Олар елді сақтау үшін жүр…
Алты сағат бойы бір тамшы су, бір қасық ас ішпей, ауа өтпейтін кенеп комбинезонмен жүрер ме едіңіз? Жан теріңіз шығып, қара суға малшынып. Тынысыңыз тарылып, кеудеңіз қысылып. Күмәнім бар. Ал, індетпен күрестегі дәрігерлер мәжбүр. Аттай алты сағат шешілмейтін мұның азабын солардан сұраңыз. Ел аман, жұрт тынышта бауыр етіңіз – балаңызды, оттан ыстық отбасыңызды бетпе-бет көріп, құшағыңызға ала алмаудың қасіретін дәрігерден сұраңыз. Өйткені, бұл көзге көрінбейтін күрестің қызыл-ала қырғынын солар ғана жан-тәнімен сезінеді. Күн мен түн тік тұрып, ем-шара жасайтын ақ халаттының кенеп киімімен қажығаннан естен танып құлап, одан қайта ұмтылып, қайта жұмысын жалғастырып жүргенін білесіз бе? Бір кезде әлеужелі деген әлем-жәлем әлемде Қытай халқының індетті жеңген дәрігерлерге құрметі туралы бейнетаспа жұртты кезіп кетті. Сондағы қытайлықтардың лек-лек болған автобустағы дәрігерлерге қолын қусырып, иіліп, бүгіліп ізет көрсетуі – керемет! Көрген адам жылайды. Нешеме ай халқы құмырсқадай құжынаған империяның өзін үрейде ұстаған індетті жеңіп, жеңімпаз атанған дәрігерлер де сонда қоса егілді. Қарашасымен бірге. «Ерлік жасадық» деп емес, «елін аман сақтап қалдық» деп. Сол кезде ұғындық. Бұл індетпен соғыста елдің шебін бермейтін Сардар мен Сарбаз – Дәрігер екенін. Олар қазір ерлік жасау үшін емес, елін сақтау үшін жүр…
Бұған дейін айтқан едік. Індет ел шетіне жеткенде, төтенша жағдай жарияланып, жаппай карантинге кеткенде, көңілдің түкпір-түкпірін қопсытып, көп жайтқа басқаша қарай бастағанбыз. Қым-қуыт тірлікте байыбына бара бермейтін, әншейінде ойлауға мұрша жоқ дүниенің бәрі осы аралықта таразыға тартылды. Біреулері тең түсті. Кейбіреуінің тасы ауып кетті. Қайсыбірінің қадірі артты. Енді бірінікі кеміп қалған. Төтенше жағдайда жаппай жұрт үйді-үйіне тығылғанда ақ халатты дәрігерлер қауымы үйінен безді. Індетпен күресте айлап отбасын көрмей, науқастардың айығуы үшін, тура мағынасында басын бәйгеге тікті. Сол сәтте әлемде дәрігер қауымға ерекше ілтипат, ересен құрмет салтанат құрды. Осы қиын-қыстау кезеңде Дәрігер қауымы ерлік жасады, жасап та жатыр. Бүгінгінің батыры – солар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келешекте дәрігерлер қауымына ескерткіш қою туралы да айтып қалған-ды. Иә, ескерткіш қойылса, қойылғандай. Әрбір науқастың ауруханадан шыққанын қуана хабарлап, әрбір инфекция жұқтырған жерлестеріміз үшін уайым кешкен бұқара да мұны құптайды.
Алғашқы екі айда іштен тынып, барша жұрт тілеулес-тін, рас. Кейін карантин шаралары жеңілдетілген соң көпшілік екі ай бұрынғы алаңды ұмытты. Соның салдарынан қазір аймақта науқастар қатары азаяр емес. Дәрігердің екі жарым ай бойы ұйқысыз түні мен тынымсыз күнінің есесін жауаптылықпен қайтара алма дық, амал не?
Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, індетке қарсы шараларда облыс аймағында 3490 медицина қызметкерлері жұмылдырылған. Қаншама дәрігер қауымы отбасынан жырақ жүр. Айлап, апталап. Мыңдаған медиктер өздерінің осы кәсіби мерекелерін сол жабық ауруханаларда өткізеді. Өйткені, оларға ел денсаулығының күзетін тастап кетуге болмайды. Осы індеттен аман шыққан соң бұрындары буынсыз тілді құлаштап, дәрігерлерді сыбай беретін халықтың енді көзқарасы дәрігерге түбегейлі өзгеруі тиіс.
Шыбын жанын қоярға жер таппай, шүберекке түйіп, дәрігердің алдына барғанда, мыңдаған жанды сақтап қалған қауымға ескерткіш қойылатын кез бүгін. Президент айтқан бастаманы әр аймақтың қолдап, қолпаштап іліп әкететін жері – осы. Қарағанды медицинасы ежелден даңқты. Тамыры өткен ғасырдың 30-40-шы жылдарға барып тіреледі. Сол салынған сара жолды жалғастырушылардың дара ісіне куәміз бұл күні.
Қолда бар деректер, облыста 18 300 медицина қызметкері барын айтады. Оның ішінде, 5501 дәрігер, 12 799 орта медицина қызметкері бар екен. Мұның сыртында сол саланың ыстық-суығын бірге көріп жүрген 4 мыңға жуық шаруашылық-техникалық қызметшілері және бар.
Қарап отырсақ, медицина саласында ел денсаулығының күзетінде жүрген қауымның өзі – бір күш-қуат. Олардың жария етіле бермейтін еңбегі ше? Том-том кітаптарға жүк болары хақ.
Бүгінгі індетпен күрес – бір ғана мысал. Мұндай жан үшін күрес, ажалмен айқас күн сайын.
Бірінші Алла, одан кейін дәрігерден шипа сұрайтын басымызды біз де иіп құрмет қыламыз…
Қызғалдақ АЙТЖАН.