Руханият

Алаштың Абайы – мәңгілік

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын, ұлы ағартушы Абай ҚҰНАНБАЕВТЫҢ 175 жылдығы мен қоғам қайраткері Мұхамедхан СЕЙІТҚҰЛОВТЫҢ 150 жылдығына арналған «Абай және Алаш» атты республикалық онлайн-конференция өтті. Оны облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы, ақын Айтбай ЖҰМАҒҰЛОВ тізгіндеді.

Абайдың ақын, композитор, ағартушы, ойшыл ретіндегі еңбектері адамзат мәдениетінің бірегей қазынасы саналады.

Жиынның мақсаты – хәкім Абай мен Алаш қайраткерлерінің тағылымды жолын дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету.

Конференцияға Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Қарағанды қалаларынан №90 гимназия директоры, Қ.Мұхамедхановтың 10 томдық шығармалар жинағын құрастырушы Ербол Іргебай, алаштанушы Елдос Тоқтарбай, Галина Гильмутдинова, №62 орта мектептің тарих пәні мұғалімі Даниил Тимощук және Полина Курган, Ж.Бектұров кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар және мұражай жәдігерлері бөлімінің басшысы Жұлдыз Катаева және тағы басқалары қатысты.

Қос ғасырдың тоғысар тұсында «Ғылымды іздеп, дүниені көздеп» екі жаққа үңілген ұлы Абай, халықты өркениеттің өріне алып шығар амалды тапты. Ол ғылым мен білім, өнер үйрену жолы еді. Замана тұрпатын, ұлт болмысының кемшін тұстарын Абайдай көре білген жан кемде-кем. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Абай феномені – адамзат өркениетіндегі ұлы құбылыс.

Ал, абайтануды алғаш жүзеге асырғандар – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары. Олар өздері міндет етіп алған ұлт үшін атқарылар ұлан-ғайыр істердің бастау көзі ұлы Абайды тану мен танытуда деп біліп, ең алдымен, сол ұлы ұстаздың ұлылық қасиетін ардақтауға ұмтылды.

Модератор Айтбай Ботпайұлы шараны ашып, Алаш азаттық-саяси қозғалысының көшбасшылары мен Абайдың әлеуметтік-саяси ілімдері арасындағы өзара байланыс пен сабақтастыққа тоқталды.

Ербол Іргебай мырза «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбында баяндама жасады.

– Қайым Мұхамедханов тоталитарлық режимнің ауыр сынағынан өткен адам. Әкесі қамауға алынған кезде, ол отбасының барлық талқысын өз мойнына алады. Әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов алашордашылармен тағдырлас болып, 1937 жылдың 2 желтоқсанында атылған. Бірақ, бұл Абайды зерттеген ұлы Қайымды тоқтата алмады.

Қ.Мұхамедхановтың миссиясы Абай мен Алаш қайраткерлерін, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын зерттеу болды. Ол бұл салаға көп үлес қосты, – деді Елдос Тоқтарбай.

Ал, Жұлдыз Қатаеваның айтуынша, ұлы ақын мұрасын сақтау ғалым Қайымның өмірлік ұстанымы болған. «Кітапханамызда Қ.Мұхамедхановтың қызы Дина Қайымовна сыйлаған жазушының хаттары мен фотосуреттері және кейбір кітаптары бар. Олармен келіп танысуға болады» деді ол.

Сонымен қатар, қос алыптың өмірі мен шығармашылығынан жасақталған кітап көрмесіне шолу жасалып, спикерлер қатысушы жастардың сұрақтарына жауап берді. Алаштың Абайы мәңгілік екеніне тағы да көз жеткіздік.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button