АймақТеміртауТұлға

Теміртаудан түлеп ұшқан

Теміртаудың көңілдеріне мақтаныш сезімін ұялатып, мерейін үстем ететіні – тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрыш қалада шыңдалып, металлургияның қара қазанынан шыққандығы. Бұл жөнінде Елбасының: «Теміртау — менің жастығым, менің өмірім» деген сөзі жерлестеріміздің көңіл төрінде. Қала мен металлургия өнеркәсібінің тарихына алтын әріптермен жазылып қалған мына жылдар жылнамасынан үзінді бере отырып, сол кезеңдердің өзінде Н.Назарбаевтың бірқатар өміршең бағдарламаларды жүзеге асырғанын, өнеркәсіппен қатар, село өміріне, ауыл мектептеріне қамқорлық жасағанын анық аңғаруға болады.

1960 жылы домна пешінің сегізінші дәрежелі екінші мамандығы бойынша училищені үздік бітіргендігі туралы куәлік алған соң Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды металлургия зауытында жұмыс істеу үшін Теміртау қаласына оралды.

1960 жылдың 9 мамырында Н.Назарбаев Днепродзержинск техникалық училищесін бітірген он сегіз түлектің қатарында «Қазақ металлургқұрылысы» тресінің басқарушысы орынбасарының бұйрығымен «Доменстрой» құрылыс басқармасына жұмысқа жіберілді, ал, бір жарым айдан кейін оны домна пештерінің горновойы ретінде Қарағанды металлургия зауытына ауыстырды. Металлургия саласы бойынша терең білімді меңгеруге ұмтылысы Елбасының жоғарғы оқу орнында оқуына негіз болды. Қарағанды металлургия зауыты инженер мамандарға зәрулікті бастан кешіріп, жас әрі болашағы зор жұмысшының еңбексүйгіштігін жоғары бағалап, оны зауыт есебінен ай сайынғы шәкіртақысын төлей отырып, Қарағанды политехникалық институтына оқуға жіберді.

Осылайша, 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ҚарПТИ-дің ЛП-62-2 тобына (қара және түсті металл құю өндірісі) қабылданды. Оның кемел ақылы, пайымдағыштығы, жеке жағдайдан тұтас құбылыстарды аңғару қасиеті – сол кездің өзінде назарға ілініп, көп құрдастарынан оқ бойы озық тұрды. Әрбір айтқан пікірі салмақты әрі негізді, сол себепті Нұрсұлтан жастардың арасында үлкен құрметке ие болды. 1965 жылы Қарағанды политехникалық институтында «Қара металдар металлургиясы» мамандығының жабылуына байланысты Н.Назарбаев оқу мен Қарағанды металлургия зауытындағы жұмысын бірге ала жүріп, «Домна өндірісі» мамандығы бойынша ЖТОО зауытының кешкі бөліміне ауысты. Жұмыс істеп, әрі институтта оқу, әрине, қиын еді. Бұл сәтті Ұлт көшбасшысы былайша еске алады: «…горновойдың еңбегі деген не? Скрапты уату үшін ауыр сүймен, оны шығару үшін жалпақ күрек. Ал оның іші – тозақ, температура екі мың градусқа жуық. Оның үстіне газ, шаң. Жүктеме ғаламат. Үнемі оттың алдындасың, ауысымда орта шелек тұзды су ішесің және соншасы бойыңнан ағып кетеді. Ыстық пен ауыр жүктемеден көбісінің мұрнынан қан кетті…» Училищені бітіргеннен кейін Н.Назарбаев Қарметкомбинатта домна пешінің горновойы болып тоғыз жыл жұмыс істеді. Одан әрі оның саяси карьерасы басталды.

Н.Назарбаевтың 1969 жылдан 1977 жылға дейінгі қызметі Қарағанды металлургия комбинаты мен Теміртау қаласындағы комсомол және партия өмірімен тығыз байланысты. Қазақстан Магниткасындағы жас құрылысшылардың түрлі бастамаларына белсенді қолдау көрсетті: «Қазақстандық сәт үшін», «Комсомол-селолық мектепке», «Лениндік мерейтойға – шеберлік және жастар ізденісі» және тағы басқа, әсіресе, оны металлургия зауыты цехтарында кадрлар даярлау және оларды орналастыру мәселелері толғантты.

