БілімЖаңалықтар

ҰБТ: «Өзіңе сен…»

Облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Өңірде карантиндік жағдай орын алса да, тестілеу өткізуде 15 пункт сәтті жұмыс істеп, түлектер арақашықтықты сақтау арқылы тест тапсырды. Сөйтіп, 21 – 28 маусым аралығында өткен тестілеуге облыс мектептерінен 5066 талапкер қатысып, 4883 мектеп бітіруші сынақтан сәтті өтті.

Биыл ҰБТ кезінде медициналық-санитарлық жағдайлар қатаң сақталды. Университеттер корпустарында дезинфекциялы тоннельдер орнатылып, әр аумақта медицина қызметкерлері кезекшілікте тұрды. Корпуста ұялы телефондарға арналған сөрелер орнатылды.

140 түлек өз еркімен тестілеуге қатысудан бас тартты. КВИ-мен денсаулық жағдайына байланысты 19 түлек тестілеуге қатыспады. Ал, ҰБТ-ның ережелерін бұзған 33 түлекке тест тапсыруға рұқсат берілмеді. Техникалық себептерге байланысты тағы 10 түлек тестілеудің келесі кезеңінде бағын сынап көретін болды. Бұл жөнінде өткен брифингте облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.

– Өкінішке орай, тестілеуде тыйым салынған заттарды пайдалану әрекеті тест тапсырушылардың нәтижелерін жоюға және шеттетуге алып келеді. Олар биыл ҰБТ-ны қайта тапсыра алмайды. Сондықтан, ата-аналардың балаларға ұялы телефондарды немесе шпаргалкаларды пайдалануға болмайтынын ескертіп отырғаны жөн. Әрбір аудиторияда камера орнатылғандықтан, тестілеуді өткізу барысын мониторингтік топтар бақылады. Құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызмет өкілдері мен қоғам қайраткерлері болды. Бейнематериалдарға тұрақты мониторинг жүргізіледі, – деді Есенғазы Иманғалиев.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, ҰБТ өткен алғашқы аптада аймақта 1246 түлек шекті деңгей балын жинай алмады. Дегенмен, жоғары балл жинап мұғалімдері мен ата-анасын қуантқандар да кездесті. Мәселен, Зоблыстық мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі Әміржан Жақан –136 балл жинап, облыстың мерейін асырды. Сондай-ақ, Ұлытау ауданының түлегі, «Алтын белгі» иегері Аяулым Танабаева 132 балл жинап, жақындарын қуантты. Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе орта мектебінің түлегі Әлихан Жаманхан 131 баллды қанжығасына байлап, ұстаздарының алғысына бөленді.

Түлектерге хабарласқанымызда, тестілеу сұрақтарының оңай болғанын, өздері оқып, дайындалған тақырыптардан сұрақтар келгенін айтты. Әрине, тест тапсыру кезінде бақылаушылар бәрін қарап жүргенін де тілге тиек етті мектеп бітірушілер.

– Өзімнен кейін тапсыратын талапкерлерге шпаргалка сынды тыйым салынған заттарды алып кірмеуге кеңес беремін. Өйткені, камерадан бәрі көрінеді, бақылаушылар да қарап тұрады. Сондықтан, қашанда өз білімдеріңізге сеніңіздер. Мақсат қойып, соған жетуге талпыныңыздар, – дейді Аяулым Танабаева.

Биыл ҰБТ-дан өтпеген талапкерлер осы жылдың тамыз айында немесе 2021 жылдың қаңтарында ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін қайта тестілеуден өте алатынын айта кеткен жөн. Тестілеу құны – 2 242 теңге.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button