Руханият

«ЖЫР ЖАЛЫН» жалауын желбіретті

Қазір әлем елдері жаңа тарихи кезеңде өмір сүруде. Күнде құбылып жатқан дүниеде таптаурын қасаң қағидадан арылып, мақсатымызды айқындап, жаңа міндеттерді еңсермесек жұтылып кетеріміз анық. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлтты ұшпаққа шығарудың нақты қадамдары айқындалған. Облыстық білім басқармасы мен білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы қолға алған «Жыр жалын» поэзия әлемі әлеуметтік-педагогикалық жобасы сол бастаманың жалғасы іспеттес.

Мектептегі шығармашыл педагогтар мен оқушыларды қолдауды көздейтін «Жыр жалын» поэзия әлемі әлеуметтік-педагогикалық жобасын енгізу арқылы білім беру ұйымдарында оқылым, шығармашылық даму қызметін ұйымдастыруға маңызды рөл беріледі.

Жобаның мақсаты – жас ұрпақты патриотизмге баулу, ұлттық сөз өнерінің тарихымен таныстыру арқылы сананы жаңғырту, дүниетанымын кеңейту, асыл сөздің мәйегі поэзияны жаңа қырынан таныту, өлең оқуда асқақ рухты биік талғам қалыптастыру. Өскелең ұрпақты поэзия әлеміне жетелеп сусындату, қазақ поэзиясының жетістіктерін насихаттау, ұлт поэзиясына жаңа леп әкелген педагог ақындарды анықтау, таныстыру және білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау арқылы педагогикалық шығармашылық ынтымақтастықты қамтамасыз ету.

Жоба авторлары – Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Аңсаған Қазиева, Саран қаласындағы №4 орта мектеп директоры Әділ Жакулаев, облыстық білім басқармасының Жамбыл атындағы мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Какимова.

«Жыр жалын» поэзия әлемі 3 түрлі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – «Қазақ поэзиясы және ұлттық болмыс». Негізгі идеясы қазақ поэзиясындағы ұлттық дүниетанымды таныту арқылы поэзиядағы ұлы тұлғаларды дәріптеу, шығармаларымен таныстыру. Ал, екіншісі – «Сәуле ғұмыр» бағыты. Яғни, қазіргі қазақ поэзиясындағы ақындардың жыр әлемін насихаттап дәріптеу мақсатында әдеби эстафеталар, форумдар, конференциялар, оқулар, кездесулер өткізу.

Үшіншісі – «Поэзиядағы ұстаздар мен шәкірттер үні» бағыты. Негізгі идеясы ақындық таланты бар педагогтар арасында байқаулар ұйымдастыру, ақынжанды шығармашыл ұстаздар мен оқушыларға қолдау көрсету, жырларын газет-журналдар мен жинақтарға енгізуді қолға алу.

Сонымен қатар, поэзия әлемі Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы, бірнеше жылдық тарихы бар «Жыр-Жауһар», «Бота», «Арқа ақындары», «Ұлағат» сынды ірі шығармашылық орталықтармен тығыз қарымқатынаста жұмыс жасамақ.

Жуырда ғана «Жыр жалын» поэзия әлемі әлеуметтік-педагогикалық жобасы облыстың білім беру ұйымдары мен мектептерге таныстырылды. Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Бақытгүл Әбдікерова жоба жас ұрпақтың бойындағы отандық патриотизмді дамытуға, сондайақ жаңа леп әкелген педагог ақындарды анықтау және оларға қолдау көрсету үшін жасалып отырғандығын тілге тиек етті.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button