Ресми

Күрежол ашылар күн жақын

Қарағанды қаласы аумағында жол жөндеу, аула абаттандыру жұмысы қарқынды. Солардың ауқымдысы – Майқұдықтағы орталық Магнитогорская көшесін күрделі жөндеу. Қала орталығын Сұрыптау елді мекенімен байланыстыратын күрежолды жаңа технологиямен күрделі жөндеуге 7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Қазір автокөліктер «Кеншілер» мен «Балақажы мешіті» аялдамасының арасы жабылғандықтан, айналма жолмен қатынауда.

Бүгінде жолдың бір бөлігін жөндеу жұмысы аяқталған. Аялдамалар мен күрежолды кесіп өтетін көшелердің қиылыстары реттелуде.

Мердігер «BI-Group» компаниясы мамандарының айтуынша, жөндеу жұмысы аяқталған бөлігіне 1 қабат асфальт төселген. 2 қабаты ұсақ-түйек жұмыстардан соң төселеді. Биыл осылай қалады. 3 қабат – келесі жылы. Өйткені, жол сапасын автокөліктерді жүргізіп, сынау – тәжірибеде бар.

Осылайша, биыл 10,7 шақырым жолдың 4,7 шақырымын пайдалануға бермекші. Қалған 6 шақырымы келесі жылы жасалмақ. Сондықтан да, жұмыста толас жоқ. Биыл жолдың 138 мың шаршы метрі жөндеу көріп, келесі жылға 120 мың шаршы метрі қалады. Оның шақырымы ұзын, бірақ шаршы метрге шаққанда аз. Өйткені, жолдың осы күні жасалған бөлігі – енді, ал келесі жылға тиесілі бөлігі – енсіз. 

Мамандардың айтуынша, жоба басталғанда 80 см ор қазу жоспарланған. Көзделген меже қазылғанда астынан су шыға беріпті. Осыдан 3 жыл бұрын қалыпты жөндеу жүргізілген бұл жол қайтадан шұрық-тесік болды. 30 жылға жуық уақыт мұндай күрделі жөндеуден өтпеген. Оның тез тозуы сол астындағы судың әсерінен екенін анықтаған мамандар. Сондықтан да, 140 см. тереңдікте ор қазуға тура келіпті.

140 см тереңдікті толтыру да оңай емес. Оның үстіне, көп уақыт кеткен. Түсінікті тілмен айтқанда, жол толық пайдалануға берілгенше, 8 қабат төсем төселеді. Оның 3 қабаты асфальт – 10, 7 және 5 см-ден тұрады. Алдыңғы 2 қабаты, яғни, 17 см асфальт биыл төселіп, пайдалануға берілсе, соңғы 5 см. таза асфальт келесі жылы төселеді.

Қалған 5 қабаты түрлі тастөсемдерден тұрады. Әр қабаттың белгілі мөлшердегі қалыңдығы бар. Ірі тас, геотекстиль, ұсақ тас, жұмсақ тас, топырақ, цемент аралас топырақ және басқа да сапалы төсемдер. Материалдың барлығы дерлік Қазақстанда жасалған. Тек, су құбыры ғана Мәскеуден жеткізіледі.

Жолдың ортасы мен екі жағында жаяу жүргінші жолы, жиектас, аялдамалар, бағдаршамдар, көлік тұрақтары, жарықтандыру, бәрі жаңарады. Сондай-ақ, «Қазақтелеком», «Қарағанды жарық», «Қарағанды су» сынды ірі мекемелермен бірлесіп, олардың да жолдың астынан өтетін желілері толық айырбасталады. Себебі, жол жөнделген соң, олар құбыр немесе сым жаңарту үшін жолды қайта қазбауы тиіс.

Құрылысқа жауапты «BI-Group» компаниясы 5 жыл кепілдік береді. Көшеге суағарлар орнатылады. Өйткені, жаңбырдың суы жиналып қалмауы керек. Жолды жөндеу сапасын техникалық қадағалау мамандары мен жол активтерінің сапасы орталығының зертханасы қатаң қадағалап отыр.

Тұрғындар ағаштардың кесілгенін айтып, шағымданған еді. «Егер, сапалы жолды қажет етсек, бірнеше талды құрбан етуге тура келеді. Жұмыс барысында кей ағаштар кедергі келтірген. Ал, «Восток-5» ықшам ауданындағы айналма жолды сол қалпында жаңарту жоспарланған. Ол келесі жылдың еншісінде. Десек те, оған дейін түрлі өзгеріс орын алуы мүмкін», – дейді олар.

– Жөндеу жұмысына 200-ден астам адам жұмылдырылған. 130 техника тартылды. Жұмыскердің орташа жалақысы – 180-200 мың теңге. Жұмысқа жергілікті тұрғындарды да алғанбыз. Қалалық әкімдіктің қолдауымен жұмыспен қамту орталықтары арқылы қабылдадық. Жобаның жауапкершілігі – жоғары. Сол себепті, жұмыскерлердің жартысына жуығын, яғни, 100-ге тарта маманды Армения елінен алдырдық, – деді жоба басшысы Геворг Согоян.

Олар бұған дейін, Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайдың вип-терминалына, Балқаш қаласының әуежайына күрделі жөндеу жүргізген. 17 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген маңызды әрі ауқымды жобаларды жүзеге асырып келеді.

Күрежолдың екі жағындағы тұрғын үйлердің шатыры мен қасбетін әрлеу қалалық әкімдіктің бастамасымен жүзеге асуда.

Осылайша, 30 жылға жуық жөндеу көрмеген орталық көше заманауи кейіпке енеді. Сөйтіп, шағын ауданның екінші тынысы ашылып, жол қозғалысының уақыты әжептәуір қысқарады. Нәтижесінде Майқұдық һәм Сұрыптау тұрғындары қалаға жылдам жетеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button