Руханият

Қоршаған орта

Басы газеттің (№№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106, 112, 115, 118­, 123, 126, 135, 143, 5 сандарында)

Сталинге хат

Шешен халқының бір ұлы Ваха Әлиев кіндік кесіп, кір жуған жұртының жер ауғанын майданда жүріп естиді. Ести сала Сталиннің өзіне хат жазады. «…Мы служили Родине верой и правдой, не жалея жизни во имя победы. Тысячи моих земляков остались лежать на полях сражений от Бреста до Сталинграда, а Вы назвали нас предателями. Мой народ никогда не простит Вам этого! В то время, пока мы погибали за Родину, Вы расправились с нашими матерями и сестрами, не пощадили даже стариков и детей…».

Қазақ интеллигенциясы желтоқсан төңкерісі кезінде шешеннің сол қаршадай баласы (сонда ол 16 жаста) құрлы болмады; Алаш идеясын ұрандатып, алаңға шыққан ұл-қыздарын «маскүнем, нашақор, оңбаған» деп кінәлады! Сталин – кім, Горбачев кім еді…

«Хош, Ресей, сорынан арылмаған…»

Орыс халқының бір ғасырда біртуар ханшайымы Мая Плисецкая фәниден бақиға аттанып барады… Ол бір сөзінде «Коммунизм фашизмнен де сорақы!» – деп еді. 20-21 ғасырлардың қанды қасі­ретін көзімен көрген осы ұлы орыс әйелінің осы сөзі көңілі алаң, көкірегі шерге көмілген Ресейдің құлағына кіріп, миына жетер ме екен, жетпес пе екен?!

Меніңше, жарық дүниеден көшерде оның да тіл ұшында «Хош, Ресей, сорынан арылмаған…» (Лермонтов) деген сөз кетті…

Хош, Ханыша!

Ұлылықтың бір нышаны

«Құрманғазы атындағы оркестрдің өнерін тамашалаған француздар «Керемет!» деп тамсанған екен. Себебі, біздің қыз-жігіттер ұлттық аспаптармен Еуропа классиктерінің шығармаларын тамылжытып тұрып орындап шыққан. Ал, сол еу­ро­­палықтардың оркестрі қазақтың әні мен күйінің бабын келтіре алмапты. Міне, қай­таланбас ұлттық бренд деген осы! Бұны шетелдіктердің өздері де айтыпты….» (ФБ).

Бұл – біздің ұлттың ұлылығының бір нышаны ғана.

Ұйқыдағы халық

Қалың ұйқыға батқан халықтың оянуы неғайбыл. Оянған күні біреудің құлы боп шыға келгенін білмей қалады! (Ататүрік)

Үш ғасырда бір мәрте айтылмаған сөз

Қазақтың қабырғалы үш биінің бірі Қаздауысты Қазыбек 1742 жылы ойраттың қолына түскен Абылай сұлтанды құтқарып алу үшін елшілікке барады. Хунтайшының қоңыр ордасының қақ төрінде отырып, былай деген:

– Біз қазақ деген, мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау, баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
Дәмі тұзын ақтай білген елміз.
Атадан ұл туса, құл боламын, деп тумайды,
Анадан қыз туса, күң боламын, деп тумайды,
Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.
Сен қалмақ та, біз қазақ қарпысқалы келгенбіз,
Сен темір де, біз көмір, еріткелі келгенбіз.
Қазақ-қалмақ баласы, табысқалы келгенбіз,
Танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз.
Сен қабылан да,  біз арыстан, алысқалы келгенбіз.
Жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз,
Тұтқыр сары желімбіз жабысқалы келгенбіз.
Берсең жөндеп бітіміңді айт,
Бермесең дірілдемей жөніңді айт.
Не тұрысатын жеріңді айт, – депті.

Он сегізінші ғасырда Қаздауысты Қазыбектің айтқан осы бір ауыз сөзін содан кейін (міне, үшінші мыңжылдық келіп кірді), бір қазақтың баласы айта алмай-ақ қойды! Осы сөзді біреу айтқанда, XIX ғасыр демей-ақ қояйын, XX-XXI ғасырлар қазақтың ғасыры болар еді!

