Қарқаралы

Ескерілген ел тілегі

Салауатты өмір сүрудің басты шарттарының бірі — бұқараның спортпен шұғылдануы. Елбасы осынау өзекті мәселеге үнемі жіті назар аударып келеді. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда, бұқаралық дене шынықтыру мен спорттық қозғалысты дамыту үшін қажетті алғышарттар жасай отырып, қазақстандықтардың 30%-ын бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту жөніндегі тапсырмасы өзінің ерекше өміршеңдігімен ерекшеленетіні күмәнсіз. Бұл тұрғыда ел аумағында атқарылған айшықты жұмыстар аз емес, қолға алынған әлеуетті әрекеттер де жетіп артылады. Сондай іргелі істің бірі Қарқаралы ауданында жүзеге асуда.

Қазақтың қастерлі мекені – Қарқаралыда аудан халқы көптен күткен спорттық сауықтыру орталығының іргетасы қаланды. Жалпы аумағы 2437,7 шаршы метрді құрайтын жобаның жалпы құны – 640,73 млн. теңге. 320 адамға арналған спорт ғимаратының құрылыс жұмыстарын жүргізу 2018-2019 жылдарға жоспарланған. Бүгінгі күні 132 дана ұңғыма қадалар құйылды. Құрылыс жұмыстарының бастапқы кезеңі қауырт жүргізіліп жатқан спорттық сауықтыру орталығының келешекте ел игілігіне жарайтыны қала халқының қуанышын еселей түскенін атап өткен жөн.

Аталған құрылыс нысанының мердігері – «Наладочный Центр Темиртау» ЖШС. Қазіргі таңда ғимаратқа қажетті инфрақұрылымдарды тарту мен орналастыру жұмыстары оңтайлы жүргізілуде. Су жеткізу желілері мен кәріз құбырлары талапқа сай ретке келтіріліп, электр жүйелері тартылған. Екі қабатты орталық ғимаратының төменгі қабатында бокс шаршы алаңы мен әмбебап жаттығу залы, киім өткізетін орын және жуынатын бөлмелер қарастырылған. Ал, екінші қабатын да, күрес залы, 320 адамға арналған трибуна, сондай-ақ ойын сыныптары орналасатын болады. Осы орайда, биылғы жылы алғашқы құрылыс жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 100 млн. теңге бөлінсе, облыстық бюджет қаражатынан 100 млн. теңге қарастырылғанын айта кету керек.

Елбасы Жолдауында алға шығарылған міндеттер аясында ел тілегінің ескерілуі – елдіктің өлшемі. Мұны біз мақсатты негізде жүздесіп, жаңа құрылыс нысанына қатысты көзқарастарын сұрастырған жергілікті тұрғындардың ой-пікірлері айғақтай түседі.

Әлиасқар ӘБЕУОВ, аудандық жастар ресурстық орталығының дін мәселелері жөніндегі секторының маманы:

  • Өзін-өзі күтіп ұстап, шыныға білетін адам өміршең келетіні белгілі. Табиғатынан болар, Қарқаралы жері – ежелден алыптардың алтын бесігі, аймаңдай асылдарымыздың құтты мекені. Бұл өңірден елді күш-қайратымен тәнті еткен кешегі Қажымұқан, Балуан Шолақтың ізін басқан жолбарыстай қайратты, білекті де жүректі бірқатар спорт майталмандары шықты. Сонау Кеңес дәуіріндегі қазақ күресінен КСРО чемпионы Жәкен Тәтиев, еркін күрестен Әлем чемпионы Серік Алшынбаев пен бапкері Ерсін Жүнісов, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, кәсіби кикбоксингтен екі мәрте Әлем чемпионы Азамат Белгібаевтың есімдерін жерлестері мақтанышпен атайды. Бүгінгі күні солардың ізін басып келе жатқан джиу-джитсуден төрт дүркін Әлем чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұржан Сейдуалидің келешегінен зор үміт күтеміз. Туған елдің туын биікте желбіретіп, айбынды әнұранын асқақтатуға пейілді спортсүйер жас жеткіншектердің ендігі тілегі – жаңадан салынып жатқан спорт кешені құрылысының ойдағыдай аяқталып, қолданысқа берілуі.

Томирис БЕСЕКЕЕВА, Ә.Ермеков атындағы N2 орта мектептің 9 сынып оқушысы, орта кадеттер арасында кикбоксингтен Әлем чемпионы, спорт шеберлігіне кандидат:

  • Иә, спорттық сауықтыру орталығының тезірек іске қосылуы – менің бүгінгі күнгі басты арманым. Біз, яғни, мен және менің қатарластарым спортқа өте құштармыз. Себебі, спорт денсаулық кепілі екендігін жақсы түсінеміз. Сау да салауатты, шымыр да сымбатты болу үшін біз барымызды салып шынығамыз. Ал, өскелең ұрпақтың дені сау болып, мықты спортшылардың өсіп шығуы үшін арнайы спорт орталығын салуға ұйытқы болып отырған ел ағаларына алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қанат ДҮЙСЕМБАЕВ, жас туристер станциясының директоры, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

  • Спорттық сауықтыру орталығының салынуы – мен секілді жаттықтырушылар мен жас жеткіншектер үшін үлкен қуаныш. Келер жылды Елбасы Жастар жылы деп жариялады. Соған орай, орталық жастардың спортқа алаңсыз ден қоюына зор ықпалын тигізбек. Қазіргі жастар – спортқа ынталы буын. Томирис менің оқушым әрі ол секілді спортты бар жанымен сүйетін қарындастарым жетерлік. Талапты, жігерлі, қайсар қыз. Талмай дайындалғанының арқасында толайым жетістікке жетті. Жас жеткіншектердің шағын спорт залдарында дайындалып жүргені айтарлықтай қиындық туғызып отырған жоқ. Дегенмен, заманауи талапқа сай орталықта жаттығу өткізудің артықшылығы көп болары анық

Сағыныш Әбілова,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button