Облыс әкіміРесми

Қадірлі қарағандылықтар!

Биылғы жылы елімізде қазақтың біртуар перзенті Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты мерейтойлық шаралар көптеп өткізілуде. Осы ретте ҚР Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленгені барлығымыз үшін жағымды жаңалық болып табылады. Осыған байланысты барша облыс тұрғындарын қазақтың рухани мұрасын ұлықтауға бағытталған Абай күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Қазақтың біртуар перзенті, ақын, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы барша қазақ қоғамы үшін білім мен ағартудың шамшырағына айналып, ізгілік пен адамгершілікті, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға, елге қалтқысыз еңбек етуге үндейді. Оның қалыптастырған рухани мұрасы оған дейін ғұмыр кешкен ұлы ойшылдардың еңбектерімен үндестік тауып,  Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетінің озық үлгілерін қамтыды. Бүгінгі күні де Абай мұрасының өз маңызын жоймай келе жатқаны да осыған байланысты болса керек. Өз заманында Абайдың әлемдік классик ақындар Гете мен Пушкиннің мұрасын қазақ тілінде сөйлетуі бұл шығармалардың халық арасына кеңінен тарап, әдебиетімізге сіңісті болуына ықпал етті.

Бүгінде Тәуелсіз ел болып өзіміздің рухани қазынамызды түгендеуге бет бұрған кезеңде Абай мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, оның негізінде рухани құндылықтарымызды жаңғырту – заман талабы. Соңғы жылдары елімізде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың рухани түлеуіне жол ашты. Алда келе жатқан 10 тамыз – Абай күні осының айқын көрінісі.

Құрметті облыс тұрғындары!

Сіздерді ұлттық рухымыз бен мұрамызды ұлықтауға, өзара адамгершілік пен ізгілікке шақырған қазақтың ұлы ойшылының мұрасын зерделеуге үндейтін Абай күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

 Еліміз дамып, гүлдене берсін!

Мерекелеріңізбен, қадірлі жерлестер!

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,

Қарағанды облысының әкімі.

Серік ӨТЕШОВ,

облыстық мәслихаттың хатшысы.

Басқа материалдар

Back to top button