АймақҚарқаралыСпорт

Марафоншының мұраты

«Үкімет пен Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінен.

Қарқаралылық шаңғышы жерлесіміз Думан Бейсенаев жақында Италияда өткен «Марчалонга» шаңғышылар марафонына қатысып қайтты.

Сурет: Д.Бейсенаевтың жеке қорынан

«Марчалонга» (Mаrcialonga) – Италияда сонау 1971 жылдан бері шаңғышылар арасында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі марафон. Бұл жарыс бүгінде әлемдегі ең ірі де беделді марафондардың бірі әрі оған қатысушы елдердің саны да жыл сайын артып келеді. Биыл оған қырықтан астам елдердің өкілдері қатысты. Классикалық және еркін стильде өтетін жарыстың жүлде қоры да қомақты. Оған басқа кәсіби спортшыларды айтпағанда, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де қатысады. Қатысушылардың деңгейін содан-ақ білуге болар. Мәселен, марафонға осы жолы қатысқан төрт дүркін Олимпиада чемпионы швейцариялық Дарио Колонья тек алтыншы орынға табан тіреген. Алдыңғы бестікті түгел италиялық шаңғышылар жеңіп алды. Думан Бейсенаев еркін стильде 42 шақырым қашықтықты 2 сағат 15 минутта жүгіріп өтіп, үш мыңдай қатысушының ішінде 133-ші болып келді. Мұндай әлемдік марафонға алғаш рет қатысып отырған әуесқой спортшы үшін бұл – айтарлықтай жетістік.

* * *

Думан Бүркітұлы – үлкен орталықтардан қашықта жүрсе де, табиғаты көркем Қарқаралыда қысқы спорт түрлерін жандандыруға атсалысып, туризм саласын дамытуға талпынып, қолынан келген үлесін қосып жүрген азамат. Шаңғы спортына қалай келгенін айтқанда, егемен еліміздің тарихында шаңғышы Владимир Смирнов 1994 жылы Лиллехаммер олимпиадасында алған жалғыз алтын медальді аса бір мақтанышпен еске алып, содан кейінгі отыз жылда бір олжа бұйырмағанына қынжылады.

– Кезінде бізде шаңғы спортына қызығушы балалар да, керемет табиғат та болды, – дейді Думан. – Үйірмедегі бапкерлеріміздің дені немістер еді. 90-шы жылдары олар Германияға көшіп кетті де, бәрі жайына қалды.

Әкесі Бүркіт ағамыз сол кездерде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болатын. Шаңғышы болу арманы орындалмай қалса да, құр жүрмей, ұлттық ойынымыз­ды меңгеріп, біраз жетістіктерге жетті, тоғызқұмалақтан спорт шеберлігінен үміткердің нормативін орындады.

Әскери борышын өтеп қайт­қаннан кейін талапты жас өмірдегі нәпақасын шаштараздық кәсіптен тапты. Басқа кәсіппен айналысып жүрсе де, кеудесіндегі баяғы бала күнгі арманы өшпеген екен. Алғашқы табысынан-ақ өзіне мықты шаңғы сатып алды. Өз бетінше жаттығып, әуесқойлар арасында түрлі деңгейдегі жарыстардың жүлдесін жеңіп алып жүрді. Біртіндеп ұзақ қашықтықтарға ауысып, әлемнің әр елдерінде өтетін марафондарға қатыса бастады. 2018 жылы Финляндияда бес мыңдай адам қатысқан марафонда мәреге 117-ші болып келді. Ал, Эстонияда 70 шақырымдық классикалық марафонда «домино эффектісімен» құлаған бәсекелестерімен бірге жығылып, жарақат алды. Оның үстіне шаңғысы сынып, уақыт жоғалту салдарынан дұрыс нәтиже көрсете алмады.

Дегенмен, осындай сапарларында ол тек жүгіріп қайтуды мақсат тұтпай, шаңғы жарыстарын ұйымдастыру, база жабдықтау бойынша тәжірибе жинап жүрді. 2017 жылы Қарқаралыда шағын шаңғы базасын ашты. Табиғат аясына контейнер қойып, шайханасы бар, жалға шаңғы, тюбинг беретін орын жасады. Бұл қызмет айтарлықтай сұранысқа ие болып, жан-жақтан келген демалушылар мен туристерге де жақсы болды.

* * *

Шаңғы спорты Италияда бұрын да осал болмаған, қазіргі уақытта одан сайын қарқынды дамып келеді. Бәсекелестік – өте жоғары. Думан Эстониядағы марафонда алған жарақатынан кейін, екі жыл шаңғы тебе алмап еді. Биыл тәуекел етіп, қаржысын шығындап, Италияның Доббиако қаласында өткен «Марчалонга» марафонына барды. Жарыс алдында он күн оқу-жаттығу жиынына қатысты.

