Руханият

Ұлт сақталуының негізі – тіл

Ата Заңымызда да «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, жас жеткіншектер мен бүлдіршіндердің бойында тілді дамыту қасиетін ұялату ұстаздар қауымының басты міндеттерінің бірі.

Осындай жауапты міндетті арқалап жүрген Қарағанды қаласындағы №40 негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айсұлу Мұратова бүлдіршіндердің өз ұлттық болмысын танып-білуіне баса назар аударып келеді. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балалардың болашаққа көзқарасы мен өзіне деген сенімдерін нығайту мақсатында, «Айтыстың ақтаңгері» атанған дүлдүл ақын Дидар Қамиевпен онлайн кездесу өткізді.

Кездесу барысында Дидар Жанатұлы жас жеткіншектердің талғамына сай жазылған «Ата-ана қадірі», «Ана туралы» өлең-жырларынан үзінділер оқып, шаттыққа бөледі. Сонымен қатар, «Білім – инемен құдық қазғандай» екеніндігін 1 сынып оқушыларының санасына енгізуге септігін тигізді. Жас та болса айтыста талай биікті бағындырған Дидар Жанатұлына оқушылармен қоса, ата-аналар да дән риза болды.

Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегеніндей, тілімізді, ұлтымыз бен отбасымызды қадірлегендей қадірлейік, сыйлайық. Туған тілімізде жазылған өлең-жырларды оқуға, жас ақындармен таныстырып, білімге, қазақ тілінде сөйлеуге құштарлығын арттыруға атсалысайық!

Ақмарал ТАШПУЛАТОВА,

№ 40 негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button