарлауы, синтетикалық түзілім негізінде тағам тұтыну біздің қоғамды да осы аурудың алдына жығып беріп отыр.

Колопроктология дегеніміз қазақша ұғыммен айтсақ, тік ішек пен тоқ ішек сырқаттарының диагнозын қою және алдын алумен шұғылдану деген сөз.

Өкініштісі, елдің бәрі бірдей бұл ауруды түсініп қабылдай бермейді. Өткінші нәрсе деп жеңіл-желпі, үстірт қарайды. Содан да олар ауруханаға асқынып барып түседі, отаға ілігіп жатады.

Қазіргі ғасыр дерті деп жүрген онкология сырқатының дені осы колопроктологиямен байланысты. Олай болса, бұл сырқат түрі өзіне барынша сындарлы қарауды талап етеді.

Қарағандымыз экологиясымен мақтана алмайды. Дәл іргеде жатқан Теміртауымыз – күндіз-түні түтін астында. Демек, қарағандылық дәрігерлеріміз бірінші болып «отқа түседі» деген сөз.

Елімізде бүгінде төрт колопроктологиялық орталық болса, соның көшбасшысы – кеншілер қаласында. Бөлімшеде жиырма кереует бар. Жылына мыңға тарта ота жасалады. Және бұл қандай оталар? Ең ауыры – өтіп кеткендері, онкологиялық ісіктермен қатыстылары.

Тік және тоқ ішек ауруларымен терапевт те, гастроэнтеролог та, онколог та шұғылданады. Ал, оларды сылып алып тастайтындар – проктолог-оташылар. Басқалары дәрімен емдейді де, кейінгілері ота жасауға мәжбүр болады.

Сондықтан да, бұл мәселеде аурудың алдын алу – өте маңызды. Халқымыздың ұстанымына қарай, бұл сырқатқа ұшырағандар дәрігерге көрінуді ұят санайды. Оның ішінде, бұл жайт әйелдер арасында жиі кездеседі. Содан да олар асқынып түсіп жатады. Содан да ота көп жасалады.

Бұл бөлімше жиырма төрт сағат бойы көз ілмейді. Мұндағы ота жоспарлауға келе бермейді. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар. Бұл жағынан Айдын мен оның командасы мығым тұр. Мұнда төрт дәрігер қызмет істейді. Бәрі де кәнігі оташылар.

Самат Нұркеев те жоғары сыныпты проктолог-оташы. Ол Солтүстік Қазақстанда облыстық аурухананың ота бөлімін басқарған. Қарағандыға келгеніне он жылдан асып барады. Ол – еліміздің, Ресейдің, ТМД елдері колопроктологтары қауымдастығының мүшесі. Шетелдік ғылыми конференцияларға шығып тұрады. Ол да осы сырқаттың алдын алу бойынша көп еңбек сіңіріп жүр. Бөлімшенің тағы бір оташысы Динара Қалиеваның есімі де көпшілікке жақсы таныс. Ол да ғылым докторы. Қырықтан астам ғылыми еңбектің авторы. Ол да бірқатар қауымдастықтардың мүшесі. Ал Айдынның өзі елге жаңашылдығымен, шешімталдығымен танылып отыр. Ол басқарып отырған ұжым – Орталық Қазақстандағы бірден-бір мамандандарылған мемлекеттік құрылым. Мұнда тік және тоқ ішек ауруы түрлеріне (көтеу, ішек жарасы, артқы өтіс жарықшағы, крон ауруы, тағы басқалары) күрделі оталар жасалады. Бүгінде Айдын Аманжолұлы басқаратын бөлімше оташылары проктологиялық пластикамен де шұғылданады. Бұл – осы саладағы жаңа бағыт, жаңа үдеріс.

Бүгінге дейін ол бес мыңнан астам ота жасаған екен. Мұның өзі бұл аурудың біздің өңірде қандай өріс алып отырғанын көрсетсе керек. Сондай-ақ, ол биологиялық терапия, биологиялық емдеу тәсілдерін қолданысқа берік енгізіп отыр. Мұның өзі – отаға апаратын жолды қиып тастайтын ұтымды әдіс.

Айдын Нұрбеков – ең алдымен оташы, ең алдымен ғалым. Оның есімі бүгінде алыс және жақын шетелде жақсы таныс. Ол – елімізге белгілі оташы С.Лохвицкийдің шәкірті. Сол кісінің жетекшілігімен кандидаттық та, докторлық та қорғады. Проктология пластикасы бойынша.

Айдын ұлағатты ұстаз да. Ол – Қарағанды медицина университетінің профессоры. Осында дәріс оқиды. Олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырады. Самат Айбасұлы мен Динара Кеңесханқызы жөнінде де осыны айтуға болады. Әсіресе, Динара Кеңесханқызының үлкен проктологияға келуі біраз нәрсені шешіп отыр. Өңірдегі әйелдер проктологиясының көрсеткіші едәуір жақсара түсті. Криохирургия да мұнда ойдағыдай енгізілген. Бұл – көтенішектегі түйіндерді суықпен тоңазытып алып тастау деген сөз.

Бүгінде проктологияда Айдын Аманжолұлының араласпайтын саласы жоқ. Ол – өңіріміздегі бес адамнан тұратын оташылар кеңесі мүшелерінің ең жасы.

Өңірімізде бұл бағытта бірқатар жеке клиника жұмыс істейді. Бірақ, солардың бар ауыртпалығы, бар жауапкершілігі – Айдын бастаған командада.

Ал, бұл команда бәріне сақадай сай.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

Басқа материалдар

Back to top button