Жаңалықтар

Бір бәйге – үш лауреат

Жақан бауырым туралы жазуға отырғанда ойыма 1985 жылдың көктемі, сол кездегі ару астанамыз Алматы қаласында өткен шығармашыл жастардың «Жігер-85» республикалық фестивалі түсті. Мен Целиноград инженерлік-құрылыс институтында дипломдық 3 айлық дайындыққа келген бетім еді. Аяқ астынан радиода істейтін досым Ескермес ИМАНБАЕВ хабарласып, «сен бүгінгі «Лениншіл жасты» оқыдың ба? Алматыда сәуір айының аяғында республикалық байқау өтеді екен, ішінде домбырамен дәстүрлі ән орындау номинациясы бар, бағыңды сынап қайтпайсың ба?», деп трубканы қоя салды.

Жүгіріп Халық шығармашылығы үйіне бардым. Қалалық іріктеу өтіп кетіпті, номинациялар толық, «сізді қабылдай алмаймыз» деп сыпайы шығарып салды. Ал, менің есіл-дертім Алматыға барып, әншілік бағымды сынау. Қайтадан Ескермеске телефон шалдым. Қашан да асып-сасуды білмейтін Есағам: «Әй, Серік, сен несіне абыржисың?! ЦК ВЛКСМ-да идеология бөлімін ағаң Назымбек Боқаев, ауыл шаруашылық бөлімін Батырхан Жанатов басқарады, соларға бар, далаға тастамас» – деді.

Ертесіне ұшақпен Алматыға таң қылаң бере жеттім. Назымбек ағам мені тыңдап болып, селектормен бір қызметкерді шақырып, конкурсанттар тізіміне қосты. Қонақ үйден орын бекітіп, қолыма фестивальдің бағдарламасы мен шақыруын ұстатты да: «Болды, Целиноград инженерлік-құрылыс институтының студенті болып қатысасың, енді қалғанын өз бағыңнан көр!», – деп арқамнан қағып, шығарып салды. Дәстүрлі әншілер жиналатын ұйғыр-корей театрына келсем, көрермендер залында қаптаған адам, айырып болмайды. Ішінде Мәдина Ералиева мен жас әнші Сәуле Жанпейісова құдашамыз жүр. Бір кезде оң жақ қапталдан: «Әй, Секіш, біз мұндамыз» – деген дауысқа жалт қарасам, Ғалым Мұхамедин ағам ыржиып тұр, жанында Жақан, Жақсыкелді Кемалов інім, ой, қуанғаным-ай.

Сол кезде «Ленинская смена» газетінің жауапты хатшысы, кәсіби журналист Бақтыбай Жұмаділдин ағамыз келе қалып, бізді көріп, жанында фотографы бар екен, үшеуімізді суретке түсіріп алды. Комиссия төрағасы Жәнібек Кәрменов екен, келіп, жеребе тарттырды. Ғалекең – 16, мен – 18, Жақан 20-шы номермен шығатын болғанымызды сәттілікке ырымдадық.

Бақтыбай аға: «Сендер қонақ үйді ұмытыңдар, мен таяуда қызметтен 2 бөлмелі жаңа пәтер алғанмын, біздің үйде боласыңдар, сонда дайындаласыңдар», – деп үйіне ала жөнелді. Сапура жеңгеміз де иманжүзді адам екен, жаны қалмай 3 күн бойы құрақ ұшты.

Мұның еркін ақылдасып, репертуар таңдауымызға өте үлкен пайдасы тиді. Бәріміздің «Екі жиренді» айтқымыз келеді. Әңгімеге Бахаң араласып: «Сендер бір әнді қайталап бір-біріңе конкурент болмаңдар, әр түрлі ән орындаңдар», – деді. Сонымен «Екі жирен» Ғалекеңе, маған «Ғайни», Жақанға «Қызыл асық» бұйырды.

Ертеңіне ән додасы басталып кетті. Әр әншінің бағын ашатын бойтұмарындай әндері болады ғой. Құдайшылығын айтсам, дәл сол уақытта Қайрат ағадан кейін «Қызыл асық» пен «Айбозымды» жетесіне жеткізіп орындайтын біздің Жақан ғана болатын. Оның дәлелі «Қызыл асықты» шымкенттік Құрманғазы деген жас әнші 17 номерде Жақанның алдында ғана сәтті орындап шыққан еді. Жақан домбыраны безектетіп алды да «О-оу, илал-ла, илалла» деп кіріспесін бастағаннан көрермендер ду етіп көтеріп әкетті. Міне, әншінің құдіреті, кәсіби шеберлігі, табиғи таланты осында жатса керек. Ал, Құрманғазы әнші болса сол турдан құлап кетті.

