АймақҚарқаралы

ҚАРҚАРАЛЫҒА қамқорлық жетіспей тұр

Адам баласы жаһандағы күллі мақұлықтан санасының биіктігімен дараланады. Әйтпесе, интеллект дегеніңіз жануарда да бар қасиет. Бірақ, ақылы кем ұшқан құс пен жүгірген аң мекеніне зиянын тигізбейді. Тіпті, құрт-құмырсқа, бақа-шаян да өз әлемін уламайды. Жаратылыстың заңы солай. Тек, адам, анығында, парасаты кем қоғам табиғаттың жанын жаралайды… Әңгіме туристік әлеуеті зор Қарқаралы өңірінің флорасы мен фаунасы жайында болмақ…

«АРҚАНЫҢ ІНЖУ-МАРЖАНЫ»

«Арқаның інжу-маржаны» Қарқаралы қаласына жақын Жиренсақал, Шаңкөз, Бұғылы сияқты шыңдар мен тау басындағы Шайтанкөл, Астаукөл, жазықтағы Үлкенкөл секілді айдындардан ғана тұрмайды. Бұл өңірдегі Кент, Боқты, Қу тауларының сымбаты мен сыры да ғажап. Олардың бөрікқарағайлы қызыл тастарының аясындағы өзенді, өлкелі алқап тұмса күйінде сақталған. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген арқар, бұлан, сілеусін, жабайы доңыз, мәлін секілді сирек кездесетін жануарлар мекендеп, бүркіт, сұңқар, үкі, сыбырлақ аққу, сұңқылдақ аққу, сұр тырна, ақбас тырна, ләйлек, бұйра бірқазан, бұлдырық секілді құстар ұя салады. Сирек кездесетін өсімдіктерден Қарқаралы бөрі қарақаты, сфагнум мүгі, қырғыз қайыңы, жіңішке көкнәр, көктем жаңагүлі, тұнжыр қызғалдақ тамыр жайған.

Тасбұлақ шатқалында орналасқан табиғат мұражайы – парк мақтаныштарының бірі. Іргесі 1983 жылы салынған екі қабатты ағаш ғимараттың таныстыру залында көптеген сүткоректілер мен құстардың бейнелері орналасса, ботаникалық залда сирек кездесетін өсімдіктер ұсынылған. Мұражай аумағындағы 82 гектар жердегі зоологиялық қоршауда марал, сарық, кербұғы, шудалы қодас, доңыз сияқты жануарларды тамашалауға болады. Бұл сұлулықтың толық атауы – Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркі.

1998 жылдың 1 желтоқсанында құрылған парк Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайды. Құрамына Қарқаралы, Бақты, Кент және Тау орман шаруашылықтары мен Бектауата, Белдеутас зоологиялық қаумалдары кіретін парк Орталық Қазақстандағы жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің негізігі қорын сақтап отыр. Оның аумағында өсімдіктің 800-ден аса түрі өссе, сүтқоректі аңның 50-ге жуық, құстың 234 түрі мекендейді.

Қарқаралы ауданындағы түз тағысы мен қанаттылардың жағдайы туралы «Охотзоопром» мекемесінің солтүстік-шығыс аң шаруашылығы филиалының директоры Мерей Аукешовтің пікірін білдік.

«Біз аң-құсты санағанда Ұлттық парктің аумағын айналып өтеміз. Өйткені, олар өздері жеке мәлімет береді. Жалпы, аудан бойынша соңғы бес жылда аң-құстың өсімі байқалады. Парк қызметкерлері өз атырабын тікұшақпен шолатындықтан, арқардың көбі олардың аймағынан ауып кетеді. Бұл – арқар азайды деген сөз емес. Себебі, Мыржық, Едірей, Арқалық ауылдары маңындағы арқардың саны Орталық Қазақстандағы популяцияның 30 пайызына жуығын құрайды. Біз жүргізген санақ пен бейне есептің негізінде Зоология институты камералды өңдеу жасап, есепке алады. Қазір жабайы жануарлардың Жерұйығына айналған аумақ – қасіретті Семей ядролық полигонының территориясы болып тұр. Мұндағы киіктің саны 8 мың, арқардың әр табыны 200 басты құрайды. Аудан көлемінде браконьерлік фактілері де тіркеледі», – дейді аң шаруашылығының басшысы.

КҮРМЕУІ ҚИЫН ТҮЙІНДЕР

Ұлттық парк басшылығын толғандырған мәселелердің бірі – қарағайлы қара орманның амандығы. Осы тұста олқы соғып жатқан дүниелер жетерлік. Мәселен, былтырғы жылы Бақты орман шаруашылығындағы өрт 2500 гектар жерге жайылды. Боқты тауының солтүстік сілеміндегі қарағайлы алқап отқа оранды. Бұл – қасірет. Өйткені, оның қалпына келуіне ондаған жылдар кетеді. Өрттің дер кезінде ауыздықталмау себебі – орман шаруашылықтарында кардондардың болмауы, не болмаса, олардың материалды-техникалық базасының тозуында.

«Парк кардондармен толық қамтамасыз етілмеген. Бақты орманшылығындағы өрттің жылдам таралуына орманды өрттен сақтау станциясының жоқтығы да басты себеп болды. Орманшылар жиындарын өз үйлерінде өткізуде. Сонымен қатар, заманауи техника мен жанар-жағармайдың тапшылығы да олардың қолын байлап отыр» – дейді парктің табиғат кешендерін қорғау және күзету бөлімінің басшысы Ерболат Құрманғалиев.

Қарқаралы өңірі табиғи қазба байлықтарға толы. Өңірдегі кен орындарын игеріп жатқан «Қазақмыс», «Алтайполиметалл» сынды компаниялардың жұмысына да сын бар. Өйткені, республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз бағытындағы күрежолдың Қарқаралы ауданындағы бір бөлігі технологиялық жолға айналған. Оның бетін қиыршық құмтаспен тегістеу үшін жол бойының әр жері шағын карьерлерге айналған. Ел экономикасына қаржы құйып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған өндіріс орындары керек-ақ. Бірақ, қазылған қазаншұңқырларға рекультивация, яғни, ландшафты қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмейтіні көңілге қаяу салады. Мұнымен парк мамандары да келіседі.

«Парк өз аумағынан екі шақырым сыртқары ғана құзіретті екенін ескерсек, бұл мәселелерді жоғары өкілетті органдар шешуі тиіс. Әрине, мұндай шұңқырлар адамға да, аң-құс пен малға да қауіпті екені белгілі. Біз өз тарапымыздан әрқашан ескертіп отырамыз», – деді Ерболат Құрманғалиев.

Қарқаралы – киелі мекен. Оның жақпар тастары мен қара орманы, айдын көлдері мен Нұра мен Түндікке жан берген ондаған ұсақ өзені – жүздеген жабайы тіршілік иесінің үйі мен ұясы. Сондықтан, осы ғажайыпты болашақ ұрпаққа табыстау сіз бен бізге сын. Өйтпесек, 1940 жылы атылған соңғы аюдың естелігіндей әпсана ғана қалмақ…

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button