Спорт

МИНСКІДЕН – алтын белбеу

Жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Дәулет ДӘУКЕНОВ (7-1, 3 КО) Минскіде (Беларуссия) өткен кезекті жекпе-жегінде украиндық Назри РАХИМОВТЫ (6-1, 3 КО) жеңіп, WBA Asia белбеуін иеленді.

Он раундқа созылған текетірес қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен жеңіске жеткен. Бұл жекпе-жек Дәулет үшін биылғы екінші кездесуі. Бұған дейін ақпанда өзге украиналық боксшы Сергей Сорокамен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен ұтқан еді. Спортшы кәсіби шаршы алаңға шыққанына аз болса да біраз кездесулер өткізген. Өкінішке орай, алғашқы жекпе-жегінің бірінде жеңіліске ұшыраған еді. Ал, бұл жайлы отандасымыз: «Сол жекпе-жекке бір жарым ай бойы Ресейде дайындалдым. Спаррингке ылғи салмағы өзімнен ауыр боксшыларды шығарды. Солардың бірімен жұдырықтасып жүріп, мұрным сынды. Олар маған жалақы төлемейтін. Тек әр жекпе-жектен гонорар беретін. Сондықтан, бос қайтқым келген жоқ. «Бір жарым айды бекерден-бекер өткізгенім бе, не де болса, рингке шығайын» деп шештім. Жеңемін деп ойладым. Қарсыласым сондай қарымды боксшы болмаса да, деңгейі сондай боксшыларды жеңіп жүргенмін. Бірақ, ұтылып қалып, жеңілістің кермек дәмін таттым…» дейді сұхбаттарының бірінде.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button