Жаңалықтар

Сауатты жарнама – мәдениеттілік белгісі

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қоғамдық орындардағы жарнама тілін түзеудің үлкен әсері бар. Ол үшін Қазақстан Республикасында Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, өзара тәжірибе алмаса отырып, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл сауаттылығын қадағалау және реттеу, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сай ресімдеуге әдістемелік көмек көрсету керек. Облыстық Тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «ZOOM» платформасында өткен «Жарнамалардың сауатты рәсімделуі – ортақ мүдде» атты аймақтық онлайн семинар-кеңестің де басты мақсаты – осы болды.

Шындығында алдымен көпшіліктің назарына көрнекі ақпараттар тіліндегі түрлі қателер, сауатсыз, олақ аудармалар, тілдік кемшіліктер түседі. Олардың қоғамдық санаға айтарлықтай әсер ететінін ескерсек, оның тілі де, сауаттылығы да, заңнама талаптарына сай ресімделуі де маңызды екенін аңғарамыз.

Жиынды тізгіндеген облыстық Тілдерді дамыту мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекованың айтуынша, жылына төрт рет ұйымдастырылатын «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға – сауаттылық» атты облыстық айлық шараларында жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы Заңдары талаптарына сай ресімделуі бойынша үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өңірлердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың жай-күйін бақылау мақсатында рейдтер өткізілген. «Нәтижесінде, соңғы 3 жылда 16975 нысаннан 3277 кемшілік анықталып, оның 2826-ы түзетілді (86,2%). Биылғы жылғы І тоқсандағы (ақпан-наурыз) айлық аясында ұйымдастырылған рейд барысында 1626 нысан қамтылып, оның 1525-і мемлекеттік тілді дұрыс пайдаланатындығы (94%) анықталды. Былтырғы жылдың I тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш 13%-ға артқан. (2019 жылы қамтылған 1887 нысанның, 1535-і, яғни, 81%-ы мемлекеттік тілді дұрыс пайдаланған). 2020 жылғы рейдтік шараларда 182 заңбұзушылық анықталып, айлық кезінде оның 78-і түзетіліп, ол 43%-ды құрап отыр. II тоқсандағы айлық жұмысын уақытында өткізу мүмкін болмады. Сондықтан да, жоспарланған шара 10 маусым-10 шілде аралығына белгіленіп, қала аудандарда тиісті жұмыстар жүргізілуде» – деді ол.

Аймақ көлеміндегі қала мен аудандарда шағын және орта бизнес өкілдеріне «Телеграмм», «WhatsApp» желілері арқылы әдістемелік көмек көрсету мен тегін аударма қызметін ұсынуға «Жедел желі» («Callcenter») жұмысы 2017 жылдан жұмыс істеп келеді. Қазірге дейін 5560 көмек көрсетілген. Былтыр бұл көрсеткіш – 2100 болса, биылғы жарты жылдықта – 1241-ді құрап отыр. Сондай-ақ, биыл Қарағанды қаласындағы жарнамаларда қателіктерді болдырмау үшін «САУАТТЫ ЖАРНАМА – 2020» әлеуметтік жобасы да қолға алыныпты.

Іс-шара барысында спикерлер дайындап келген баяндамаларын қоғам белсенділері, қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, кәсіпкерлер палатасы мен жарнама агенттіктері өкілдерінен құралған 70 қатысушының назарына ұсынды. Осы салада қордаланып қалған мәселелер ортаға салынып, жасалып жатқан жаңа жұмыс әдістері сарапталды. Кейбір кемшіліктерге сын айтылып, сұрақтарға жауап берілді.

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті Бектұрсын Қалиев «Кез келген елдің жарнамасынан ол елдің ұлттық ерекшелігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы, мәдениеті көрініп тұрады» дейді. «Жарнама туралы» Заңда «Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа тілде таратылады» – деп жазылған. Сондықтан да, кез келген саланың жарнамасы алдымен мемлекеттік тілде ақпарат беруге міндетті» деді ол.

Сондай-ақ ол, қазір жарнама мәтінінің алдымен орыс тілінде, тіпті, шет тілінде дайындалып, кейін қазақ тіліне аударылатынын тілге тиек етті. «Міне, содан шет тілдің ыңғайына жығылу, сол тілде қалай жазылса, үтір нүктесіне дейін қазақша солай жазу басым. Оған лайық балама табу немесе қазақ тілінің тілдік нормасын сақтау мүлдем ұмытылған» деді ол.

Оның айтуынша, кәсіп иелері жаңадан дүкен немес асхана ашса, «Біз ашылдық» деп жазады. Сол нысандар белгілі бір уақыттан кейін жабылса, «Біз жабылдық» деп жарнамалар ма екен? – деп сынға алды. «Осындай сауатсыздықпен ел болып күресіп, заң талаптарын орындамағандарға үлкен көлемде айыппұл салу керек» деді ол.

Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің сыртқы жарнамалар және оларды ресімдеу секторының меңгерушісі Юлия Плужникованың айтуынша, заңнамаға сәйкес, жарнамалық ақпарат анық, түсінікті, белгіленген тәртіппен, жергілікті жауапты органға хабарлай отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылуы тиіс. «Тіркелмеген діни бірлестіктердің жарнамасына тыйым салынса, жарнама қоғамда үрей туғызбауы, жұртты агрессияға, өзге де құқығына қарсы әрекетке итермелемеуі керек» дейді ол. Ол сондай-ақ, жарнама ілудің «Жарнама туралы» Заңдағы 8 түріне егжей-тегжейлі тоқталып, дұрыс ілінбегендеріне қанша көлемде айыппұл салынатынын да айтты.

Оның мәлімдеуінше, айыппұл 20-дан 500-ге дейін айлық есептік көрсеткішті құрайды. «Жарнама туралы» Заңның талаптары бұзылып, бір жыл ішінде тағы қайталаса, 170-тен 600 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (1 млн. 666 мың 800 теңгеге дейін) айыппұл салуға әкеп соғады.

«Болашақ» академиясының профессоры, Болат Сыздық пен облыстық ресурстық Тіл орталығының директоры Гүлназ Мұстағұлова да тұщымды баяндамаларын ортаға салды.

Олар да қазақ тіліндегі жарнамаларға басымдық беріліп, қай этнос өкілінің кәсіпорнына болса да, атауы мен жарнамасы және басқа да хабарландырулары алдымен мемлекеттік тілде сауатты жазылуы тиіс деп есептейді.

Гүлназ Мұстағұлова өздерінің атқарып жатқан жұмыстарының оң нәтижелерін слайд-презентация арқылы қысқаша түсіндірді.

Біз облыс аумағындағы барлық өңірлерде жарнама тілін сауаттандыру бойынша жұмыстар атқарудамыз. Қажетті кеңестер мен дұрыс аударма бойынша тегін көмек береміз. Осындай кәсіп иелері мен біріге атқарған жұмыс нәтижесін беруде. Қазір көптеген дүкендер мен қоғамдық орындар мән-жайды түсінген соң, көзқарастарын өзгертіп, жарнама сауаттылығына баса назар аударуда. Бірақ, кейбірі «Дүкен, Магазин» деп атауын ғана екі тілде жазып, қалғанын орысша жазады. Біз мұндай кемшіліктерді де жоюға күш салудамыз, – деді Гүлназ Серікқызы.

Түрлі тұщымды деректер жұрт назарына ұсынылып, тың ұсыныстар ортаға салынған семинар-кеңес аймақтағы жарнама тілінің бар жағдайынан хабар беріп, алдағы аяқ алысын да белгілегені анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button