Бас тақырыпБасты тақырып

Президенттің пәрмені – бизнестің дәрмені

Тап қазір әр елдің экономикасын сақтап қалудағы жанталасы шахматтың шаршы тақтасындағы сарт-сұрт тартысты елестетеді. Мұнда ереже дәл шахматтағыдай. Қателесуге болмайды. Жаңылдым деп, басқа жүріс сұрай алмайсыз. Жаңылыс қадам тастың түбіне жетеді. Комбинация дұрыс таңдалуы тиіс. Олай болмаса, оңбай ұтылады. Дүние жүзінде індет экономикадағы ірілердің, алпауыттардың өзін шайқап тұр. Ал, кеме шайқалса, оның қасындағы қайықтардың қайраңда қалатыны және мәлім. Шағын және орта бизнестің осы күнгі әлпеті – сол қайықтарға өте-мөте ұқсас…

КӘСІПКЕРЛІКТІ «ҚҰТҚАРУШЫ ШЕҢБЕР»

«Мен!» деген мемлекеттердің өзінің осал тұстарына соққы беріп, сеңдей соғылыстырған бүгінгі ахуал дүйім адамзатты дағдартты. Жанымен бірге малын сақтаудың жолын іздетіп қойды. Бұрынғы қалыпты тірліктің енді қайтып келе қоюына күмән білдірген сарапшылардың сөзіне сенсек, әр ел қал-қадірінше ертеңі үшін қамын кешеден бастап жасауы тиіс екен. Өйткені, экономиканың бар саласы күйзелісте тұр. Әсіресе, әлем буыны қатып, бұғанасы беки қоймаған шағын, орта бизнес үшін уайым шегіп отыр.

Елдегі шағын және орта бизнес те күрделі жағдайда. Мемлекет індет ел шетіне жеткенде-ақ бизнестің осы өкілдерін бауырына тартып, қамқорлығына ала бастады. Бизнестің осы бір «әлжуаз» тобына қолдау шараларын іске қосты.

Бүгінде Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің басым үлесін иемденуге ұмтылған шағын және орта бизнесті қолдауды жалғастырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында арнайы тоқталды.

«Шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеруде. Шын мәнінде, пандемияның зардабы осы салаға ауыр тиді. Экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылды. Бірақ, ахуал әлі де болса күрделі.

Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырамын. Субсидиялау Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни, биылғы 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды», – деді Мемлекет басшысы.

Оған қоса, Ұлттық банктің көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін арнаулы бағдарламаны жүзеге асыруға кіріскені белгілі. Бағдарлама бір жылға жоспарланған. Алайда, енді ол бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды. Президенттің пәрменімен. Бұған қосымша 200 миллиард теңге бөлуді, сөйтіп, бағдарлама құнын 800 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды Үкіметке.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алған шағын, орта бизнес өкілдерін жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босатуға, еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдерді жыл соңына дейін тоқтатуға міндеттеді. Бұған дейін де салықтық жеңілдік, несиелік каникул, жалдау құнын тоқтату секілді шаралардың іске асуына мұрындық болғанын айта кеткен абзал. Енді сондай ауқымда жалғасқан қолдау «шаршап», «күйзеле» бастаған шағын, орта бизнестің серпілуіне сеп болары хақ.

«БИЗНЕСКЕ КЕДЕРГІ КЕЛТІРУ – МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРСЫ ЖАСАЛҒАН АУЫР ҚЫЛМЫС»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда дәл осылай деді. Мемлекеттік ұйымдардың кәсіпкерлікке жөн-жосықсыз араласып, адымын аштырмауын Мемлекет басшысы мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс деп бағалады. Енді бұдан былай кәсіпкерлерге шенеуніктер қысастық жасаса, бірден прокуратураға жүгінуді және нұсқады.

Бизнесмендердің басын тауға да, тасқа да соқтырған нормативтік-құқықтық актілердің де реформаға ұшырайтын кезі келді. Президент Үкіметке мұны да міндеттеді. Алдағы жылы Үкімет сол тапсырмаға сай шағын және орта бизнестің қызметін реттейтін жаңа нормативтік-құқықтық базаны дайындауы тиіс. Бизнестің құқықтық саласы ақсап тұрғаны шын еді. Енді сол олқылықтың орны толатын сыңайлы.

ТҮЙІН

Сонымен, елде бизнесті сауықтыру жүріп жатыр. Бизнестің міндетті несиелік төлемдерін жабуды кейінге қалдыру, я жалға беретін жалдау құнын төмендету, тоқтатып тастау секілді проблемалар ұтымды шешілді. Мәселен, облыстық кәсіпкерлер палатасы несиені кейін төлеу туралы 560 кәсіпкерлік субъектісінің өтінішін қарастырыпты. Кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлік басқармасы алғашқы күннен-ақ жалға ақы төлеу туралы мәселелер бойынша ірі 86 сауда үйімен, соның ішінде, 26 ірі сауда орталығымен бітім жүргізген-ді. Мұндағы жалға алушылардың ұзын саны 4800 еді. Соның нәтижесінде жалға алушыларды ақы төлеуден толық босатуға, 50 пайызға дейін жалдау ақысын төмендетуге, жұмыс уақытына сай қайта есептеулер жүргізуге қол жеткізілген-тін.

Десек те, нарықтың заңына сәйкес қиындыққа төтеп берген әлдісі қалып, әлсізі «ойыннан» шығатыны анық. Алайда, мемлекет кәсіпкердің ешқайсысын бөле жармады. Баршасына тең қолдау көрсетуге мүдделі. Әзірге ешкімнің кеудесінен итеріп күресінге тастағанын көрген жоқпыз. Бірақ, өмірдің тіршілікті табиғи сұрыптағаны секілді, экономиканы да сұрыптайтынын сеземіз. Бұл – осы күннің қатаң да қатыгездеу талабы. Оны мойындауға мәжбүрміз…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button