Жаңалықтар

Көбейтұз және әлемдегі қызғылт көлдер

Карантин талабына байланысты сыртқары елдерге шыға алмауымыздың арқасында ішкі туризмге әжептеуір жарнама жасалуда. Соның ішінде, Елорданың іргесіндегі Ерейментау ауданына қарасты Көбейтұздың жарнамасы соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кеңінен таралу үстінде. Нұр-Сұлтаннан 170 шақырым жердегі бұл көлге демалыс күндері тартып кетуді елордалықтар биыл сәнге айналдырды.

 

Көбейтұз атауын біреулер жылдан жылға тұзы көбейіп келе жатқандығымен байланыстырады. Көне көздердің айтуынша, ол осы жердегі 7-8 шағын көлдер секілді құс қонып, балығы шоршыған көл болған екен бұрындары. Соңғы 15-20 жылда тұзы молайып, түсі қызғылт тарта бастапты.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде тұзды батпақты тері және буын ауруларына ем ретінде пайдаланады. Мұны дәстүрлі медицина да жоққа шығармайды. Сондықтан, Көбейтұздың пайдалы әсері мол. Тек, оның батпағына сағаттап жатуға, суына 15-20 минуттан артық түсуге болмайды.

Жалпы, Көбейтұз секілді қызғылт көл кез келген елде кездесе қоймайды. Енді, әлемдегі танымал қызғылт көлдерге шолу жасалық.

Сенегалдағы Ретба өзені. Cap Vert түбегінде орналасқан көл. Өзен түсінің ең қызғылт тартатын мезгілі жауын-шашынның азайып, күннің ысыған маусымына дөп келеді. Бұл құбылыс – тұзды көлге тән дүние. Көл маңайында тұз өндіру бизнесі жолға қойылған.

Испаниядағы Торревьеха тұзды көлі. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының «Еуропа бойынша адам ағзасына ең пайдалы көл» деген бағасын алған мекен. Емделу әдісі – өте қарапайым. Қызғылт көлдің суында жату – тері мен өкпе ауруларының бірден-бір ем.

Аустралиядағы Лагуна Хатт (Hutt Lagoon) көлі. Ұзындығы – 14 шақырым, ені – 2 шақырым. Қазақта айтылатын Қырыққұдық, Мыңшұңқыр, Сексенкөл атаулары австралиялықтарда да кездеседі. Бұл жақта тұзды көлдер алқабы бар. Әуеден қарасаңыз, қызғылт суға толған шұңқырларды байқауға болады.

Канададағы Dusty Rose Lake көлі. Бұл көлдің түсін қызғылт етіп тұрған дүние тұз емес. Онда тұз атымен жоқ. Қызғылт түс – көл табанындағы тастардың әсері.

Юта штатындағы (АҚШ) Үлкен тұзды көл. Басты ерекшелігі – құрамындағы тұздың теңіз суынан он есеге жуық артықтығы. Көлдің оңтүстігінің тұзы – аздау. Ал, солтүстік бөлігінде балық түгілі микроағзалардың санаулы түрі ғана бар.

Әзірбайжандағы Масазир көлі. Көлемі – 10 шаршы шақырым. Су құрамында хлорид пен сульфат көп. 2010 жылы тұз өндіретін екі зауыт ашылған. «Azeri» сауда белгісі бар тұз – осы көлден алынған өнім.

* * *

Мұндай көлдер Батыс Еуропа, Мексика, Қырым, Түркия, Оңтүстік Америка мен Батыс Африкада да кездеседі.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button