Елорда күніЖаңалықтарРуханият

Елорда – жастардың көзімен

Елорда – Орталық Азияның мақтанышы. Жастардың қаласы. Бұл қалаға келу үшін жүректілік пен амбиция қажет. Себебі, мектептен алған білімің мен тәжірибең сынға түседі. Білім мен ілімнің, технологияның дамыған жерінде қателесуге жол жоқ. Техника саласының үздіктері, жоғары дәрежелі профессорлар мен практик мамандардың бәрі де осы қалада. Үлкен қалада білім алу үшін де біліктілікті талап етеді. Бас қалада білім алып жатқан қарағандылық жастардан өмірлері жайлы сұрап білген едік.

Мен Теміртаудағы №8 мектептің 9 сыныбын аяқтап, Нұр-Сұлтан қаласындағы Гуманитарлық колледжге оқуға түстім. Елордаға баруыма ата-анам себепші болды. Алғашқыда үлкен қаланың өміріне үйренісе алмай жүргенімді жасырмаймын. Қазір бәрі басқаша. Отбасым да осы жаққа көшіп келді. Бірге тұрып жатырмыз.

Теміртауда Нұр-Сұлтандағыдай үлкен білім ордалары жоқ. Онда мүмкіндіктер де аз. Қазір өзім оқып жатқан колледж білім беру жағынан басқа қаланың колледждеріндей емес, әлдеқайда жоғары. Әрі іс-тәжірибе өту барысында студенттерге үлкен мүмкіндік бар.

Астанамызда бастауыш сынып мұғалімдері тапшы. Оқуымды тәмамдаған соң еңбек жолымды бас қаламыздан бастамақ ойым бар. Себебі, Нұр-Сұлтан – жастардың қаласы.

Әсел ДҮЙСЕНБАЕВА,

Гуманитарлық колледждің 4 курс студенті.

Өзім Қарағандыдағы №25 мектепті тәмамдадым. Алға қойған мақсатым мен арманым мені Елордаға жетелеп әкелді. Бұл жақтағы өмір – Қарағандыдағыдай емес. Көз алдыңда алуан-алуан құрылыстар салынып, қарқынды даму үстінде. Маған бұл қала сонысымен ұнайды. Жастардың бойына күш-қайрат дарытып, құлшынысын арттырады. Қарағанды – менің үйім. Мақсатыма жетіп, ойлағанымды жүзеге асыру үшін үйімнен жырақ кеттім. Ал, осы арман жолында маған қанат бітіріп, үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын – тек Елорда.

Эльмира ҚАЙНАЗАРОВА,

 С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің 2 курс студенті.

Нұр-Сұлтан қаласына үлкен арманмен келдім. Өнер саласына қызмет істеп, үлесімді қосқым келетін. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін «театр әртісі» мамандығына үш мәрте құжат тапсырып, соңында грантқа түстім. Қазір, таңның атысы, кештің батысы үнемі сахнада дайындаламыз. Ұстаздарымыз театрға еңбегі сіңген жандар. Үнемі бізге жол сілтеп, ақылын айтудан жалыққан емес. Үлкен сахналарда өнер көрсетуімізге жол ашып, мүмкіндіктер беріп отыр.

Дәл осындай жоғарғы білімді еш жерде бере алмайтыны анық. Бұл қалаға алғаш студент болып келгенімде үйренісе алмаған едім. Қазір кеткім келмейді. Қаланың тіршілігі мені алға жетелеп, ұдайы шабыт беріп тұратындай. Алдағы уақытта да білімімді Елордада жетілдіріп, осы қаладан үлкен сахналарға қадам басқым келеді.

Назерке ТАШЕТОВА,

«Шабыт» Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 3 курс студенті.

Әкем – ветеринар. Мен де әкемнің жолын қуып Нұр-Сұлтан қаласына келдім. Қазір ветеринарлық медицина бөлімінде білім алудамын. Мұнда білім сапасы мен ойлағаннан да жоғары. Заманауи құрылғылармен жасақталыпты. Не керектің бәрі бар. Қарағандыда осы салада мамандар дайындайтын білім ордасының жоқтығы қынжылтады. Бүгінгі таңда осы салаға түсетін жастардың саны да аз. Бұл тұрғыда университет – мектеп бітіруші түлектерге жеңілдіктер ұсынып, өзіне шақыруда. Бас қалаға оқуға түскен жас түлектерді үлкен мүмкіндіктер күтіп тұр.

Ал, өзім оқуымды тәмамдаған соң туған жерім – Жаңаарқаға барып жұмыс істегім келеді. Қанша дегенмен Елордада мүмкіндіктер көп болса да туған жерімде қалғым келеді.

Ғабит КӨПЕЕВ,

С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің 5 курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button