1969 жылдың 7 тамызында Қазақстан КП Теміртау бюросының жиналысында Қарметкомбинат цехын іске қосу үшін кадрлар даярлау және оларды орналастыру мәселесі тыңдалды. Кадрлар даярлауға Н.Назарбаев айырықша ат салысты. Отырыста сондай-ақ «1969 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша цехқа 585 адам алынды. Штат бойынша қажетті жұмыскерлер саны 675, ал құрамның жетіспеушілігі 90 адамды құрайды. Елдегі өзге зауыттарда Қарағанды металлургия зауытының техникалық оқыту бөлімінде барлығы 442 цех жұмысшысы оқытылады, оның ішінде негізгі мамандықтар бойынша: конверторшылар – 69, құюшылар – 54. Басқа зауыттардан жетекші мамандықтардағы білікті жұмысшылар шығартылады» деп баяндалды.

Оң бағыттағы жетістіктермен қатар кадрлармен жұмыс жасаудағы кемшіліктер атап өтілді: «Конверторлық цехтағы жинақтау басталғалы бері 110 адам жұмыстан кетті, оның ішінен ағымдағы жылдың тек І-ші жартыжылдығында – 61. Қазіргі уақытта зауытта 120 адам пәтермен қамтамасыз етілмеген, бұдан бөлек балалар мекемелеріне кезекте тұрғандар саны 190 адамды құрайды. Конверторлық цехты іске қосу мерзімінің кешіктіріліп, еңбекақыға қанағаттанбау салдарынан 8, 9, 10 дәрежелі жоғары білікті жұмысшылардың кетуі орын алды» деп ашық мәлімдеді.

1970 жылдың 13 қаңтарында Теміртау қалалық комсомол комитеті хатшысы Н.Назарбаевтың басшылығымен «Қазақстан КП ҚК бюросына күн сайын 8 сағаттық тапсырманы 7 сағатта орындап «Қазақстандық сәт» қозғалысын бастаған Қазақстан Магниткасындағы жас құрылысшылардың бастамасын мақұлдап, оған қолдау көрсетуге өтініш білдірді. «Қазметталлургқұрылысы» тресіндегі жас құрылысшылардың бұл әрекеті қаламыздағы барлық халық шаруашылығы кәсіпорындарының қызығушылығын оятты». 1970 жылдың 16 қаңтарында Қазақстан ЛКЖО Қарағанды обкомының ҮІІІ пленумы отырысында сөз сөйлеген Н.Назарбаев келесілерге тоқталды: «Селолық оқушылардың техникалық бағдарын, бозбалалар мен бойжеткендердің білікті шығармашылық еңбекке деген бағдарын жақсартуға мүмкіндік беретін «Комсомол — селолық мектепке» деген атаумен қазір жүріп жатқан екіжылдық БЛКЖО ОК қаулысын орындаудағы маңызды түйіндердің бірі болуы тиіс» деді.

Аудандағы барлық басшылыққа алынған мектептер қала кәсіпорындары мен мектептеріне бекітілді. Қарағанды МАЭС-2 комсомолшылары «Маржанкөл» және «Қазанның 40 жылдығы» совхоздарындағы мектептерге басшылық етуде. Балалар мектепке барып, директорлармен, комсомолдармен, оқушылармен әңгімелесіп, олардың қажеттіліктерін білді. Мектептерге 400 дана кітап, химиялық реактивтер, колбалар, Ленин туралы стендке арналған плакаттар, құрылыс материалдары берілді.

ЖТОО зауытының 100 студенті Нұра ауданының 3 совхозында жұмыс істеді. Үйлер салынып, мектептер жөнделді, спорт алаңдарының құрылысына көмектесті, спорттық жарыстар, дәрістер ұйымдастырылды. Студенттер каникул кезінде қамқорға алынған мектептерге Лениндік бұрышты әзірлеуге, физкабинетті жабдықтауға көмек көрсетуге ұйғарған. Сөз сөйлеуші «басшылық қамқор көп жағдайда нақты емес нысандылық сипатқа ие, аудандық комсомол комитетіне, совхоздардың комсомолдық ұйымдарына оқу-тәрбие жұмыстарын жақсартуда, селода жастарды орнықтыру, селолық еңбекке сүйіспеншілікті дағдыландыру мәселесінде тиісті көмек көрсетілмейді» дей келе осы жұмыстағы кемшіліктерді де атап өтеді.

