Тарихи бұрыш һәм музей

Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде №32 орта мектепте «Орталық Қазақстанның алты киелі орны» атты тарихи бұрыш ашылды. Мұнда тек аймақтың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы, дүние жүзіне аты мәлім, тарихи тұлғалардың соңғы тұрағына айналған мекеннің реконструкциясы жасалған.

Әрбір кесенені таңдау барысында тарихтың әр кезеңі қамтылды. Мәселен, Домбауыл кесенесі 8-9 ғасырларға жататын болса, Құнанбай мешіті 1850- 1851 жылдар аралығында салынған. Одан бөлек, орта ғасырлық Жошы мен Алаша хан кесенелері және жоңғар шапқыншылығы кезеңінде батырлығы мен шешендігімен танылған жерлесіміз Сеңкібай батыр кесенесінің де макеті құрастырылды. Мектептің мемлекеттік тілде жұмыс атқаратын мұғалімдері осы игі бастаманы қолға алып, наурыз мейрамы қарсаңында салтанатты түрде ашуды жоспарлаған. Алайда, елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ашылу салтанатын кейінге шегердік.

Қазіргі таңда алты кесененің реконструкциясы, орналасу картасы әзір. Алдағы уақытта тарихи панно жасап, сөрелер өлке тарихынан сыр шертетін экспонаттармен толықтырылады. Ендігі мақсат, тарихи бұрышты – тарихи музейге айналдыру.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», – деп айтқанындай, мектеп оқушыларына, ұжымға, мектепке келген қонақтарға өлкенің тарихын насихаттауға және оқушыларды ғылыми жобаларға бағыттауға өз ықпалын тигізетініне кәміл сенімдімін.

Елтай АЛМАХАНОВ,

№32 орта мектептің тарих пәні мұғалімі .

Қарағанды қаласы.