Бас тақырыпОблыс әкімі

Өңір дамуы – бақылауда

Қарқаралылық кәсіпкерлер мемлекет қолдауының арқасында бизнесті кеңейтуде. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ Қарқаралы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында мәлім болды.

Бизнес – береке бастауы

Қарқаралыға жұмыс сапары барысында облыс әкімі аудандағы шағын және орта бизнестің дамуына қатысты сауалдар қойды. Ерлан Қошанов сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорынның, ауыл шаруашылығы техникасын жөндейтін цехтың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың арқасында ашылған жекеменшік аяқ киім жөндеу шеберханасында болып қайтты.

Кәсіпкер Дархан Сыздықов өзінің жөндеу цехын қыркүйекте ашқан. Мұнда дизельдік қозғалтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасы жөнделеді.

– Цехтың құрылысына мен 10 млн. теңге жұмсадым. Қосымша ретінде біз оның жанынан автобөлшектер сататын дүкен салдық, – деді бизнесмен.

Қынаят Сламбек кезінде Қазақстанға Қытайдан көшіп келген. Қазір ол – жеке кәсіпкер. Сүт өнімдерінің 11 түрін өндіретін кәсіпорын ашты. Шығарылатын өнімдер қатарында құрттың бірнеше түрлері, сары май мен ірімшік бар. Оның айтуынша, бұл тауарға деген сұраныс жоғары.

– Қарқаралы – туристік қала. Шетелдік қонақтар арасында да біздің өнімге деген сұраныс жоғары, – дейді Қынаят.

Ол өзінің кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Бұған қоса ет өнімдерін де шығармақшы. Сондай-ақ, келешекте 3 қабатты қонақ үй салуды жоспарлап отыр

– Онда туристер тек қоныстанып қана қоймай, қазақ ұлтының салт-дәстүрлері туралы біле алады. Төменгі қабатта қонақтарымызға құрт, қымыз, ірімшік пен ет қалай дайындалатынын көрсететін боламыз. Ал, үшінші қабатта демалатын бөлмелер болады, – деп бөлісті Қынаят Сламбек.

Нұржан Еркінмен аймақ басшысы өткен жылдан таныс. Нұржан үшінші топ мүгедегі – оның сөйлеу және есту мүмкіндігі шектеулі. Аяқ киім жөндеумен бұрыннан айналысады. Алдымен үйінде жұмыс істеген. Қазір ол жеке кәсіпкер, өзінің шеберханасын ашқан.

Нұржан өткен жылы облыс әкімінің грантын – 500 мың теңге ұтып алған. Сонымен қатар, ол цех ашуға және қазіргі заманғы станоктар сатып алу үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 млн. теңге алған.

– Грант бізге қажетті жабдықтарды сатып алуға көмегін тигізді. Аяқ киім жөндеумен қатар, Ержан кілт жасаумен айналыса бастады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында менің ұлым өз шеберханасын кеңейтіп, жұмысқа тағы бір қызметкер алды, ол да мүгедек. Бұрын барлығын қолымен жасаса, қазір станоктары бар. Клиенттер басқа ауылдардан да келеді, – дейді Нұржанның анасы.

– Нұржанның кәсібі – мемлекеттік қолдау қалай әсер ететінінің нақты мысалы, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сондай-ақ, Егіндібұлақта Ерлан Қошановқа жаңа дәріхана таныстырылды. Жас кәсіпкер Дана Жүнісбекова оны 2017 жылдың мамырында ашқан. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының 2 млн. теңге көлемінде грантын алған. Бұл қаражатқа тоңазытқыш, жиһаз сатып алып, маңдайша жазу жасатқан. Ғимараттың құрылысы мен жөндеу жұмыстарына өз қаражатын салған.

– Мен жуырда қалаға барып, «Даму» қорында болдым. Онда шағын және орта бизнесті несиелеу бағдарламасы туралы білдім. Маған барлығы ұнады, құжаттарымды да йындаймын да, өтініш беремін. Өз бизнесімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. Шалғайдағы ауылдарда тағы бірнеше дәріханалар ашқым келеді, – дейді Дана Жүнісбекова.

Ерлан Қошанов кәсіпкерлерге табысты жұмыс тілеп, аудан әкіміне оларға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Қарағайлыда аурухана салынады

Облыс әкімі Қарағайлы және Егіндібұлақ кенттерінің тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесулерде тұрғындар жағымды жаңалықтар естіді. Ауыл тұрғындары үшін жаңа аурухана салынып, Мәдениет үйі жөнделеді.

