Қарағандыда көпбалалы аналарға қоғамдық көлік тегін болады

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов халыққа есеп беру кездесуінде көпбалалы аналар мәселесіне көңіл бөліп, күрмеуі қиын жайттың түйіні тарқатылатынын айтты.

“Көпбалалы аналар назардан тыс қалмайды. “Жұмақ ананың табанының астында” деген. Біз аналарға тиісті қолдау көрсетеміз. Облыс аумағында көп балалы аналармен кездесулер өткізілді, арыз-шағымдары тыңдалды. Ешкімді кеудесінен кері итерген жоқпыз. Бәрін ескердік. Кездесу қорытындылары Үкімет жанында құрылған арнайы жұмыс топтарына жөнелтілді. Өз қолымызда тұрған мәселелерді шешуге атсалысамыз”, — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының хабарлауынша, алдағы уақытта Қарағанды облысында көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүре алады. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Балабақшалар 50% жеңілдік ұсынады.