Білім

Ұстаздарға серпін берген кеңес

Жуырда жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қажетті жағдайлар жасау мақсатында Қазақстан Республикасы 2020-2021 жылдарда орта білім беру мектептерінде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы «Жаңа формат және жаңа талаптар» тақырыбында Қарағанды қаласының білім беру қызметкерлерінің кезекті тамыз конференциясының секциялық бөлімі өтті. Шараға қалалық білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.

Конференцияда ұстаздар қашықтан оқыту жағдайындағы іс-тәжірибелерін ортаға салды. Оқылған баяндамалардың барлығы мектептегі өзекті мәселелерді қозғады. Былтырғы оқу жылын онлайн аяқтаған ұстаздар өз тәжірибесінің тиімді жақтарымен бөлісті.

Әсіресе, С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші А.Қызырованың баяндамасындағы кітап оқуға төселдірудің әдіс-тәсілдері мен А.Есенжолованың эссеге қойылатын талаптар, жаңартылған мазмұнда білім беру барысында грамматикалық сауаттылықтың маңызы мен мәтінге тілдік талдау жасаудың өзектілігі жөнінде айтқан пікірлері ұстаздар тарапынан қолдау тапты.

Бұл – оқушыларды қорытынды аттестаттауға дайындауда әр ұстаздың ұстанатын негізгі бағыты болуға тиіс.

Қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Г.Жаркеева Қазақстан Республикасы 2020- 2021 жылдарда орта білім беру мектептерінде оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері, індеттің таралуына байланысты шектеу шаралары кезеңінде орта білім беру ұйымдарында оқу процесін іске асыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар, білім беру үдерісін ұйымдастыруды нормативтік-құқықтық жағынан қамтамасыз ету, оқушылардың оқу жетістіктерін формативтік бағалау туралы жаднамамен таныстырды.

Жұмыс барысында ұстаздар қауымы қашықтан білім беру жағдайында туындаған мәселелер төңірегінде өз ойын ортаға салып, пікірін білдірді.

Қорытындысында жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде жетістікке жеткен, әрі білім беру саласының дамуына үлес қосқан бірқатар ұстазды қалалық білім бөлімінің мадақтамасымен марапаттады.

Р.ТУЛЕШЕВА,

№77 мектеп-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button