1970 жылдың 3 шілдесінде Теміртау қалалық комсомол комитетінің ІІІ Пленумында Н.Назарбаев баяндама жасап, онда «соңғы төрт жылда комсомолдар мен жастардың белсене қатысуымен Қарағанды Металлургия зауыты, Қарағанды қыспақ және қаңылтыр илемі цехы, жүздеген шаршы метр тұрғын үй және көптеген мәдени-тұрмыстық нысандар іске қосылды» деп баяндады. Сондай-ақ, ол 2000-нан аса адам қатысқан «Лениндік мерейтойға-шеберлік және жастар ізденісі» атты рационализация мен өнертапқыштық саласындағы қалалық техникалық шығармашылық байқауы туралы айтты. «Олар экономикалық тиімділігі 1 млн. сомға жуық 1098 рационализаторлық ұсыныстар мен жаңалықтарын ортаға салды. ЖТОО зауыты студенттерінің бірлескен авторлығымен жасалған сұйықтыққа арналған жаңа сифонды дозаторды көрсете отырып кәсіпорындар мен құрылыстарды техникалық жарақтандыру бойынша, мектеп-интернат оқушылары дайындап, ЖШЖК-ке қойылған автоматты қолданыстағы бөлгіш бастиек, қашау белдігі көрсетілген қалалық көрме өтті. Республикалық көрмеге бірнеше жұмыс таңдалып алынды.

…Қала жастарының үнемділік пен ұқыптылық және өндіріс қолданылымының республикалық байқауына қатысуы нәтижесінде рационализаторлық ұсыныстарды енгізу мен материалдық құндылықтардың сақталуын жақсарту есебінен 7 млн. сом алынды…»

Н.Назарбаев жастардың кәсіптік бағдары туралы, оларды моральдық және физикалық жетілдіру жөнінде мәселелер көтерді. Бұл жөнінде ол «Кәсіптік бағдар бойынша негізгі жұмыс кәсіптік-техникалық училищелерге жүктеледі. Оларда 3700 адам оқиды. Жаңа училищелердің қолданысқа енгізілуі есебінен бұл сан таяудағы жылдары екі есеге артуы тиіс. Бұл училищедегілерді жинақтау қиындық туғызып отыр. Жастарды ҚКТУ-ге тарту мақсатында қалалық комсомол комитеті жанынан кәсіптік бағдар кеңесі құрылуда, ашық есік күні өткізіледі, әрбір мектеп училищелерге бекітілген, еңбек ардагерлерімен кездесулер, кәсіпорындар мен құрылыстар бойынша экскурсиялар ұйымдастырылуда» деді…

1970 жылдың 19 қарашасында Қазақстан КП Теміртау қалалық комитеті бюросының отырысында Н.Назарбаев Қарағанды металлургия комбинаты жастарының бос уақыты туралы мәселе көтерді. «Көп жылдар бойы осы зауыттағы жастардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Оларға өздерінің комсомолдық іс-шараларын өткізуге орын жоқ Бар клубта ісшараларды өткізу ыңғайсыз, билеуге тыйым салынған. Сондай-ақ, спорттық база да жоқ. Тек комбинат жастары ғана емес, барлығы күтіп отырған Металлургтер сарайының, комбинаттың спорт кешенінің құрылысын тәмамдау байқалмайды…»

Міне, жылдар жылнамасы осылайша сыр шертеді өткен күндерден. Бұл өзекті мәселелер дер кезінде қолға алынып, оң нәтиже шығып, нәтижесінде қаламызда, оның ішінде металлургтер үшін қаншама игілікті істер атқарылды. Жаңа нысандар салынып, пайдалануға берілді. Жастардың өзекті мәселелері дер кезінде шешімін тапты. Бұл жолда Теміртаудан түлеп ұшқан Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі ерен.

Руза АЛДАШЕВА,

журналист.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button