Руханият

«Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

«Қазақстанның Құрметті журналисі», «Қазақстанның мәдениет қайраткері», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ұзақ жылдар облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Қарқаралы ауданындағы меншікті тілшісі болған Мақсым ОМАРБЕКОВТІҢ туғанына 80 жыл толды. Қазақ журналистикасының қара нары атанған қайраткер тұлғаны еске алу Қасым АМАНЖОЛОВ атындағы орталықтандырылған кітапхананың ұйымдастыруымен онлайн-форматта өтті.

Шараға Мақсым ағаның қаламгер замандастары, аға мұрасын зерттеп жүрген талғампаз оқырмандары қатысты. Әділдік пен адалдықты ту еткен аға жайында аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы лебізін білдірді. Кітапхана директоры Бағдат Бейсенова журналистің өмір тарихына кеңінен тоқталды.

Ұлтын жан жүрегімен сүйген, елдік пен ерлікті тереңнен толғаған арда азаматты еске алу шарасына тарихшы, журналист, профессор Зарқын Тайшыбай, белгілі жазушы Кәмел Жүністегі, ақын Серік Ақсұңқарұлы, заңгер, аудармашы Марат Азбанбаев, жазушы-журналист Ермек Балташұлы, «Қарқаралы» газетінің редакторы Рымбек Смағұлов, тарихшы Әділет Жағыпар қатысып, жазушы-журналист жайында естеліктер айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Шара барысында ұлтын сүйген азаматтың қайраткерлігі, ел мен жер тағдыры дегенде жанып түсетін патриоттығы сөз болды. Мақсым Базарбайұлының журналистік шеберлігі, азаматтық қадір-қасиеті мен еселі еңбегін жан-жақты қозғаған қатысушылар жасынан қайсарлығымен көзге түсіп, сол кездегі мәселелерді қаймықпастан көтерген батылдығын да тамсана жеткізді.

Әке мұрасын жинап, оқырмандарына тарту етіп жүрген Мақсат Мақсымұлы асқартауын ардақтап, еске алып жатқан азаматтарға алғысын білдірді.

Мақсым аға халықаралық Семей-Невада атом бомбасына қарсы қозғалыстың аудан бойынша төрағасы болып, біраз мәселелердің шешілуіне елеулі ықпал етті. Аудан орталығын ауыстырамыз дегенде де Мақсым аға бас болып, қарсы болған еді. Өжеттігі болар, «Жас қазақ» ұйымын құрып, оқудан да қуылды. Саналы ғұмырында ел есінде қаларлық тағылымды дүниелер жазып, игілікті іс тындырған Мақсым аға туралы естеліктер легі таусылар емес, әрі ескірмейді де. Себебі, ол елдің «жырын жырлаған» азаматы, халықтың мұңын мұңдаған жанашыры болды. Өресі биік ұрпағы, еңбегін бағалайтын халқы, ойлы оқырманы, «Ұстазым» деп ардақтайтын шәкірттері барда Мақсым ағаның есімі мәңгі жасай береді.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button