Білім

Жеңімпаздар марапатталды

«Дарын» мектебінің оқушылары арасында өткен Қазақстан Республикасының Рухани келісім күніне орай эссе байқауының қорытындысы жарияланды. Облыстық дін істері басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған додаға 60-тан астам оқушы қатысқан.

Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстан халқы 1992 жылы 18 қазанда Дүниежүзілік рухани келісім конгресінің бірінші сессиясында Алматы қаласында құрылған «Руэхани бірлік пен келісім күнін» атап өткен. Содан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Сондай-ақ, аталмыш мереке тек біздің мемлекетте ғана емес, әлемнің басқа да елдерінде мерекелік күн қатарына енген. Аталмыш мереке қарсаңында жыл сайын облыс мектептері арасында түрлі шаралар ұйымдастырылады.

– Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізу үшін небір қиыншылықты бастан өткерді. Бабалар тарту еткен жерді, тәуелсіздікті келешек ұрпақ көзінің қарашығындай сақтап, қадірін біліп өссе нұр үстіне нұр. Байқаудың да мақсаты сол еді. Жас ұрпақтың бүгінгі аяқ алысын көріп, қуанып отырмын. Осының бәрі – ұстаздардың арқасы, – деді облыстық дін істер басқармасының басшысы Дулат Халел.

Аталмыш байқауға 9-11 сынып оқушылары қатысты. Үміткерлер «Менің елім – бейбітшілік пен келісім елі» тақырыбында өз шығармаларын ұсынған. Байқауға үш тілде жазылған шығармалар қабылданып, қазылар алқасы әр бағыт бойынша жеңімпаздарды жеке-жеке анықтаған.

– Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Келешек ұрпақты толерантты болуға тәрбиелеуіміз керек. Ал, оқушыға ықпал ететін бірден-бір жан – ұстаз. Ол кісілердің еңбегі – өлшеусіз. Бейбіт күннің астында өмір сүріп жатқан ұрпақпыз. Тәуелсіздікті қадірлейік, – деді «Дарын» мектебінің директоры Ләззат Темірханова.

«Дарын» мамандандырылған мектепинтернатының 10 сынып оқушысы Алима Қанат өз туындысын қазақ тілінде жазған. Бұған дейін ол түрлі облыстық, қалалық олимпиада мен байқауларға қатысып, топ жарған. Ал, өзі «Бұл мен үшін ең бағалы жүлденің бірі» дейді.

– Байқау жайлы ұстазымнан естіп, сол күннен бастап көп іздендім. Түрлі кітаптарды іздеп оқыдым. Себебі, бұл мен үшін жауапты байқау еді. Бүгінгі күніміз – кешегі жан алысып, жан беріскен бабалардың арқасы. Бізге қалдырған мұраны қарашығымыздай сақтау қажет. Өз шығармамды осы мазмұнда жаздым, – деді байқау жеңімпазы.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button