Жемқорлық – індет, жою – міндет
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында кәсіпкерлерге еркін жұмыс істеуге жағдай жасау туралы айрықша атап айтқан еді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдар өкілдерінің, «Kazakh Invest ҰК» АҚ және «Атамекен» ӨКП өңірлік өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлер мен инвесторларды сыбайлас жемқорлықтан қорғауға арналған кездесу өткізді.
Жиында «Protecting business and investments» жобасының қызметін іске асыру мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және бизнес пен инвестицияны қорғаудағы проблемалық мәселелер талқыланды.
Бұл жоба Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Инвестициялар және даму министрлігі һәм сыртқы істер министрлігінің бірлескен бастамасы негізінде 2018 жылы іске қосылып, елдің әр аймағында арнайы жобалық кеңсе ашылған.
Департаменттің Қарағанды облысындағы жобалық кеңсесі инвесторларды жемқорлықтан сақтандыру шарасын жүзеге асырып келеді.
Қазір осы бастама аясында департамент тарапынан аймақтың инвестор һәм кәсіпкерлерімен 46 келісім-шарт жасалып, жалпы, 1 триллион 400 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Іс-шараға қатысушылар аймақта инвестициялық жобаларды іске асыратын Қазақстан, Иран және Қытай инвесторларымен (Yutong автобус шығаратын зауыт, «Син Бан» МТНК» ЖШС, «Kaz Green Energy» ЖШС, «Irkaz Metal Corporation» ЖШС) бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғауға қатысты 4 келісім-шартқа қол қойды.
Жоба – қолайлы инвестициялық ахуал жасауға, бизнестің билік институттарына деген сенімін арттыруға, шет елдерде елдің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етуге арналған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандары кәсіпкерлер бизнесін еркін және жайлы дамыту үшін өз құзыретіндегі барлық жағдайды жасауға ниетті. Инвестор үшін келісім-шарттың жалғыз талабы – адал және ашық бизнес жүргізу міндеттемесі болып отыр. – Бүгінде жоба аясындағы инвесторлармен тікелей байланыс өңірдегі бизнес пен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін жайттарды анықтауға мүмкіндік беруде. Мәселен, «Найдоровское» ЖШС қол қойылған келісім-шарт шеңберінде өзара бірлескен іс-қимылды қолдап, түйткілді мәселенің алдын алуға белсенді қатысуда. Нәтижесінде, «Қазақтелеком» филиалының жәрдемімен кәсіпорын антенна-діңгек құрылысында антенна-беру жабдығын орнатуға техникалық шарттар алды. Бұған олар ұзақ уақыт бойы қол жеткізе алмаған еді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС басшылығы көмек сұрады. Өз қызметін жүзеге асыру барысында кәсіпорын қызметкерлері ТЖ жағдайында әкімшілік кедергілерге тап болған. Жасалған келісім аясында кедергілер жойылды және мәселе ЖШС пайдасына шешілді, – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов.
Сыбайлас жемқорлық індетін жою – ортақ міндет. Шарада қол қойылған келісім-шарттар алдағы уақытта да ел экономикасын дамытудағы осындай түйткілді мәселелерді шешуге ықпал етіп, оң нәтижеге жетері анық.
Жәлел ШАЛҚАР.