Бозоқтан бүгінге дейін

Ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласын жайлаған түркі текті қыпшақтар мұңсыз еді. Азаматы да, қазанаты да көбе сауыт ішінде томсарып, төрт құбылаға көзін тікті. Қорамсағы қозы жауырын, болат ұшты бозоққа толы болды. Оның ысқырығынан төрт құрлық тітіркенді. Бөрілі байрағы желбірегенде, тұлпарының танауы делдигенде, терліктен моншақ тамғанда қыпшақтың қалың қосыны сайын сахараны еңсерді. Талай ұлт пен ұлыстың тамырына қан, Ұлы Далаға жан беріп, тарихын тасқа жазып кетті. Бірақ, сол ақиқаттың жүзін топырақ жасырды. Аңыз бен әпсана ғана қалды. Қатулы бабалардың қаһарын қанымен өтеген Қазақ елінің негізі сол дәуірден бастау алады. Оның астанасы Нұр-Сұлтан шаһары бір кезде көк түркінің Бозоқ деген тірегі еді.

 

Басшаһар өз тарихын сонау VII ғасырда іргесі қаланған түркі-оғыздың Бозоқ қаласынан алатынын археологиялық зерттеулер дәлелдеді. Орта ғасырдың басында Орал таудан Алтайға, Сібірден Жетісу мен Сыр бойына дейінгі далада мәдениеті гүлденген қалалар тұрды. Боз көдесі мен көк жусаны ұйысқан бетегелі белдерде мыңғырған мал мен аң өрді. Әлкей Марғұланның еңбектері көп жайтқа көзімізді ашты. Қоңыр аңды тымақ қып киген көшпендінің тірлігін мызғымас қара тастардан ұқтық.

Есіл, Нұра – бірі мұзды мұхитқа ұмтылған, бірі сахараны кескен екі өзен. Ақселеуі желбіреген сайын даладағы компас іспетті – Бозоқ шаһары. Ұлы Жібек жолы бойындағы сансыз керуеннің бағдары. Оның геостратегиялық маңызы орасан еді. Өйткені, қала Сарыарқаны ен жайлаған қыпшақтардың әкімшілік, қолөнер мен сауда, рухани орталығы және Еуразиялық кеңістікті жаулаудағы ең басты әскери тірегі болды.

Көне қала Түрік қағанатынан Алтын Орда дәуіріне дейінгі аралықта үш кезеңді басынан өткеріп, үш бөліктен тұрды. Шығысы – бұзық, орталығы – орда, батысы – үшік болып бөлінген қала бабалардың салтанатын төңірекке паш етті. Оның мұнаралары көкке ұмтылып, Тәңірге табынуға шақырды. Ол туралы деректі 1816 жылы алғаш орыс офицері Иван Шангин жазбалары баяндады. Кейіннен 1999-2007 жылдар аралығында Кемел Ақышев бастаған ғалымдардың Есіл стационарлық археологиялық экспедициясының жұмыстарымен оның Бас Орда болғандығы толық дәлелденді. Өйткені, оның сапында құл емес, алтын айдарлы ұл мен ажарлы қыз болды. Азаматы маңғаз, арулары кербез еді. Халықтың санасы азат болды.

Бір кездері орысқа тірек болған Ақмола бекініс еді. Оның маңызды қамал екенін түйсінген Кенесары хан 1838 жылы бекіністі отқа орады. Соңғы ханның туын көтерген Басығара батыр азаттықтың жолында шейіт болды. Бұл – тарихымыздағы қаралы да, қанды парақ.

Қазақтың қайсар ұлы Жұмабек Тәшенов «Тың өлкесі» деген желеумен орталығы Ақмола болған Арқаның беліндегі Алаштың жүрегін аман алып қалды. Ел аманатын арқалаған қайраткер де шаһардың анық әлеуетін сол кездің өзінде түсінген болатын.

…Қазіргі Нұр-Сұлтан шаһары – ғимараттары көкке шаншылған, сәулеті мен салтанаты келіскен құтты мекен. Оның «бас сәулетшісі» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Көреген тұлға 1997 жылы ел астанасын ажарлы Алматыдан алақандай Ақмолаға көшіруге белін бекем буды. Көпшіліктің қарсылығына тап болғанына қарамастан бабалардың мұратын орындады. Оның осы аса жоғары стратегиялық шешімінің маңыздылығы мен байыбына көпшілік кейін барды. Халық араласты. Терістікте қазақтың қарасы көбейді. Бас шаһар 1999 ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атанып, жаһанның ғылыми, рухани, мәдени құндылықтарының қатарына енді.

Алтын Орда, Алаш Орда, Түркістан, Орынбор, Қызылорда, Алматы, Нұр-Сұлтан – Алаш жылнамасының ақиқат парағы. Қабырғалы қалың қазақ жұрты барда Көк Тудың құламасы анық. Қалғанын тарих өзі елеп, екшеп алады.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.