ТӘРТІП – індетке қарсы қуатты қару

Әр кезең өзіндік ауыртпалығымен ерекше. Біздің маңдайға бұйырғаны – коронавирус індетімен күрес. Аты да, заты да белгісіз аурудың бірінші толқынынан бар күшті жұмылдырудың арқасында шықтық. Алда – екінші толқын. Мамандар маусымдық тұмаумен қосылғанда COVID-19 аяушылық танытпайтынын ескертіп отыр. Әзірге, еліміздің бірқатар қалалары мен облыстарында ғана болмаса, жаппай шектеу шаралары енгізілген жоқ. Осы орайда «не маңызды?» деген сұрақ еріксіз туындайды. Белгіленген қарапайым шектеулерді сақтап, өзіңнің де, өзгенің де өмірін сақтап қалу ма, әлде, тәртіпке бағынбай, «өзімбілемдікке» салынып, білгеніңше өмір сүру ме? Індеттен құтылу үшін нені құрбан етуге дайынбыз? Әлбетте, өзіміздің, жақындарымыздың өмірі емесі анық. Коронавирус инфекциясын жұқтырудың алдын алуға қатысты енгізілген талаптар толық сақталса, елімізде карантин енгізудің қажеті болмайды.

 

Бірақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі аймақтық директоры Дорит Ницан «коронавирустың түрлері мен формалары COVID-19 індетінің екінші толқыны жоқ екенін көрсетеді» деп мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, вирус жұқтыру деректері артқан елдермен қатар, науқастар саны төмендеген елдер де бар. Дегенмен, ДДСҰ айтты деп, арқаны кеңге салуға да болмас. Себебі, Дорит Ницанның өзі адамдардың көпшілігі коронавирустың қауіпті ауру екенін сезінбейтінін алға тартты. Ресми деректер бойынша, әлем халықтарының 5%-ы осы инфекцияға шалдыққан, яғни, 38 миллионнан астамы вирус жұқтырған. Бірақ, осы 5% қатты зардап шегетінін, өмірлеріне қауіп төніп тұрғанын, тіпті, жұғу қаупінің жоғары екенін ескерсек, індетпен жұмыла күрескенде, темірдей қатаң тәртіп болғанда ғана шығынсыз шығуға болатынын көреміз. Оның дәлелі – ондық қатарынан шыққан Қытай.

Қазірдің өзінде әлемнің 216 елінде COVID-19 жұқтырғандар – 39 171 352 адам. Індет басталғалы коронавирус инфекциясының салдарынан 1 106 852 науқас қайтыс болған. Одан бөлек, сарапшылар бұған дейін инфекцияға төзімді делінген балалар мен жасөспірімдер де «ковидпен» жиі ауыра бастағанын да хабарлайды. Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов та жаңа оқу жылының басынан бері елімізде 184 оқушы коронавирус жұқтырса, оның 73-і кезекші сыныптардың оқушылары екенін айтады.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «ТМД елдерінде инфекция жұқтырғандар саны Қазақстанға қарағанда 11 есе жоғары» деген болатын. Соған қарамастан, Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус бойынша қызыл аймаққа енді.

– Соңғы уақытта біз Нұр-Сұлтан қаласының қызыл аймаққа кіргенін көріп отырмыз, мұнда репродуктивті деңгей бүгінде 1,26 құрады. Бұл – алаңдатарлық фактор болып табылады, – дейді министр. Дегенмен, Елордадағы жағдай соншалықты күрделі емес екенін де айтуда. Қалада жағдайды тұрақтандыру үшін белгілі бір шараларды күшейтуге шешім қабылданған. Бұл аурудың асқынбауына ықпал етуі тиіс.

Ал, жұқтыру жағдайы бойынша Нұр-Сұлтаннан кейін екінші орынға шыққан Алматыда қарантин шаралары күшейтілді. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қол қойған қаулы бойынша бұқаралық іс-шараларға тыйым салу сақталып, караоке, түнгі клубтар, кинотеатрлар, фудкорт және тағы сол сияқтылары жұмыс істемейді. Одан бөлек, бизнесмендер қызметкерлердің 30 пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруы тиіс. Жолаушылар ағынын азайту мақсатында қоғамдық көлік те көбейтіледі.

Елімізде бұған дейін қатаң карантин шаралары енгізілген Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят аталмыш облыстардағы эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда екенін айтады.

– Коронавирустың таралуына тест-зерттеулердің көптеп жүргізілуі, халық миграциясы және шекаралық қарым-қатынастар себеп болып отыр. Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы аурушаңдық министрліктің қатаң бақылауында, – дейді Ажар Ғинаятқызы. Облыстардағы эпидемиологиялық жағдайды одан әрі ушықтырмау мақсатында әрбір ауру шыққан жерде шектеу шаралары күшейтілуде.

Мәселен, Солтүстік Қазақстандағы Булаев қаласы жаппай инфекция жұқтырудың алдын алу үшін карантинге жабылған. Бейресми тасымалдаушыларға жолаушылар тасымалына тыйым салынып, сағат түнгі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін тұрғындардың үйден шығуы шектелген. Қалған уақытта дүкенге, дәріханаға баруға – рұқсат.

Қарағанды жұқтыру жағдайы бойынша өзге облыстармен салыстырғанда 11-орында. Тіркелген жағдай – 10 376.

Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтың дені «Коронавирус індетінің екінші толқыны бола ма?», «Карантин енгізіле ме?». Жауабы сіз бен бізге байланысты. Әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағуды әдетке айналдырып, Қытай тәрізді қатаң тәртіпке бағынар болсақ, ұтылмасымыз анық.

Салтанат ІЛИЯШ.