Руханият

Бүгінгі күннің талабы

Елімізде латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылған. 1940 жылы 13 қарашада қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы жарлық шықты. Сол әліпбиге жақын жылдары оралуымыз мүмкін. 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіру жұмыстары қолға алынуда. Бұл – ұлт болып шешуіміз тиіс мәселе.

Тілдері – ұқсас, діні – бір, түбі – ортақ түркі тектес елдер осы күнге дейін әртүрлі әліпбимен жазып келеді. Латын әліпбиін пайдаланатын түркі тілдес мемлекеттердің жазуы да бір ізге түспей келеді. Егер, барлығына ортақ әліпби құрастырылса, түркі мемлекеттерінің тарихи, рухани, мәдени байланыстарының нығаюына, ынтымақтастыққа, өзара интеграцияға алып келер еді.

Ең бастысы – жаңа әліпби төл дыбыстарымыздағы ерекшеліктердің сипатын нақты көрсете алатындай, қазір қолданып жүрген артық әріптерден құтылатындай, яғни, орфографиялық заңдылығымыздың табиғатына сай болуымыз керек.

Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді. Яғни, ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашады.

Қазір бәріміздің көзіміз ашық. Бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде еркін үйреніп алып жатқанда ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бізге көп қиындық әкелмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылған. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

Қазақстанның кириллицаны тастап, латынға көшуі – көршіміз Ресеймен достық байланыстан бас тартуы деген сөз емес. Бұл – тәуелсіз елдің ішкі ұлттық мәдени мәселесі. Ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – латын графикасы. ХХI ғасыр – ақпарат ғасыры. Біз, қазақ елі әлемдегі өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылып, ұлт ретінде сақталып қаламыз десек, әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы.

М.НАРОВА,

№102 мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button