БілімЖаңалықтар

Қарағанды білімінің биігі

Қарағандыдағы Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Рамазан ПЕРДЕБАЙ Информатика пәнінен оқушылар арасында Еуропа олимпиадасының (European Junior Olympiad in Informatics) жүлдегері атанды. Бұл туралы облыстың білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Онлайн режимде өткен олимпиадаға 27 елден 92 оқушы қатысты. Белгіленген ережелер бойынша әр елдің командасында 15 жастан аспаған 4 оқушы болды. Құрама мүшелері ұлттық жарыстардың нәтижелері бойынша іріктелді. Информатика бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері құрама сапына енді.

Қазақстан командасы олимпиадаға алғаш рет қатысып, тамаша нәтиже көрсетті. Барлық 4 оқушы жоғары марапаттарға ие болды. Команда қоржынында алтын, күміс және екі қола медаль бар. Рамазан Пердебай қола медаль жеңіп алды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рамазан 7-сыныптан бастап «Сарыарқа дарыны» РҒПО ұйымдастыруымен өтетін облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысып келеді. 2019 жылы Алматыда өткен XI Еуразиялық олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Былтыр республикалық жасөспірімдер олимпиадасында күміс, биыл республикалық олимпиаданың іріктеу кезеңінде күміс алды. Республиканың резервтік командасының құрамына кірді. Рамазанды пән бойынша информатика пәнінің мұғалімі Мағжан Қауланов дайындады.

Информатика бойынша Еуропалық жасөспірімдер олимпиадасы 2017 жылдан бастап өткізіледі. Жарысқа Еуропа елдерінің жас бағдарламашылары қатысады.

Алғашқы олимпиада Болгарияда, 2018 жылы Татарстанда, былтыр Словенияда өтті. Биыл Грузия елі таңдалған еді. Бірақ, пандемияға байланысты ұйымдастыру комитеті олимпиаданы онлайн режимде өткізу туралы шешім қабылдады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button