Руханият

Ұстаз аға

Ұлы Абай «Адамның адамшылығы жақсы ата-анадан, жақсы ұстаздан, жақсы құрбыдан болады» деп айтып кеткені белгілі. Осындай жақсы қасиет, кемелдіктің қазынасы табылып жатса – сүйініш. Жарасып тұрса – мақтаныш. Мен білетін, ардақ тұтар аға Сәтімбек СЛАНБЕКҰЛЫНЫҢ тұла бойы дәл осынау жақсы қасиетке толы. Тіпті, көңіл пернесін баса отырып толқыта толғануға, шалқыта жазуға, мөп-мөлдір шуақты сезім кернеген талай-талай сырларды ағыта беруге болады.

Кешегі ақтаңгер жігіт, бүгінгі атанжілік азамат ниетінің құтханасы – жүрек болса, ақылының құтханасы – бас болып, басып өткен өмір жолында өнегемен өрілген. Мына өмір ағысында көп адамды кезіктіресің. Кейбірінің өзін көріп, өмірбаянын ақтара бастасаң, іліп алар түгі жоқ. Атағы аспандап тұрса да, елі мен жеріне, халқына жасаған қайыры жоқ, әйтеуір бірдеме болып шыға келеді. Сәтімбек аға туралы сөз басқа. Есте қалар естелігі мол өткен күндерге шегініс жасасақ, тілге тиек етер айшықты, ғибратты еңбек жолы ұстаз деген Ұлы есімнің маңызын аша түседі.

Ақтоғай ауданының Қусақ ауылында, Сланбек ақсақалдың шаңырағында шыр етіп өмір есігін ашқан кейіпкеріміз тауға қарап өсіп, тарамдалып аққан бұлақтардан нәр алып, текті жерден жаралған тебінгілі әулеттің ақылмандарының алдын көріп ержетті. 1966 жылы №2 Абай атындағы білім ұясын бітіріп, еңбек жолын Ақтоғай ауданы, ХХІI партсъезд совхозында есепші болып бастады. Араға екі жыл салып Ақтоғайдың №2 мектепке мұғалім ретінде жұмысқа кірісті.

1973 жылы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін математика мамандығы бойынша тәмамдады. Сол жылы жас маман Ақтоғай ауданындағы С.Сейфуллин атындағы мектепке математика пәнінің ұстазы болып қабылданды. 1974-1977 жылдар аралығында Ақтоғай ауданы, ХХІI партсъезд атындағы және С.Сейфуллин атындағы мектептерде директордың орынбасары қызметін атқарды. Талапты жанның талпынысын, іскерлігін көрген аудан басшылары мектеп межесін көтеру мақсатында маманды директорлық қызметке лайық деп таныды. 1977-1999 жылдары Тоқырауын ауданы ХХІI партсъезд атындағы және Абай атындағы орта мектептердің директоры қызметін мінсіз атқарып, талай түлектің талабын ұштады. Бұл берекелі жылдардың көрінісі де, шуақты кезеңдері де, бәрі-бәрі елдің көз алдында.

1999 жылы Балқаш қаласына қоныс аударып, №2 Абай атындағы лицейде қатардағы математика пәнінің мұғалім болып та, ағалық қамқорлығы мол, шебер ұйымдастырушы, жан-жақты жетілген білгір, әдісқой маман ретінде ұжымы мен ата-аналар арасында сый-құрметке бөленді. 2006 жылы шағын шаһардағы ордалы шаңырақ, №8 қазақ орта мектебінде директор болып еңбек жолын жалғады. 2013 жылдан бастап Балқаш қаласының №16 лингвистикалық бағыттағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.

Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсіби маман өскелең ұрпақтың қамы үшін күш жігерін аяған жоқ.

Еткен еңбегі, төккен тері ескеріліп ҚР білім беру ісінің үздігі белгісінің иегері атанды. «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сонымен қатар, СССР Оқу министрлігінің және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қатардағы жұмысшыдан бастап, еңбектің барлық сатысынан өткен ұстаздың шәкірттері Қазақстанның әр аймағында еңбек етуде. Бүгінде қос шәкірті Темірлан Мәден, Кенже Махмет биылғы оқу жылында өзі қызмет жасайтын №16 мектепте еңбек жолын бастапты. Бұдан бөлек, оқығаны көп, тоқығаны жетерлік ағаның іскерлік жұмыс, тәлімгерлік тәжірибесімен бөлісе отырып, ұстаздық шеберліктерін үлгі еткен жандар қаншама.

Сәтімбек ағаның, сәні мен мәні жарасқан Мейірбану жеңгеміздің отбасы, ошақ қасы, шаңырағы махаббатпен арыздасқан емес. Оның куәлігі – бес баласы мен алты немересі. Отбасының бақыты мен жақұты Мейірбану жеңгеміз де ардагер ұстаз. Ұстаздар әулетінде тәрбие алған балалары да білікті маман иесі атанған.

Жетпіске жүк артқан ұстаздың түрінен жетпістің кестесін көре алмадым. Бас мүжігіш той ақсақалына ұқсамайды. Көзінде от, көкірегінің көрігін әлі де басып қалса, талай армандар шығады. Кісіліктің, іріліктің қадір мен қасиетін тең ұстаған, аяғын жерге, арқасын елге тіреп жүретін, жаны жайлау, көңілі ояу ағаның талай шәкіртке темірқазық боларына сенім зор.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button