– Мен сіздерге үшінші рет келіп отырмын, және де әр келген сайын жағдай жақсарып келе жатқанын байқап отырмын. Демек, біз біртіндеп мәселелерді шешіп жатырмыз. Бұл – қуанышты жайт. Бұрындары сумен қамту және жолдарға қатысты түйіткілді мәселелер көп болған, қазір ауыз су бар, жолдардың бір бөлігі жөнделді. Ауруханаларыңыз апаттық жағдайда екенін білеміз, сондықтан біз сіздер үшін жаңа аурухана салуды шештік, – деді Ерлан Қошанов Қарағайлы кентінің тұрғындарына.

Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі мен Астана қаласынан келген мердігер компанияның өкілі болашақ аурухананың макетін көрсетті. Кент тұрғындарын бұл жаңалық қатты қуантты.

– Не деген керемет?! Үлкен рахмет. Шынымен де біздің кентіміз жанданып келеді. Жазда мұнда теннис корты ашылды, ауыл ішіндегі жолдар жөнделді. Өміріміз гүлденіп келеді, – деді жергілікті тұрғындар.

Жаңа аурухананы «Нұр АстанаҚұрылыс» ЖШС салатын болады. Нысан құны – 215 млн. теңге.

 – Қазір біз барлық ресми құжаттарды рәсімдеуді аяқтап қалдық. Келесі аптада құрылысты бастаймыз. Оны келесі жылдың тамызында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді «НұрАстанаҚұрылыс» ЖШС директоры Бабасай Тезекбаев.

Егіндібұлақ тұрғындары облыс әкімімен кездесу барысында ауылдарында не жетіспейтінін жеткізді.

– Келесі жыл Жастар жылы деп жарияланды. Біз жастарымызға үміт артамыз, олар біздің болашағымыз. Осыған байланысты біз сіздерден ауылымызда денешынықтыру-спорт кешенін салып берулеріңізді сұраймыз. Тағы бір өтінішіміз – Мәдениет үйін жөндеп берсеңіздер екен, – деді Сара апай.

 – Сіздерде не болып жатқанын әрдайым бақылауда ұстаймын. Шамамыз жеткенше сіздердің мәселелеріңізді шешуге тырысамыз. Өз Жолдауында Президент еліміздегі спорт нысандарын көбейту туралы айтқан болатын. Біз сіздердің ауылда спорт кешенін салуға көмектесеміз. Сонымен қатар, Мәдениет үйін де жөндейміз, – деп уәде берді Ерлан Қошанов.

Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов Егіндібұлақ ауылындағы Мәдениет үйін жөндеу жұмыстарына арналған жобалық-сметалық құжаттар дайын екенін айтты. Жұмыстардың жалпы құны 79 млн. теңгені құрайды.

 Әкіммен кездесу барысында ауыл тұрғындары жөнделген жолдардың сапасына қатысты мәселе қозғады.

 – Тек осы жылы ғана Қарқаралы-Егіндібұлақ автожолы жөндеуден өткізген еді. Алайда, онымен жүру мүмкін емес. Дөңгелектердің астынан тастар ұшып жатады, көліктің әйнектері сынады. Бұл не сұмдық? Жолдарымызды жөндей бастағанда біз қуанып едік. Бірақ, оның сапасы өте нашар, – деп шағымданды ауыл тұрғындары.

– Сапасыз жұмыстарын мердігерлер қайта жасайтын болады. Келісімшарт екі жылға жасалған. Біз оларға әлі ақшасын төлеген жоқпыз. Сондықтан, қаражатты бюджетке қайтарамыз. Келесі жылы жол жөндеуі толық тай аяқталады, – деп сендірді облыстың автомобиль жолдары және көлік басқармасының жетекшісі Әскербек Халтонов.

Қарқаралы-Егіндібұлақ автожолының жалпы ұзындығы – 82 шақырым. Оның 48-і облыстық маңызы бар жолдар. Биылғы жылы 25 шақырым жөнделді, жұмыстар 60% орындалған.

– Мен жаңа ғана осы жолмен жүріп өттім. Шынымен де ақаулар бар. Жұмыс өте сапасыз орындалған, жүру мүмкін емес. Сіздер бұл жөндеу кімнің есебінен жүргізіліп жатқанын білесіздер ме? Осы жолмен күнделікті жүретін адамдардың есебінен. Егер, жасасаңыздар, сапалы жасаңыздар, – деді Ерлан Қошанов автомобиль жолдары және көлік басқармасының жетекшісіне.

Дәрігерлерге баспана беріледі

Бір жылдан соң Қарқаралыда дәрігерлерге арналған пәтерлер орналасатын ғимаратты жөндеу жоспарланып отыр. Ол жергілікті ауруханада білікті мамандардың тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді. Қазіргі таңда осы проблеманың салдарынан емделушілерді қалаға жіберуге тура келіп отыр.

