БИЗНЕСТЕГІ ӨЛІАРА кәсіпкерлік «реанимациядан» шықты

Қазір бизнес бүкіл әлемде қашан аяқталары беймәлім өліара шақты басынан өткеріп отыр. Шағын бизнестердің таза ұсақталып, соңында «суға кетіп қалу» қаупі де бар. «Жан сақтаудан» шыққанымен, жан бағуы тағы анық емес. Нарықтың сүзгісіне тап болған олардың экономикалық сұрыптаудан қалай өтерін уақыт көрсетеді. Бірақ солай екен деп, әлемдік дағдарыс селімен қоса ағып кеткен ешкім жоқ. Кәсіпкерлер қолдан келген тірлігін қыла бастады. Бизнесмендердің базынасын тыңдап, мәселесінің мәнді шешілуіне мұрындық – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық ұйымы сол аралықта 20 мың өтініш келіп түскенін айтады. Көптеген проблемаларды аймақтық кәсіпкерлер палатасы өздері шешіпті. Қайсыбірінде атқарушы билікке жүгінген. Сөйтіп, бірлесе, пәтуалы шешім шығаруға ықпал еткен екен. Осы күні кәсіпкерлерді қарға адым аштырмай тұрған не сонда?

«Палата қызметкерлері төтенше жағдай жарияланғаннан бүгінге дейін аймақтағы бизнес-қауымдастыққа кеңес беру және ақпараттандыру жөнінде жұмысты тоқтатқан жоқ. Мамандар мәселелердің жүйелігігіне қарай блоктар мен бағыттарға бөлінді. Әр сарапшы төтенше жағдай кезінде күн сайын 200-ден астам телефон қоңырауына жауап берді», – дейді аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Негізі кәсіпкерлердің құқын қорғауда палата арқалаған жүк – ауыр. Кез келген мемлекеттік ұйымнан қағажу көріп, немесе қандай да бір құзырлы орын жазықсыз жазалы етсе, әбжіл қимылдап, әрекет ететін палата осы күрделі кезеңде талай кәсіпкердің құқын сақтап қалыпты. Оның бәрін тізбелеп отыру әсте мүмкін емес. Соның бір мысалы Саран қаласындағы «Восток» дүкенінің қожайынына карантин режимін бұзғандығы үшін қолданылған шараны жеңілдетуі. Сонымен бірге, осыдан бірер апта бұрын «Шығыс» азық-түлік дүкені иесінің де құқы қорғалды.

Палата «төтенше жағдай мемлекеттік органдардың туындаған мәселелерді шешуге әркез дайын еместігін, олармен кері байланыстың жоқтығын, нормативтік-құқықтық актінің қолданылуы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін көрсетті» дейді.

Осы кезеңде бизнестің міндетті несиелік төлемдерін жабуды кейінге қалдыру, я жалға беретін жалдау құнын төмендету немесе тоқтатып тастау секілді проблемаларды ұтымды шешкен. Мәселен, несиені кейін төлеу туралы 560 кәсіпкерлік субъектісінің өтініші қарастырылыпты. Кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлік басқармасы алғашқы күннен-ақ жалға ақы төлеу туралы мәселелер бойынша жұмыс тобын құрды. Бұл топпен бітімгерлік ірі 86 сауда үйімен, соның ішінде, 26 ірі сауда орталығымен жүргізілді. Мұндағы жалға алушылардың ұзын саны 4800 еді. Соның нәтижесінде жалға алушыларды ақы төлеуден толық босатуға, 50 пайызға дейін жал ақысын төмендетуге, жұмыс уақытына сай қайта есептеулер жүргізуге қол жеткізілген көрінеді.

Бұл орайда монополистер де сырт қалмағанын айтады палата. Табиғи монополияның 85 субъектісі уақыты өткен коммуналдық төлемдерге айыппұл мен өсіппұл қоспау және тоқтатпау міндетін мойнына алған.

Дәл қазіргі уақытта жұмысын қайта жандандырған кәсіпкерлерге санитарлық талаптар да қатаң қойылды. Жұмысын бастау үшін бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің талаптарына сәйкестігін растайтын акт алуы тиіс. Облыста осындай дайындықты тексеретін 55 бақылау тобы құрылған екен.

Не десек те, отандық кәсіпкерлік әзірге жасанды демалу аппаратына қосыла қойған жоқ. «Жан сақтаудан» шықты. Соған қарағанда, жағдай оңалады деген дәме – таудай.

Қызғалдақ АЙТЖАН.