115 елде коронавирус тіркелді

Соңғы мәліметтер бойынша коронавирус тіркелген елдерде 120 мыңға жуық адам ауру жұқтырып, 4 мыңнан астамы қайтыс болған. Инфекция Еуропа елдерінде, әсіресе Италияда жылдам таралуда. Әр мемлекет қауіпті вирустың таралуына жол бермеу мақсатында түрлі шаралар қолданды. Италияда бүкіл ел бойынша карантин енгізіліп, Коста-Рикада мемлекеттік қызметкерлер қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Румынияда мектептер жабылып, Италияға барлық рейстерді тоқтатқан. Сондай-ақ, наурыз-сәуір айларында вирус қарқын алады деген эпидемиялық болжам да бар. Ал, елімізде шет мемлекеттерден келгендерге мониторинг жалғасуда. 4386 адамның 1200-і – 1А санаты, 167-сі – 1Б санаты, 3019 адам – 2 санат бойынша бақылауда. Әзірге коронавирус анықталған жоқ.

COVID-2019 ең көп таралған елдер – Қытай, Италия, Оңтүстік Корея, Иран, Франция, Испания, Германия және АҚШ. Ал, жұқтырудың алғашқы жағдайлары Панамада, африкалық Буркина-Фасода, Түркияда және Кипр аралдарында тіркелген. Моңғолияға Мәскеу арқылы ұшып келген француздан да вирус анықталған.

Вирустың алдын аламыз деп, орны толмас өкінішке ұрынғандар да бар. Мәселен, Иранда коронавирустан қорғану үшін өнеркәсіптік алкоголь сусынын ішкеннен кейін жеті адам қайтыс болған. Ал, метанол қолданған төртеуі көру қабілетін жоғалтқан.

Қытайдың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеті сараптау комиссиясының басшысы Чжун Наньшань коронавирустық инфекция биылғы жылдың маусым айына дейін таралуы мүмкін дейді. Ол болашақта инфекциямен негізгі күрес «Ухань синдромы» елге қайтып келгенде болуы мүмкін деген болжам айтуда. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инфекцияның әлемге одан әрі таралуын шектеуге дайындық үстінде. ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус COVID-2019 пандемиясы жариялануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. ДДҰ Денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райан жаздың келуімен коронавирус COVID-19 жоғалады деп үміттенбеуді ескертті. Ол Женевада өткен баспасөз мәслихатында «…вирустың түрлі климаттық жағдайлардағы динамикасы қандай екені әзірге белгісіз. Жаз мезгілінде вирус жоғалады деу – жалған үміт. Мұндай болжам жасауға еш негіз жоқ» деп түсіндірді сарапшы.

ҚОЛАЙСЫЗ ЕЛДЕР ТІЗІМІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше коронавирустан қолайсыз елдер тізіміне жиырмадан астам мемлекет кіреді. Еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин коронавирустың таралуына орай қауіпті елдердің тізімі өзгертілген өкімге қол қойды. Өкім 7 наурыздан күшіне енді. Өзге елдерден келген қазақстандықтар ережелер мен сақтық шараларын сақтауы тиіс. Яғни, медициналық мекемеде карантиннен өтіп, сондай-ақ, үйде дәрігерлердің бақылауында болады. COVID-19 бойынша ең қауіпті елдер тізіміне 1А санат бойынша (медициналық мекемеде міндетті карантин) – ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея, 1Б санат бойынша (екі апта үйдегі карантин) – Италия, екінші санат бойынша – Германия, Испания, үшінші санат бойынша – Жапония, Таиланд, БАӘ, Франция, Швеция, Малайзия, АҚШ, Сингапур, Кувейт, Бахрейн, Ирак, Ұлыбритания, Швейцария, Сирия, Гонконг кіреді. Ал, халықаралық әуежайларда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты және жұғуы мен таралуының алдын алу мақсатында баруға кеңес берілмейтін 70 елдің тізімі ілінді.

КІШІ ҚАЖЫЛЫҚҚА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Спорттық шаралар да тоқталуы мүмкін.

Коронавирус эпидемиясына байланысты Сауд Арабиясы да Мекке мен Мәдинаға кіші қажылыққа баратын мұсылмандарға келуге тыйым салды. Бұл туралы аталмыш елдің Ішкі істер министрлігі өздерінің Twitter парақшасында жариялады. Шектеулер уақытша сипатта және оны денсаулық сақтау органдары қайта қарастыратын болады. «Елімізде коронавирус анықталмаса да, шектеу Қазақстаннан баратындарға да қатысты» дейді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының наиб-мүфтиі Ершат Оңғаров.

Сондай-ақ, эпидемиологиялық жағдай салдарынан бірқатар елдер спорттық жарыстардың уақытын өзгертіп, біразы мүлдем өтпейтін болды. Мәселен, ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты (Румыния), жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты (ҚХР), джиу джитсудан Азия чемпионаты (Сауд Арабиясы), таэквондодан халықаралық жасөспірімдер турнирі және «Италияопен» халықаралық турнирі, таэквондодан Азия чемпионаты (Ливан), ауыр атлетикадан Азия чемпионаты (НұрСұлтан, Қазақстан), Спорттық шыңға өрмелеу бойынша Азия чемпионаты (ҚХР) тоқтатылды.

 Академиялық есуден (Оңтүстік Кореядан Швейцарияға) Азия лицензиялық жарысы, үстел теннисінен әлем чемпионаты (наурыздан маусым айына ауыстырылды), таэквондодан Азия чемпионаты (Ливан), бокстан Азия лицензиялық турнирі (Иордания), бессайыстан Әлем чемпионаты (Мексика) турнирлерінің уақыты өзгертілді.

ЖІТІ ҚИМЫЛ ТИІМДІ НӘТИЖЕ БЕРДІ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше вирустың таралу жылдамдығына мемлекет тарапынан жасалатын эпидемиологиялық бақылау факторлары мен халықтың тығыз орналасуы әсер етеді. Ал, елдің климаттық жағдайы мен этникалық-мәдени ерекшеліктері бұл жерде ешқандай роль атқармайды.

 Бірінші тәуекел тобына халқы тығыз орналасқан және эпидемия басталған сәтте вирусқа қарсы шаралары неғұрлым төмен Қытай, Италия, Иран және Оңтүстік Корея кіреді.

 Екінші топқа карантин шаралары сәл кешіктіріліп енгізілген Жапония, Сингапур, Гонконг, Таиланд, Франция, Германия және Еуропаның басқа елдері кіреді. Бұл елдерде ауырғандар саны 5000 адамнан аспайды, 300-550 адам қаза болуы мүмкін деген болжам бар.

 Үшінші топ – Беларусь, АҚШ, Финляндия, Канада, Мексика. Қазақстан да осы қатарда. Яғни, карантин шаралары жедел әрі қатаң түрде енгізілген. Осы елдерде вирус пайда болған күннің өзінде ауырғандар саны 2000-нан аспауы мүмкін.

Салтанат ІЛИЯШ