Үш күнге созылған ән додасына қатысқан 48 әншіден: Мәдина Ералиева, Ғалым Мұхамедин, Серік Оспанов, Жақсыкелді Кемалов, Сәуле Жанпейісова, Дүйсенбек Өміралиев лауреат атандық. Бұл кезде Қайрат ағамыз гастрольде екен, конкурс біткен күні келіп, қуанышты хабарды естіп, бізді үйіне шақырды. Мол қолды Рәш жеңгеміздің дастарханынан сары майдай сақталған соғымның дәмін татып, «Әй, айды бір аспаннан шығардыңдар!», деп қуанған Қайрат ағамыздың ақ батасын алдық.

Конкурс біткен күннің ертеңіне Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде жолығып, Жәнібек аға үшеуімізге біраз ақыл-кеңес айтты. Сол жерде бірінші рет Жәкеңнен Арқа сал-серілерінің атасы Сегіз сері деген бабамыз болғанын естідік. Сол сәттен бастап мен Сегіз сері бабамыз туралы деректер жинауға кірістім. Сегіз серінің шекпенін тауып музейге өткіздік.

2018 жылы Сегіз серінің 200 жылдығына орай Мұхтар Әуезов атындағы ӘӨИ және Қазақстан Жазушылар одағының рецензияларымен «Сегіз серінің өмірі мен музыкалық мұрасы» атты еңбегім «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында басылды.

Біз үшеуіміз, бір ауылдың ұландары, Ғалым – Жезқазған, мен – Целиноградтан, Жақсыкелді – Қарағанды облысының намысын абыроймен қорғап, ән додасында лауреат атанып, елге жеңіспен, мәртебеміз өсіп, қанаттанып оралған едік. «Лениншіл жасқа» Жүнісбек деген журналист «Жолдамасыз келіп жүлде алған» деген мақала жазды. Оған да биыл аттай 35 жыл толыпты.

Жаңаарқадағы алдыңғы толқын ағаларымыз Игілік Омаров, Оспан Басығарин, Қорабай Есенов, Байзақ Сейілов, Көлмағамбет Нұрмағамбетов, Қайрат Байбосынов, Мыңбай Кемалов, Құдайберген Әйділдин, Жоламан Құлжанбеков, Сағымбай Рахұлы, Аманбай Бейсембаев, Серік Тасубаев, Берік Танауов, Әмзе Аманбеков, Сембі Мұхамединдердің әндерін тыңдап өстік. Олардың әрқайсы өз алдына бір-бір мектеп болатын. Елге гастрольмен келген Жүсіпбек ақсақалдың алдында ән салған Сағымбай ағамызға: «Айналайынау, мұндай өнермен ауылда не ғып жүрсің? Алматыға студияға оқуға кел, шырағым», – дегенін де естігенбіз.

Біздің ауылда Нұрмыш Ожыханов (Дәнештің манерінде), Қайрат, Жақсыкелді Кемаловтар, Алпысбай Тұрсынбеков (күйші), Амантай Жақыпбеков, Қуантай Әубәкіров, Жаролла Ақышев, Амангелді Сәрсенбаев, Серік Көшкінбаев (Роксанаки) сияқты әншілер болды. Бүгінгі Алашқа есімдері әйгілі Аманжол Әлтай мен Қарақат Әбілдина осы ағаларының әнімен тәрбиеленіп өскен ұрпақтар. Ең кереметі, осы ортада әр әншінің өз репертуары бар, бірінің әнін бірі айтпайтын мәрттік болатын. Егер біреу «Қызыл асықты», «Еділ мен Жайықты» сұрар болса, «ол Жақаңның әні ғой» дейтін. Бұл әншілердің өзара бірін-бірі құрметтеу этикасы еді.

Осы арада совхоздың директоры Баян Күжікеновтен бастап, барлық бас мамандар өнерге құштар, әнші азаматтар болғанын айта кету керек. Жалпы киелі өнер – тұқым қуалайтын текті құбылыс. Бұл тұрғыдан алғанда, «Сейдімбектің әулетіне Алланың шарапаты түскен», дер едім. Олай дейтінім: Сейдімбектің Аманбегінен – Әмзе дүлдүл әнші, Ботай буынсыз домбырашы. Сыланнан тараған Ақселеу шертпе күйдің шебері, композитор, этнограф-ғалым. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болса, Ал, Кемалдан тарайтын Мыңбай – сырбаз әнші, Қайрат – әнші әрі театр-кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Жақсыкелді болса – әнші-ұстаз, Қазақстанның мәдениет қайраткері. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде ұстаздық етеді. Сейдімбектің Қасені өнерпаз, ұлағатты ұстаз, баласы Асылхан да өнерден қара жаяу емес. Барлығының өмірлері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық тұлғалар.

Әңгіме басындағы үшеудің біреуі Ғалым Мұхамедин ағамыз қазір әнші-ұстаз, Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, еңбек ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Музыка колледжінде ұстаздық етеді. Осыдан 35 жыл бұрын арқадан Алматыға барып әннен түрен салған үшеуіміз де өз бақытымызды өнерден таптық. Соған мың мәрте тәубе етеміз.

Серік ОСПАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

Басқа материалдар

Back to top button