Қолдан қашалғандай сұлу Доломит Альпісінің қойнауында орналасқан Доббиако қаласының үш мыңдай ғана халқы бар. Мұнда спорттық туризм, қысқы спорт түрлері жақсы дамыған. Дамығаны сонша, бір мезгілде ондаған мың туриске қызмет көрсете алады екен. Осы жолғы марафонға қатысқан бес мың адамның әрқайсысы 70 евродан жарна төлеген. Сол қаржының бір бөлігі жүлде қоры мен ұйымдастыру шығындарына жұмсалған күннің өзінде мемлекетке, оның ішінде қала бюджетіне едәуір пайда түседі екен.

– Италияда шаңғы жолдарының өзі 300 шақырымды құрайды екен, – дейді кейіпкеріміз. – Мұндай жолдар өзім бұрын болған Финляндия мен Эстонияда жоқ. Доббиако қаласының ішінде шаңғы жолдары бар. Күнделікті жұмысқа да шаңғымен барып-қайтуға болады. Салауатты өмір салтын ұстануға соншалықты жағдай жасалған. Жасы да, кәрісі де спортпен шұғылданады. Шаңғы тебеді, кросс жүгіреді, скандинав жүрісімен, велоспортпен шұғылданады. Шаңғы жолдары бір қаладан екінші қалаға жалғасып жатыр. Шенген визасы болса жеткілікті, тіпті, көршілес Аустрия мемлекетіне де шаңғымен өтуге болады. Аустрияға марафонға қатысушылармен бірге мен де барып, Обертиллиах қаласында болдық. Шаңғы, биатлон базасын, стадионын көрдік.

* * *

– Дамыған елдерде қысқы спортқа ғылыми тұрғыдан қарайды. Оны дамыту жолдары, физикалық дайындықтың неғұрлым тиімді тәсілдері үнемі жетілдіріліп отырады. Шаңғы, тағы басқа да спорттық құралдарды майлап, даярлап, бабына келтіруге жауап беретін арнайы сервистік топтар бар. Бұрын біз ағаш шаңғыларды пайдалансақ, кейін олар пластик, карбон материалдардан жасалатын болды. Солардың ерекшеліктері мен күтімін де білуіміз керек. Шетелдерге жарысқа қатысу үшін ғана бармай, олардың жаттығу ерекшеліктерін жадыма тоқып, шаңғы базаларындағы ахуалмен, бапкерлерінің жұмыс тәсілдерімен танысып, тәжірибе алып қайтам, – дейді Думан Бүркітұлы.

Спорт жанашырының айтуынша, Қарқаралыдағы шағын шаңғы базасының ауқымын кеңейтсе, оған келушілер көбейер еді. Өңірде туризмді дамытуға да септігі тиері сөзсіз. Бірақ соған кедергі көп. Жерді ұзақ мерзімге жалға алуға, Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында шағын да болсын құрылыс салуға рұқсат жоқ. Бұл – Экология және табиғи ресурс­тар министрлігінің құзырындағы мәселе. Осындай базалар Бурабай, Щучинск жақтарда, Алматы төңірегіндегі Көлсай мен Қайыңдыда кейінгі жылдары қолға алынып, оң нәтижесін беріп жатыр. Қарқаралының да солардан еш кем емес әсем табиғаты, тамаша әлеуеті бар. Думан Бейсенаев өз жобаларымен министрлікке неше барып, ұсынысына құлақ асқан, қолдау көрсеткен ешкімді таба алмапты. Министрлік өкілдері Қарқаралыға ақпан айының соңында осы мәселе бойынша арнайы келеміз деген екен, әйтеуір содан аздаған үміт бар.

Қызығы сол, Думан Бейсенаев осы жобаға ешкімнен қаражат та сұрап отырған жоқ, өзінде бар. Игілікті іске инвестор болуға дайын отырған жергілікті азаматтар да жоқ емес. Тек белгілі бір аумақты тегін емес, ақылы түрде жалға алуға рұқсат қана керек. Спортшылар үшін ғана емес, жалпы бұқараға, туристерге арналған шаңғы базасын жасағысы келіп отырған азаматқа неге қолдау көрсетілмейді?!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Еліміздің туристік әлеуетін пайдалану керек. Туризм осындай серпінді жобалар қатарында болуға тиіс. Өкінішке қарай, осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатыр, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келеді. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет», – деген жоқ па… Қарқаралының табиғатына зиян келтіретін өндіріс емес, халықтың қажетін ашатын игі шаруа жүзеге асуы тиіс. Шайнап бергенді жұта алмайтын тоғышарлар көбейген заманда мұндай бастама қалайша жерде қалады?!.. Қарқаралыдағы Думанды қолдау керек!

Болатбек ҚАУЫСОВ,
Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button