Облыс әкімі Қарқаралыға жұмыс сапары барысында орталық аудандық ауруханада болып қайтты. Оның құрамына емхана, 73 және 60 орынға шақталған стационарлар, 11 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлікакушерлік және 30 медициналық бекет кіреді. Аудандық аурухананың ғимараты 2007 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған.

– Біз ауданның барлық тұрғындарына медициналық көмек көрсетеміз. Ол 40 мыңға жуық адам. Ауруханада 43 дәрігер қызмет етеді. 2016 жылдан бері әлеуметтік дәріхана ашылған, онда дәрі-дәрмектерді 15-20% төмен бағамен сатып алуға болады, – деді Қарқаралы ауданының ОАА директоры Светлана Сүлейменова.

Облыс әкімін «ауданда дәрігерлер жеткілікті ме?» деген сұрақ қызықтырды. Бұл негізгі проблема екені анықталды.

– Кейбір мамандардың жоқтығынан бізге науқастарды қалаға жіберуге тура келеді. Алайда, шешім бар. Біздің қарауымызға бұрыңғы колледж жатахқанасының ғимаратын береді. Сондықтан, оның ЖСҚ дайындауға қаражат бөлеміз, және де бір жылдан соң ол ғимаратта дәрігерлерге арналған 36 екі бөлмелі пәтерлер болады. Бұл өз кезегінде ауданға қажетті дәрігерлерді тартуға мүмкіндік береді, осылайша мамандардың тапшылығын шешпекшіміз, – деп жауап берді облыстың денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев.

 Сондай-ақ, оның айтуынша, келесі жылдың көктемінде Қарқаралыда гемодиализ орталығы ашылады.

Туризм әлеуеті жоғары

Қаладағы мәселелер жайлы Қарқаралы тұрғындары облыс әкіміне айтып берді. Аудандық актив жиналысында кәріз, сумен қамту және жолдарға қатысты сұрақтар көтерілді. Кәсіпкерлер туризмді дамытуда және шағын несие алуға көмектесуді сұрады.

– Мен барлықтарыңызды ауданда бар мәселелерді талқылау үшін жинадым. Бұл кездесу еркін форматта өтсін. Барлық ниет білдірушілер сұрақтарын қоя алады. Мұнда менің орынбасарларым мен басқарма басшылары бар, олар нақты жауаптарын айтады, – деді аймақ басшысы отырысты ашу барысында.

Қарқаралы тұрғыны Серік Жәкеев қала дамып келе жатқанын айтты. Жыл сайын тұрғындар саны артып келеді. Қазіргі таңда Қарқаралыда 1800-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Адамдар шалғайдағы ауылдардан көшіп келіп, үйлерін салып жатыр.

 – Осы жағдайға байланысты бізде екі мәселе туындап отыр – кәріз және сумен қамту жүйелері, – деп түсіндірді Серік Жәкеев.

– Табиғи саябақтың жанында ұңғыма бар. Ол жерден қаланың 80 % тұрғындары су алып отыр. Алайда, қалғандарында сумен қамтуға қатысты қиындықтар бар. Әзірге бұл мәселе шешілмей тұр.

 – Сумен қамту жүйесіне біз қаражат бөлдік. Бірақ, сіздер оны меңгере алмадыңыздар, – деді Ерлан Қошанов аудан әкімі Халел Мақсұтовқа.

 – Енді міне, тұрғындар орынды мәселені көтеріп отыр…

 – 2013 жылдан бері біз үш рет өтініш бердік. Бірақ, бастапқыда қажетті сома 1,5 млрд. теңгені құраған болатын, ал қазір ол 2,5 млрд. теңгеге дейін көтеріліп кетті. Сумен қамту үшін ЖСҚ дайын тұр. Біз су құбырын Жарлы ауылы арқылы тартамыз. Геологиялық-топографиялық жұмыстарды ескере отырып, аудандық бюджеттен 7,5 млн. теңге бөлінген. Мердігер анықталған, жұмыстар аяқталуға жақын, – деп есеп берді аудан әкімі.

Ерлан Қошанов, сонымен қатар, облыстың энергетика және ТКШ басқармасының жетекшісі Ұлантай Үсеновке: «Бұл мәселелерді барынша шұғыл түрде шешу керек» деп тапсырма берді.

Ауданда туризм саласын дамыту әлеуетіне Ерлан Қошанов ерекше назар аударды. Ол Қарқаралы Қазақстанның ТОП-50 үздік туристік жерлері рейтингіне енгенін еске салды.

 – Үздік ондықтар қатарына ену үшін инфрақұрылымды жақсартып, жолдарды жөндеу қажет. Туризм дамыған соң Қарқаралы ауданында өмір жақсарады. Жуырдағы Жолдауында Елбасы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше назар аудару керектігін айтты. Біз барлығымыз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button