ЖаңалықтарРесми

Екі мың түп қарағай отырғызылды

Бүгін Қарағанды қаласындағы Федоров су қоймасының маңында, «Бүкіләлемдік тазалық күні» аясында, “BIRGE – TAZA QAZAQSTANакциясы шеңберінде экологиялық сенбілік өтті. Ауқымды акция аймақтың барлық қала, ауданын қамтыды.

Сенбілікке қатысқандар қатарында мемлекеттік орган мен кәсіпорын өкілдері, табиғат жанашырлары, волонтерлік ұйымдар, қоғам қайраткерлері және жергілікті тұрғындар болды. Акция аясында Федоров су қоймасының  жағалауы тұрмыстық  қоқыстан тазартылды. Жиналып қалған қатты қалдық бөлек сұрыпталды. Аумаққа 50 түп жас қарағай отырғызылды. Енді, бұл ағашты қалалық мәдениет және демалыс саябағының қызметкерлері күтіп, баптайды. Ал, бүгін облыс бойынша жалпы, 2 мың түп қарағай отырғызу жоспарланған.

 – Шара Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасымен, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен өткізіліп отыр. Әр учаскеде адам саны шектеулі мөлшерде 30 адамға дейін, гигиеналық талапты сақтай отырып жүргізілуде. Қоқыс тазаланумен қатар, сұрыпталады. Одан түскен қаражат қайырымдылық шарасына жұмсалады. Облыста былтырдан бері анықталған 1081 стихиялық қоқыс алаңы тазартылды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады, – деді Қарағанды облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.

Сенбілікте 4,5 мыңнан астам адам белсенділік танытты.

Акцияның мақсаты – қоршаған орта мен қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау үшін азаматтардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға түрткі болу. Табиғатты қорғауға қатысты жаңашыл көзқарасқа баулу.

Аталымыш акцияны Қарағанды облыстық экология департаменті ұтымды ұйымдастырып отыр. «World cleanup Day» (Бүкіләлемдік тазалық күні) акциясы елде 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button