Әбіш Кекілбайдың бір сөзі

«Құдайдың өзіне көп сұрақ қоятын адам баласы алдымен өзіне сұрақ қою керек…»

Қасымтануға қатысты  бір ауыз сөз

Қасымдардың қадыр-қасиетін ел-жұртқа ежіктеп түсіндіретін атшаптырым аудиторияларда азаматтық лириканың антиподы болатын ұсақ-түйек жандардың тіл безеп тұруы кешірілмес күнә ғана емес, ұлтымыз бен ұлысымыздың ертеңі деп есептелетін ұрпақтың алдыңда да қып-қызыл қылмыс болады!

Ұлы қазақ халқы

Орыстың арқалы ақыны Андрей Вознесенский «Великая Русская Литература – Великая Отечественная Война!» – деген! Ұлы Қазақ Халқы деген – Ұлы Қазақ Әдебиеті деген сөз! Абай деген сөз! Мағжан деген сөз! Қасым деген сөз! Ұлы Қазақ Әдебиеті деген сөз!

Ақын мен болмыс

Меніңше, ақындық дегеннің өзі алқалы жиын, белгілі бір ситуациядағы аузымен құс тістеген шешеннің сондағы құбылысқа жарық жылдамдығына пара-пар шапшаң реакциясы (қазақша баламасын таба алмағаныма оқырман ғафу етер); көрінген жұмыр басты пенденің ойы жетпейтін жерге жетіп, тілі жетпейтін құбылысты сөйлету! Пушкинге қараңыз:

«Он вышней волею небес
Рожден в оковах службы царской;
Он в Риме был бы Брут, в Афинах – Периклес,
А здесь он – офицер гусарской».

Мұны ол орыстың ұлы ойшылы, заманының запыранын жұтып, Ресейдің көзге шыққан сүйеліндей болған П.Чаадаевтың портретіне қарап тұрып айта салған!

Өре мен өлең

Торғай өңірінде судырахметтігімен аты шыққан Айса деген кісі болған. Бір отырыста біреулер оған «Нұрханмен айтыс» деп қолқа салады. Өмірі ештеңеден тайсалып көрмеген Айсекең:

«Қолында Зибашжанның өткір қайшы,
Екеуміз қосылып бір ән салайықшы,
Баласы Ахметбектің, атың – Нұрхан,
Менімен айтысуға өлең дайындап қойшы!» деп шырқап қоя береді. Айтыс­тың ақтанкері, Исамен де қақтығысқан Торғайдың топ жарғаны Нұрхан ақын онымен айтысып, абырой алмасын сезіп: « – Айсеке, сіздің жөніңіз бөлек қой. Мен жеңілдім!» – депті күліп.

Қазір өнері, өресі де осы пендеден артылып, асып кете қоймаған біреулер қазақ әдебиетіне өзінше «сын» айта бастады… Арты қайырлы болғай де!

Сыни ойдың құдіреті

Әдебиетімізде сын жоқ. Талғам да таязданып барады. Қалихан, Сайын, Әкім ағаларымыз әдебиетке әуелі әңгіме жазып келіп еді. Енді, міне, ауыл-ауылдың тантығы кере қарыс «роман», өлермені том-том «өлең» жазып, кердең-кердең етіп, төбемізде ойнап жүр… Ұлттық әдебиеттегі әдеби сын сол ұлттың әлем алдында ұятқа қалмауы үшін керек. И.Гончаров­тың «Обломов» атты романы жарыққа шыққан кезде орыс қоғамында «обломовшылдық» деген ұғым пайда болды. Бұл – сол елдегі тоғышарлықтың бір парасы еді. 1859 жылы жарық көрген Н.Добролюбовтың «Обломовшылдық деген не?» атты мақаласы орыс қоғамындағы осы рухани дерттің диагнозын дәл қойып, қалың ормандай орыстың көзін ашты. В.Бе­линскийдің Пушкин поэзиясы хақындағы ой-толғамы болмаса, қараңғы орыс орманына Тәңірінің сәулесі түсер ме еді, түспес пе еді?!

