Меморандум игілігі

Биылғы жылы «АспектСтрой» ЖШС Жаңаарқа ауданының М.Жұмажанов ауылдық округі аумағында озық технологияларды қолданып, өндіріс қалдықтарын жою және қайта өңдеу кешенін іске қосқан болатын. Жуырда ауылдық округ әкімдігі мен аталған серіктестік арасында елді мекенде экологиялық жақсарту және тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі арттыруға септесу жөніндегі өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған еді.

Сөзіне берік, ісіне мығым серіктестік басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ұстанымын негізге ала отырып, аталған меморандум аясында көпшіліктің көңіліне жағымды іске жедел кірісіп кетті. Соның нәтижесінде, ауылдық округ әкімдігінің ұсынысына сәйкес, ауылдағы көпбалалы отбасыларға материалдық көмек көрсетілді. Әлеуметтік қолдауды қажетсінетін көпбалалы отбасылар алдағы қыс маусымына қажетті көмірмен және жылы киімдермен қамтамасыз етілді.

Серіктестіктің басшысы Мерлен Мұхамедияров компанияның бұдан арғы кезеңдегі даму деңгейіне сәйкес, жергілікті тұрғындардың қоғамның қолдауына мұқтаж өкілдеріне әлеуметтік көмек көрсету үрдісі жалғасын тауып, аумақтағы әлеуметтік тұрғыдағы маңызды жобаларға ынталы түрде қатыса беретінін мәлімдеді. 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

ЖАҢААРҚА ауданы.