Қор көмегі толастамайды
Birgemiz қайырымдылық қорының жұмысы жалғасуда. Елбасының бастамасы бойынша құрылып, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған дағдарысқа қарсы шараларға арналған қосымша қор мұқтаж қазақстандықтарға белсенді түрде көмек көрсетуде. Яғни, Қарағанды облысының тағы 9621 тұрғыны 50 мың теңгеден көмек алады.
Бірінші және екінші толқын аясында еліміздің 23 қаласынан, соның ішінде, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларынан 360 мыңнан астам отбасы 50 мың теңге көлемінде біржолғы төлем алған болатын. Қарағанды облысының осы қалалары халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан 32 мыңнан астам мұқтаж азаматты ақшалай көмекпен қамтыды. Олардың шоттарына 50 мың теңгеден аударылды.
Қазір бір жолғы төлемдердің үшінші толқыны жүріп жатыр. Осы аптада шағын қалаларда, ауылдарда және республиканың ірі қалаларына жақын орналасқан елді мекендерінде тұратын әлеуметтік жағынан осал азаматтар қатарындағы 110 мыңға жуық қазақстандық отбасына атаулы қаржылық көмек көрсетіледі.
«Nur Otan» ҚОФ хабарлағандай, Қарағанды облысында 3 маусымнан бастап Балқаш, Сәтбаев, Саран, Қаражал, Приозерск, Шахтинск қалалары, Абай, Бұқар жырау аудандарының 9621 тұрғыны үшін жалпы сомасы 481 млн. теңгеден асатын үшінші транш бойынша төлем басталды.
Мұқтаждар тізімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және ЗТМО бөлімдерімен құрылған. Алушыларға «Сіздің шотыңызға #Birgemiz қорынан 50000 теңге түсті» деген СМС жіберу арқылы қаражат түскені туралы хабарлайды.
Осыған байланысты, атаулы әлеуметтік көмекке және балаларға арналған жәрдемақыға үміткер болу үшін сіз тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуыңызға болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.