Лицейде оқып жүр талай қазақ қыздары

Білім бәсекесінде бәсі жоғары тұрған білім ошақтарынан Қарағанды аймағы кенде һәм кенже қалып көрмепті. Осы күні аузымен құс тістеген, оқушыларына заманауи білім беруде қара үзіп жүргендердің ортасынан ойып орын алғанның бірі – Қарағанды қаласындағы қыздарға арналған №2 Білім және инновация лицейі екен. Дарыны бар дара балаларды біліммен сусындатқан лицей-интернат шаңырағын көтеріп, уығын шаншыған оншақты жылдың мұғдарында ғылым мен ілімнің талай додасында шашасына шаң жуытып көрмеген…

Тарихына көз жүгіртсек былай. 2010 жылы қыркүйектің 3-інде Қарағанды облысы білім басқармасының №2 дарынды балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатын» құру туралы қаулысы қабылданады. Кейін араға 7 жыл салып, лицей атауы «№2 Білім-инновация лицейинтернаты» деп өзгерді. Аты өзгергенімен, заты сол қалпы қалған лицей осы жылдар аралығында үш тілде білім алған жүздеген оқушының томағасын сыпырыпты. Олар жақын, алыс шетелдерде, отандық әйгілі оқу орындарында білім алды. Білікті маманға айналды.

Ал, қабырғасы қаланғаннан бергі уақытта шәкірттері пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда қанжығасы құр қайтқан емес. Мына деректі қараңыз. 2012-2020 жылдар аралығында пәндік олимпиадада алтын, күміс, қола медальдың 308-ін мектеп қоржынына салған.

Мектеп басшысы Гүлзира Пірмағанбетова мектепте құндылықтарға негізделе білім берілетіндігін айтады. «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деп Жүсіпбек Аймауытов айтпақшы, тәрбие – талбесіктен басталады. Біздің құндылықтарға негізделген мектептің мақсаты – балаларда эмоциялық интелектті дамыту, тәрбие жұмысын бір жүйеге келтіру, мектептегі барша қауымға адами құндылықтарды сіңіру, оны жан-жақты оқыту әрі үйрену. Біздің лицейдің алға қойған мақсаты да – осы. Бұл құндылық бойынша қалай жұмыс атқарылады дейсіз бе? Әрбір айда бір құндылық, екі жылда он сегіз құндылыққа тоқталып өтеміз. Мысалы, қыркүйек айы «Құрмет» айы болса, бір ай бойы аптада қысқа мерзімді, айда ұзақмерзімді іс-шаралар өтеді. Шараларға тек оқушы ғана емес, мұғалім, директор, қызметкерлер бәріміз ат салысудамыз» – дейді Гүлзира Сұлтанқызы.

Лицей үш тілде оқытатын білім беру ұйымдарының негізгі, жалпы орта білім берудің оқу жоспарын басшылыққа алып жұмыс істейді. 7-11 сынып арасында жаратылыстану – математикалық бағыттағы пәндер ағылшын тілінде оқытылады. Заманауи білім беру жүйесі, оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу педагог қызметкерлердің тұлғасына және кәсіби құзыреттілігіне жоғары талап қоюда.

«Педагогтардың біліктілігін көтеру бойынша жоғары деңгейдегі жоғары санатты – 16%, І санатты – 24%, ІІ санатты 28% ұстаздарымыз бар. Педагог қызметкерлер кәсіби біліктілігін жетілдірудің түрлі тәсілдерін қолдануда. 2012-2020 жылдар аралығында «Алтын белгіге» – 30, «Қызыл аттестатқа» – 47 оқушы бітірген. Жыл сайын 7, 8, 10 сыныптардағы 50 оқушы оқуды үздік бітіргені үшін мақтау қағазымен марапатталады. 15 түлегіміз алыс-жақын шет елдерде білім алуда. 2018 жылғы тү­легіміздің біреуі Аружан Ділдәхан Гонконгтағы әлемдегі ең үздік 30дыққа кіретін университеттің студенті. Гонконг университеті бізге алғыс хат жолдады.

Бір қуанышты жаңалығымыз оқушымыз – Ақерке Болат Америкадағы жоғарғы оқу орнынан шақырту алды. Ал, Назарбаев университетінде биылғы грант алған төрт оқушымызды қосқанда, 21 түлегіміз оқиды» – дейді мектеп басшысы. Оқытушыларының білім дәрежесімен һәм сол білімді саналарына құйып алған оқушыларымен мақтанады. Мақтан тұтса, тұтатындай-ақ екен. Мысалы, 2013-2020 оқу жылдарында ғылыми жоба қорғауда оқушылар 75 медаль иеленген. Жалпы, осы өткен жылдар еншісінде 835 медаль бар екен. Төмен көрсеткіш деп кім айтады?

Білім-теңізде желкенін керіп, бағытынан жаңылмаған оқу ордасының әлі де бағындырар биігі алда. Ұстаздар қауымы бұған бек сенімді.

Қызғалдақ АЙТЖАН.