Абайдың кім екенің алты Алашқа түсіндірген Әлихан Бөкейханның екі-үш беттік мақаласы. Қазақтағы сыни ойдың алғашқы озық үлгісі – Абайдың қара сөздері. Онда қазаққа керектің бәрі бар. Ділінен – дініне дейін. Өкінішке қарай, сол ұлттық сыни ойымыз Абайдан кейін ұлттық деңгейде ілгерілеп, дамып, кемеліне келе алмай қалды.

Үрейлі дерек

«Зар Қосбасардың» авторы Әбди Ырысбекұлы 1931 жылы күй тартқаны үшін атылды! Дәл сол жылы «Наз Қосбасардың» авторы Айдастың Сенбегі өлім жазасына кесілді! Осы сұмдықты көзімен көрген буынсыз күйші Әбікен Хасенов бас сауғалап, елден тұтып кетті…

«В человеческом организме…»

«В человеческом организме
90 процентов воды,
Как, наверное, в Паганини,
90 процентов любви!» (Андрей Вознесенский).

Джимми Нельсон не дейді?

Ежелгі күнәһарлар мекені Соддом мен Гоморраны жер бетінен жойып жіберген кім? Тәңірі! Алла азғындықты кешірмейді! Құдайға серік қосқандардың жазасы бәрінен де ауыр! Алла – біреу, пайғамбар – хақ! Ал, біз не істеп жүрміз?!

О, сұмдық! Ағылшын суретшісі Джимми Нельсон таяуда жер бетінен із-түзсіз құрып кеткелі тұрған ұлт пен ұлыстардың суреттерін жариялады. Сонда чукша, ненецтермен қатар біздің қазақ та тұр! Алладан теріс айналса, Алаштың да жоғалып кетуі мүмкін ғой?!

Алланың айтқанына бір дәлел

Құдайдың құдіретінде шек жоқ. Оған сенбеген, оған бас имеген пенденің көрер көресіні көп. Совет империясы Тәңірді тәрк еткеннен құрыды!

Алланың хикметін айта берсең, әңгіме таңнан-таңға кетер еді. Құранның «Әнбия» сүресінде «Әуелде Көк пен Жер бір тұтас еді. Біз екеуінің арасын ажыраттық. Жанды мақұлқаттың бәрін судан жараттық» – дейді. Алланың бұл айтқаны электрондық есептеу машиналары мен техниканың ең соңғы жетістіктері арқылы жаңа ғана дәлелденіп отыр!

Талантты адам

Талантты адам – қанатты құс секілді, көкке көтерілмесе көңілі көншімейді! Аспанға ұшса, – өзімен бірге Алашын да ала кетеді.

Евтушенко Ресей хақында

«Вот вам Русь – производство царей из обкомовских секретарей!».

Тұлға мен тобыр

Тұлғаны, қандай сылтаумен болса да, соттауға болмайды; ұрпағы ертең, бәрібір, ақтап алады! (1930-1937;1947 ж.ж.).

Соңғы империяның сормаңдайы

Жақында бүкіл Ресей ұлардай шулап, қаршадай татар қызын талап, жеп қоя жаздады… Сөйтсек, «ТНВ» (Жаңа ғасырдағы Татарстан) тележүргізушісі Эльмира Исрафилова татар тіліне қарсы шыққан орыс ұлтшылдарына; «Сендер орыстар, татар жерін жаулап алған отарлаушы басқыншыларсыңдар! Елімізден кетіңдер! Мен Ана тілім – татар тілі үшін жанымды беремін!» – депті!

Эльмира француздан туса – Жанна д, Арк, қазақтан туса – Хан Кененің қарындасы Бопай, қырғыздан туса – Құрманжан Датқа болар еді!

…Әттең, ХХІ ғасырдағы ең соңғы империяның боданы, маңдайда соры бес елі Татарстаннан туып тұр ғой?!.

(Жалғасы бар)

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button