Жаңалықтар

Көк қағаздың «КӨКБЕТТІГІ» немесе теңгенің құнсыздануы мүмкін бе?

Жұртымыз теңге құнсызданса, өмірі де арзандап кеткендей кеп киеді осы күні. «Құнсызданды» дегеннен қырдағы бие құлын тастайтындай кезең бұқараның экономикалық сауатын біршама ашты содан. Қалтасында көк қағазы будырап жүрмесе де, ел ол туралы әңгімеге әуес. Өйткені, теңгенің «көңіл күйі» де «американдық» ақшаның қас-қабағына байлаулы. Жалғыз теңге емес, оның алдында әлем валюталарының жүні жығылып, «шаңы» қағылып қалатынын көріп келеміз…

Көк қағаздың «көкбеттігі» әбден ығыр еткен біраз әлем елдері одан бас тартуға әрекет етіп жүр. Бірақ, Сэм ағайдың көк қағазы әзірге аттан түскен жоқ. Мұнайды доллармен сатуға келісімге келген өткен ғасырдың 70-ші жылдары оған халықаралық есеп-айырысуда өзгеге дес бермейтін билік ұстатқан кезең еді. Содан бері дүниенің төрт бұрышын билеген көк қағаз кез келген елдің валютасын өзіне қарап бой түзеуге үйретті. Ал, оның құны – құбылмалы. Бүгін аспанға шапсыса, ертең жуасып, ылдиға түседі. Әйтеуір, жүрген жері әбігер ол теңгеге де теперішті көрсететіні өтірік емес. Жыл жабуға санаулы ай қалды. «Қазіргідей дүние жүзінің экономикасы толқымалы сәтте «теңге қайтер екен?» деген сауал әркімнің көкейінде. Сарапашылар болжам айтқан сайын халық та қамсыз қалғысы жоқ. Сонымен, сарапшылар не дейді? Ашық ресурстардағы болжамдар жетерлік. Теңгенің тағдырын таразыға тартып, «жауырын ашушылар» түрлі пікірде.

Еліміздегі экономикалық ахуалдың тамырын тап басып жүрген экономист Арман Байғанов мырза жыл соңына дейін «созылған» девальвацияның белең аларын атайды. Бұған қоса, «несие бойынша төлемдердің кешігуі, салымдардың тоқтауы орын алады»,– дейді.

– Осы жылдың соңына дейін теңгенің құнсыздануы байқалып, доллар бағамының басқа әлемдік валюталарға қатысты төмендеуінен кейін теңге нығаяды деген үміт – бекер. Ұлттық валюта құнсызданады. Бизнес соңғы айларда әрекетсіз қалды. Халықтың төлем қабілеттілігі, салықтан түсетін түсімдер төмендейді, – депті.

Мемлекет қолдау көрсетпесе, қайсыбір банктердің де құрдымға кетерін ашық айтып отыр. Мұның қаншалықты нақты болжам екенін уақыт көрсетеді.

Сарапшы, экономист Сапарбай Жобаев мұнайдың, пандемияның, шикізатқа сұраныстың азаюы, көліктің тоқтап қалуы экономикаға кері әсер етіп отырғанын айтады. «Өндірілген тауарлардың әлемдегі бәсекелестігін арттыруда теңгеміздің құнсыздануына бейім боламыз. Түркия, Ресей де валюталарын құнсыздандырады. Сонда олардың өнімдері әлемде бәсекеге қабілетті болмақ. Ал, оны жасанды жолмен ұстап тұру – тауардың сұранысын төмендетеді» дейді.

– Сол себепті, экономист ретінде менің ойымша, Қазақстан теңгесі біршама құнсыздануы мүмкін. Бірақ, оның қаншалықты құнсызданатыны мұнайдың бағасы мен экономикалық саясатымызға, әлемдік нарықтағы өнімдерге сұранысқа байланысты, – дейді Сапарбай Жобаев.

Ал, Ресейге Еуропа мен АҚШ қосымша санкция қолданса, Қазақстанға да теріс әсер ететінін растайды. Сарапшының айтуынша, Ресей экономикасының тұралап қалуы, олардың біздің отандық өнімдерге де сұранысын төмендетеді. Қазақстан негізінен, металл, көмір, электр қуаты, дайын өнімдерді, ауыл шаруашылығы тауарларын Ресейге экспорттайды. Егер ол тараптан сұраныс азайса, Қазақстанға да салқынын тигізбей қоймайды. Яғни, теңгенің құнсыздануына әжептәуір әсері бар. «Теңге рубльмен қатар жүруі тиіс. Ал, АҚШ-тағы сайлаудың Қазақстан экономикасына ықпалы өте аз», – дейді сарапшы.

Кеше интернетте жұртты тағы бір елеңдеткен ақпарат кезіп кетті. Ол – алдағы уақытта девальвацияның күрт белең алу мүмкіндігі. «Өйткені, – дейді сарапшылар – тенге бағамы мұнайға байлаулы». Сол себепті, құлдырау аяқ астынан туындауы әбден мүмкін деседі. Олардың айтуынша, АҚШ-тағы сайлаудың, әлемдік нарықтағы тұрақсыздықтың, акция мен шикізаттағы баға өзгермелігінің экономикаға ықпалы зор. Мұның сыртында Ресейге қосымша санкция қойылса, оның да теңгеге ықпалы күштілігі айтылады.

Интернет ресурстарындағы экономист Магбат Спановтың есебі қарашада АҚШ сайлауының өтуіне байланысты теңгенің әлсіреуі жеделдей түседі дегенге сайыпты.

– Қазіргі уақытта сұраныс барлық жерде төмендеді. Әлемдік экономика биыл қалпына келмейді. Ең құрығанда, 2 жылдан соң ғана арнасына түседі. Сондықтан, мен 2020 жылдың соңында доллар бағамы 450-470 теңге көлемінде болады деп болжаймын, – дейді экономист.

Сарапшылар болжамы әр аулан. Бірақ бір аңғарғанымыз – баршасы теңгенің құнсыздануын жоққа шығармайды. Алайда, оның қалай және қайтіп жүзеге асарын әлемдік экономикадағы жағдай шешпек. Соның ішінде, көршілес мемлекеттер экономикасының да мұнда үлесі бар. Демек, көршілеріміз бақуатты болса, Қазақстан да ентіге қоймайды. Олай болса, мұхиттың арғы жағындағылардан гөрі қоңсы қонған көршілеріміздің валютасына байыптылық, экономикасына тұрақтылық берсін дейік…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button