Дәстүрлі әндер байқауы

Біз кейде «Дәстүрлі әндерді, әншілерді керек қылмаймыз. Оларға насихат жоқ» деп асыра сілтеп жібереміз. Мүмкін теледидарда насихат аздау шығар. Бірақ, аймақтарда дәстүрлі әндерге, дәстүрлі әншілерге арналған республикалық байқаулар өтіп тұрады. Атап айтсақ, Жүсіпбек Елебеков, Мәди Бәпиұлы, Нартай Бекежанов, Тайжан Қалмағамбетов, Әсет Найманбаев, Әміре Қашаубаев , Мұхит Мерәліұлы, Ғарифолла Құрманғалиев, Естай Беркімбайұлы атындағы және тағы басқа республикалық байқаулар өз кезегімен өткізіліп тұрады. Бүгінде үлкен өнер сахнасында жүрген біраз әншілер сол байқаулардан түлеп ұшқан. Олардың алды музыкалық білім беретін оқу орындарда дәріс беріп, қаншама талантты шәкірт тәрбиелеп, баулып шығарды. Бұл байқаулардың барлығының мақсаты бір. Атадан балаға мұра болып қалатын ән өнерімізді келесі ұрпаққа жеткізу, ән өнеріндегі тұлғаларымызды насихаттау және халыққа жаңа есімдерді, жас таланттарды таныстыру. Біз бүгін дәстүрлі ән төңірегіндегі байқауларға қысқаша шолу жасамақпыз.

Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқауы. Дәстүрлі ән өнеріне арналған байқаулардың ең алғашқысы осы десек те болатын шығар. Себебі, бастауы 1980 жылда жатыр. Айтпақшы, аталмыш байқаудың ең алғашқы лауреатының атын білгіңіз келе ме? Онда, мына жолдар тек сіз үшін жазылып отыр. Әміре Қашаубаев атындағы ән байқауының алғашқы жеңімпазының есімі – Бақыт Үдербаева. Бұл кісі қазіргі таңда дәстүрлі ән төңірегіндегі беделді тұлғалардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. 2018 жылы, қазан айының 17-21 аралығында Өскемен қаласында Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестиваль өткен болатын. Атақты әншінің 130 жылдығына арналған бұл фестиваль көп дүниелерді қамтыды. Жұртшылыққа «Әміре» көркем фильмі көрсетіліп, фильмде ойнаған актерлермен кездесу өтті. Фестиваль аясында дәстүрлі әншілер конкурсы да қалыс қалмады. Ал, негізі Әміре атындағы ән байқауы Елордада тұрақты түрде өтіп отырады. Биыл, яғни, 2020 жылы бұл байқау онлайн түрде өтті. Үміткерлер белгілі бір әнді орындап, видеосын ұйымдастырушыларға жіберді.

Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық байқауы. Көптеген республикалық ән байқаулары әуелі облыстық дәрежедегі байқаудан бастау алған. Мұхит бабамызға арналған байқаудың тарихына көз жүгіртсек, алғаш рет 1981 жылы облыстық байқау ретінде ұйымдастырылған екен. Дәстүрлі ән байқауларының бір ерекшелігі әр үш жыл немесе әр бес жыл сайын аталып өтіп отыратындығында. Мұхит Мерәліұлы атындағы байқау әр бес жыл сайын ұйымдастырылады. Мәселен, 2016 жылы Орал қаласында Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған республикалық байқау өткен болатын.

Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық байқауы. Дәстүрлі әншілердің айтуына қарағанда Қарағанды қаласында өтетін бұл байқау – ең бәсі жоғарылардың бірі. Себебі, бұл байқауға аймақтық байқауларда оза шапқан, жүлдеден жүлде қоймаған, кілең ығай мен сығайлар қатысады екен. Солай болса, солай шығар. Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов, Құрмаш Ыбышев, Ержан Базарбеков, Ардақ Исатаева, Қарақат Әбілдина секілді танымал әншілер осы байқаудың алғашқы қарлығаштары десек қателеспейміз. Негізгі бастауы облыстық байқау дәрежесінен басталған. 1994 жылдан 1998 жылға дейін облыстық байқау болған бұл сайыс сол кездегі Қарағанды облысы Мәдениет басқармасының басшысы Рымбала Омарбекқызының ат салысуымен 1998 жылы Мәдениет комитетiнiң шешiмiмен республикалық деңгейде өткен екен. Бұл конкурстың алғашқы Гран-при иегері – Сержан Мұсайын.

Тайжан Қалмағамбетов атындағы республикалық байқауы. Басқа байқауларға қарағанда «жас» деп айтуымызға әбден болады. Әуелгіде аймақтық деңгейде ұйымдастырылатын бұл байқау, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында Сәтбаев қаласында бірінші мәрте республикалық дәрежеде аталып өтті. Тайжан бабамыздың мұрасының бүгінге жетуіне тікелей мұрындық болып жүрген бірден-бір адам, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин ағамыз.

Естай Беркімбаев атындағы республикалық байқауы. Махаббаттың символына айналған «Қорлан» әнінің авторына арналған бұл байқауды Павлодар қаласы дәстүрлі түрде 2004 жылдан бастап өткізіп келеді. Қандай байқау болса да, үміткерлердің ішінен бір таланттың суырылып шығары анық. Мәселен, бесінші мәрте өткен байқаудың жеңімпазы Өзгеріс Шерікбай атты жас талантты бүгінде республикамыздың түкпір-түкпіріндегі ән сүйер қауым жақсы таниды.

Мәди Бәпиұлы атындағы республикалық байқауы. Қарағанды қаласында өтетін бұл байқау талай әншіге бағын аша білді. Аталмыш байқау 2005 жылы Мәди Бәпиұлының туғанына 125 жыл толуына орай, ең алғаш рет республикалық дәрежеде ұйымдастырылған. Алғашқы бас жүлдегері – Құрмаш Ыбышев.

Әсет Найманбаев атындағы республикалық байқауы. Шығыс Қазақстан облысында өтетін бұл байқаудың дәстүрлі әншілер арасында алар орны ерекше. Шығыстан шыққан талай әншілердің елге танылуына тікелей әсері бар. Қаншама жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан байқаулардың бірі.

Р.S. Бұл тізімдегі ән байқаулары дәстүрлі әндерді дәріптейтін әндердің басы мен соңы емес. Болашақта бұл байқаулардың аясы одан әрі кеңейіп, телеарналардан көрсетілмесе де, басқа ресурстар арқылы байқау барысын тікелей эфирден тамашалау мүмкіндігіне де ие болып қалармыз. Не десек те ғылым мен технологияның дамып жатқан заманында өмір сүріп жатырмыз ғой…

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.