Облыс әкіміРесмиСпорт

Құрметті достар!

Барлық спортшыларды, жаттықтырушыларды, белсенді және салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтарды Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Спорттың адам өмірінде алар орны ерекше. Қазіргі біздің басты міндетіміз – әр қала мен ауылда спортпен және дене шынықтырумен шұғылдануға жағдай жасау.

Біз дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, бассейндерді, спорт алаңдарын салуды жалғастырудамыз. Алдағы екі жыл ішінде аймағымызда 15 ірі спорт нысаны ашылады. Атап айтқанда, Қарқаралы мен Теміртауда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Қарағандыда үлкен және үстел теннисі орталықтары келушілерге өз есіктерін айқара ашады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында Жезқазған мен Шахтинск қалаларында спорт нысандары, Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында, Нұра ауданының Нұра ауылында бассейндер, Ұлытау ауданының Ақтас, Қарсақбай және Жезді кенттерінде денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. 14 спорт мектебіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде спорт кешенінің құрылысы басталды. Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында спорт мектебі жөндеуден өткізіледі.

Меценаттар есебінен Пришахтинскіде бассейні бар спорттық-сауықтыру кешенінің, Қарағанды қаласында Қ.Байшолақов атындағы спорт кешенінің, сондай-ақ барша қарағандылықтардың сүйікті орнына айналған Триатлон саябағының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Қарағандыда футбол манежін, ипподром, күрес орталығын, Жезқазғанда ескекшілер базасын, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында спорт кешенін салу жоспарлануда.

Біз үшін кәсіби спортты дамыту да аса маңызды. Қарағанды облысы – өз өмірін спортқа арнап, еліміздің намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғаған чемпиондарға бай. Бұл күні біз өз шеберлігі, ерік-жігері және табандылығымен жеңіске жеткен спортшыларды атап өтеміз.

Қазіргі уақытта біздің спортшылар Токиода өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысуға сегіз лицензияны жеңіп алды. Біз бұл жолдамалардың көп болатынына сенімдіміз.

Біз өз тарапымыздан спортшыларымызды қолдау үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз. Жақында үздік спортшыларға стипендияны көбейту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, оны алушылардың саны 104-тен 165 адамға дейін өсті.

Дене шынықтыру және спорттың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы зор. Мұның барлығы – ұлт денсаулығының негізі.

Біздің өңірде секцияларда, клубтарда жаттығатын жас өрендерді есептемегенде, спорт мектептерінің өзінде ғана 30 мыңнан астам бала жаттығады. Жыл сайын балалар мен жастар арасында салауатты өмір салтын ұстанушылар көбейіп, чемпиондардың жаңа легі өсіп келеді. Бұл ретте спортшыларымыздың республикалық және халықаралық ареналардағы жетістіктеріне себепкер болып жүрген жаттықтырушыларға айтар алғысымыз – ерекше.

Сіздерді Спорт күнімен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ өмір, табыс және жарқын жеңістер тілейміз!

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,

Қарағанды облысының әкімі.

Серік ӨТЕШОВ,

облыстық мәслихат хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button