Дін-діңгек

Дінде зорлық жоқ немесе зайырлы мемлекеттің принципі

Зайырлы мемлекет түсінігі алғаш рет батыста пайда болған. Ол мемлекетті шіркеуден бөлу нәтижесінде қалыптасып, қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттелетін, мемлекеттік органдардың шешімдері діни тұрғыдан шығарылмайтын мемлекеттің сипаты. Зайырлы мемлекет кез келген дінге бейтарап ұстанымда болады. Белгілі бір дінге басымдық берілмейді.

Яғни, ресми дін болмайды. Мемлекет қандай да бір дінге тәуелді болмайды. Дін де мемлекеттен тәуелсіздік сезінеді. Ел азаматтарының ар-ұждан мен діни сенім еркіндігі қамтамасыз етіледі. Бірақ, әр адам өзінің ерікті таңдауымен қалаған дінді ұстануға, тіпті, ешбірін ұстанбауға да құқылы болады. Мемлекеттік білім беру мекемелері, мектептер және құқықтық жүйе қандай да бір діннің ықпалында болмайды. Осы ерекшеліктерді саралай келе «зайырлылық» түсінігінің мынадай сипаттамалардан тұратынын айтуға болады:

бейтараптық (мемлекет пен мектептер),

тәуелсіздік (мемлекеттің діннен және керісінше),

еркіндік (ар-ұждан және діни сенім).

Зайырлы мемлекеттің заңнамасы толықтай немесе ішінара діни нормаларға сәйкес келуі мүмкін, оның зайырлылығы діни түсініктерге қарама-қайшылықпен емес, одан азат болуымен анықталады. Зайырлы елде әрбір адам ешқандай діни институттарға қатыссыз өмір сүруге құқылы.

Мысалы, некені тіркеу және әділ сот жүйесі мемлекеттің айрықша құқығы болып табылады. Сол сияқты зайырлы елде барлық конфессия өкілдері заң алдында бірдей. Діни мерекелер халықтың дінге сенуші бөлігіне қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс күні ретінде бекітілген. «Зайырлы» сөзі араб тілінде «захири» (зайырлы) яғни, «ашық, сыртқы» деген мағыналарда қолданылады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы да өз сөзінде «зайырлы қоғам дегеніміз: толерантты, озық, ашық қоғам» екенін білдірген.

Зайырлылықтың бір ерекшелігі, жоғарыда да атап өткеніміздей, онда дінді ұстануға мәжбүрлік жоқ. Бұған қоса, ар-ождан бостандығы, наным-сенім еркіндігі негізінде әркімнің өзінің қалаған дінін ұстануға еркіндік береді. Яғни, зорлыққа жол бермейді. Жалпы алғанда, ешқашан зорлық, күштеу арқылы ізгілікке қол жеткізу мүмкін емес. Оны діндердегі сенім негіздері де жоққа шығарады.

Мұсылман ғалымдардың айтуынша, діннің рухында ешқандай мәжбүрлеу яки күштеу жоқ. Бұл – Ислам болмысына да жат. Исламда ең бастысы – ерік пен таңдау бостандығы; бұл дініміздің басты қағидасы. Күштеу арқылы жасалған барлық амалдар мен іс-әрекеттер дұрыс болып саналмайды. Асылында күштеу арқылы Жаратқанның жарлығын орындату «амалдар ниеттерге қарай» деген дініміздің қағидасына қайшы. Дін адамдарды мәжбүрлеу яки күштеу арқылы өз қағидасын орнататын жүйе емес. Ол ең әуелі иманды негізге алады. Ал иман – жүрек пен ар тазалығы. Бұған ешқандай мәжбүрлеу өз билігін жүргізе алмайды. Адам баласы бар пейілімен өзі ықылас танытса ғана иман келтіре алады. Осы жағынан келгенде дінде ешқандай мәжбүрлеу жоқ.

Исламдағы негізгі қайнар көздерге көз салсақ, Құран мен сүннеттің зорлыққа, күштеуге не мәжбүрлеуге жол бермейтінін анық көруге болады. «Бақара» сүресінің 256-аятында ашық түрде «Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» делінгені сөзімізге дәлел. Мұхаммед пайғамбарға қарата айтылған аятта «Сенің міндетің тек қана естірту» («Әли Имран» сүресі, 20-аят; «Нахыл» сүресі, 82-аят; «Шура» сүресі, 48-аят) делініп, пайғамбарлық міндет халыққа тек ескертіп, насихаттап айту екені көрсетілген.

Тарихқа қарасақ, мұсылмандар өздері азат еткен аймақтардағы өзге дін өкілдеріне тән ғибадатханаларды қиратпаған, қасиетті жәдігерліктерін жоймаған.

Айталық, христиан шіркеулерін мешітке айналдырмаған. Өзге дін өкілдерінен тек жизия салығын алып, оларға наным сенім еркіндігін беріп, оларды тиісінше жаудан қорғаған. Соғыс кезінің өзінде дін қызметкерлері, әйел, балашаға, бейбіт жандардың өлтірілуіне, ғибадатханалардың қиратылуына, күнкөріс көзі болып отырған егіс алқаптары мен жеміс ағаштарын құртуға рұқсат етпеген.

Бұл туралы алғашқы халиф Әбу Бәкір ибн Кухафаның сахаба Усама ибн Зәйдке «…өздерін ғибадатқа арнаған қауымдарды кезіктірсеңдер, оларды өз жөндеріне қоя беріңдер» деп айтқан өсиеті дәлел. Қара қылды қақ жарған екінші халиф Омар ибн Хаттаб әл үстінде жатқанда:«- Пайғамбар тарапынан қорғалған халыққа (яғни мұсылман емес, өзге дін өкілдеріне) дұрыс көзқараспен қарауды ескертемін. Олармен арадағы келісімге қиянат жасамаңдар. Оларға шектен тыс салық салмаңдар» дегені бар.

Тағы бірде көшеде қайыр тілеп күнін әрең көріп жүрген кәрі бір өзге діннің өкілін көргенде жанашырлықпен қараған Омар ибн Хаттаб (р.а.) «Жас кезінде жизия салығын төлетіп, қартайғанда мұндай күйге түсірген жөн болмас» деп, мемлекет бюджетінен оған арнайы қаржылай көмек тағайындатқан. Зыммилердің құқын қорғау, дінде күштеуге, қинауға, мәжбүрлеуге жол бермеу әділетті халифтардан кейін де мұсылман басшыларға өсиет етіліп отырған.

Дінде алғаш зорлыққа жол бергендер тарихта харижиттер екенін айтуға болар. Харижиттер дінді тым таяз түсіну салдарынан осындай әрекетке барған. Олар өздеріне қосылмағандарды өздеріне жау санап, күштеп, қорқытып өз қатарларына қосқан.

Тіпті өздеріне қосылмағандарды мұсылман болғанына қарамастан шімірікпей өлтіруге дейін барғаны мәлім. Бүгін де зорлық әрекеттері неохарижиттік діни ағымдарға тән. Осы себепті дінге зорлық араласқан уақыттарда ол түрлі бүліктер мен қатігездіктерге жол ашқанын байқаймыз. Ал Исламның мұраты болса бейбітшілік пен сүйіспеншілік.

Бүгінде Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып, дінді ұстану, ұстанбау құқын әркімнің өз еркіне қалдыруда. Бұл зайырлы жүйе кепілдік беріп отырған заңдағы ар- ождан және наным-сенім бостандығы негізінде жүзеге асуда.

kazislam.kz.

Басқа материалдар

Back to top button