Білім

«18 жастан асқан студенттер вакцина алуға – міндетті»

Nur Otan партиясы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында жаңа оқу жылындағы өзекті мәселелер талқыланды. Жиында Кеңес төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА жаңа оқу жылында санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып офлайнға ауысу керектігін атап өтті.

Педагогтар мен қызметкерлерді 100% вакциналаумен қамтамасыз еткенде ғана мектептер дәстүрлі оқыту форматына көше алады. Мектепте іс-шараларды өткізуге, үзіліс уақытында оқушыларды басқа сыныптарға көшіруге тыйым салып, асханада тамақтану барысына бақылауды күшейту қажет. Жоғары оқу орындарына келсек, 18 жастан асқан студенттер де вакцина алуға – міндетті. Болмаса қашықтан оқытуға ауыстыру керек, – деді бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов.

Ал, Кеңес мүшесі, «Республикалық физика-математика мектебі» КЕАҚ басқарма төрағасы Ғабит Бекахметов: «Оқушыларды бастауыш, орта және жоғары мектеп блоктарына бөлу қажет. Коронавирус анықталған жағдайда, карантинге бүкіл мектеп емес, нақты блок жабылады. Білім беру мекемелерінің басшыларына оқушыларды физикалық түрде бөлуге қатысты нақты ұсыныстар беру қажет. Мәселен, олардың үзіліске шығатын уақыты ғана емес, әр блокта сабақ басталатын және аяқталатын уақыт та әртүрлі болғаны жөн, – деді ол.

Отырыс қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігі оқушылардың ұзақ уақыт онлайн форматта оқуына байланысты болған олқылықтардың орнын толтыру үшін кешенді бағдарлама қабылдауға қатысты бірқатар ұсыныстар әзірледі. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері педагогтардың тапшылығын техникалық мамандарды тарту арқылы шешуді ұсынды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button