Руханият

Сурет сыры

Әр адамның ішінде сыры, мұңы болмай ма?! Оны біреу өлең шумақтары арқылы қағаз бетіне түсірсе, енді бірі қылқаламмен бейнелеуге құштар. Облыстық бейнелеу өнері музейінде өтіп жатқан көрме осы бір сөздерге дәлел десем, артық айтқандық емес. Мұнда ерекше қабілетке ие мүмкіндігі шектеулі 7 баланың 10 туындысы көрермен назарына ұсынылған. Әр шығарманың астарына үңілсең, суретші өмірінен сыр шертеді…

Мәселен, 13 жасар Настя Асиновскованың салған туындысына назар аударсақ, түнгі көріністі бейнелепті. Көкте жұлдыздар самсаған.Үйінен шыққан жас бала көкке қарап тұр. Жанып тұрған жарықшам, кеудесіндегі кішкентай жүректің сәулесі іспетті. Айналасына шуағын шашып тұрғанын аңғартады. Сәби жүрегінің кеңдігі – бұл. Арманшыл. Мақсатқа қол созған бала көңіл.

– Балалардың суретінен әлемге деген шынайылық пен махаббатты көресің. Олардың мүмкіндігі шектеулі болса да шексіз өмірге деген құштарлығы басым екені туындыларынан байқалады. Қиындықтар мен денсаулыққа қарамастан, әлемге мейірімді, кіршіксіз таза көзімен қарайды, – дейді бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева.

Аталмыш көрмеге Орал қаласындағы есту және сөйлеу, көру қабілеті бұзылған, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп-интернат тәрбиеленушілердің жұмыстары қойылған. Қарағандыдан бастау алған көрме енді республика көлемінде өткізілмек. Ал, шараны жергілікті «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қоры ұйымдастырып отыр. Бұған дейін аталмыш қор бірнеше жыл кескіндеме және бейнелеу өнерін ерекше қабілетке ие мүмкіндігі шектеулі балаларға оқытып келген. Бұл – ұжымның тың бастамаларының бірі екен. Олар балалардың жұмысын жыл сайын көрмелерге қойып, көпшілік назарына шығаруда. Биыл Қазақстанның барлық қалаларының мұражайларына қоюды жоспарлапты.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button