Жасаумен оралған жағылан

Бұзау терісімен қапталып, беті ою-өрнекпен бедерленген мынау жағылан-сандық Жездідегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде тұр. Мұндай тұрмыстық жиһаздың әлдеқайда көркем, сән-салтанаты келіскен түрі кез келген музейде кездеседі. Ал, ұлытаулық ұста Данияр КӘРІБАЙҰЛЫНЫҢ тері сандығының өзіндік сыры бар.

Алдымен, жағылан-сандықтың авторы туралы айтайық. Данияр ұста Ұлытау ауданының оңтүстік-шығысындағы Борсеңгір ауылының «Сарықамыс» қыстағында туған. Көріпкел, ұста, шебер үйші, мешіт ұстаған діндар нағашысы Наурызбай қалпеден ескіше хат танып, діни білім алады.

Сол төңірекке танымал Құлыбек бай көзі тірісінде, шамамен, 1910 жылдары, өзіне сағана салдырғанда жиырма бес жастағы Данияр нағашысына қолғабыс жасап, құрылысқа қатысады. Біршама уақыт өткенде сәулет өнеріне әбден машықтанып, бүрмелі кесене, күмбезді құрылыс салудың хас шебері болып алады.

Данияр ұстаның сәулет өнеріндегі өзіндік орны мен қолтаңбасына алғаш баға берген – академик Ә.Марғұлан. 19521967 жылдары экспедициямен Борсеңгір ауылында болғанда арнайы іздеп барып, жолығады. Оның кірпіш қалыптау мен күйдіру технологиясының ерекшелігіне назар аударады. 1986 жылы «Қазақстанның қолданбалы өнері» атты альбом-энциклопедиясына суретімен «Жезқазған облысында тұратын халық сәулетшісі» деген ақпарат бастырады.

Данияр Кәрібайұлының сәулетшілігімен қатар зергерлігі, етікші, тіпті, тігіншілігі осы төңіректің жұртшылығына жақсы таныс. Ол жейдесін, сырт киіміне дейін өзі тігіп киген. Жасы ұлғайған шағында шаруашылыққа қажетті түрлі бұйымды өз шеберханасында жасап беріп отырған. Арбаның жетегі жиі сына берген соң оған қосымша иін ойлап тауып, ауылдастарының бейнетін жеңілдеткен.

Ал, жоғарыда әңгімеге арқау болған жағылан-сандық – Данияр ұстаның қолынан шыққан тұрмыстық бұйымның ең бағалысы. Мәселе мынада… Ол Жұмаділдәға үйленгенде кезінде өзі тапсырыспен арнайы жасаған жағылан-сандық ұзатылған қыздың жасауымен жас шаңыраққа қайта оралған. Екеуінен тараған екі ұл, екі қыз бүгінде бір қауым ел болып отыр.

Бұл әулетте бір ғасырға жуық уақыттан бері үзілмей келе жатқан ғажайып дәстүр бар. Ол – жылда наурыздың 18 жаңасында бүкіл ауылға, алысжақын ағайын-туысқа наурыз көже беру үрдісі. Оған ауыл-аймақ арнайы шақыртусыз келеді. Және, шама келсе, бұл күнге ауылда

көпшілік басқосу жоспарланбайды.

  • Мен осы әулетке келін болып түскенде атам 82 жаста еді. Естуімше, 1932 жылы ғана наурыз көже бере алмапты. Соның өзінде қазан көтеріп, елге қара су қайнатып, таратқан екен. Наурыздың қамын біз қыс басталмай тұрып ойластырамыз. Бір мал арнайы сойылып, сүрленеді. Наурыз дастарқанының құрт-майы қарынға бөлек жиналады. Әлгі қарын 18 наурызда ғана ашылады. Есіктің алдына он қазанға дейін қойып, көже пісіреміз. Қазір бұл тәрбиенің бәрін келіндер атқарып жүр. Менікі жөн сілтеу ғана.

Атамыз ерен аруақты кісі еді. Әулетте сақталып келе жатқан затын дәретсіз ұстаған емеспін. Көзіммен көрдім, құран аударғанда, қатым құран түсіргенде, тәуліктеп нәр татпай, оңаша отыратын. Ара-арасында қорытылған май ұрттайды. «Құлап қалмас па екен?» деп уайымдайтынмын. Емшілігі, көріпкелдігі өз алдына бөлек әңгіме.

Атамнан қалған ағаш тостаған бар. Наурыз күні бала-шаға, немере-шөбере сол тостағаннан кезектесіп көже ішеді. «Осы сендердікі жыл сайын не әурешілік?» дейтіндер де бар. Осы әулеттің өсіп-өркендеуі, балалардың ел алдында абыройлы, беделді болуы көптің берген батасына байланысты екені ақиқат. Қарашаңырақтың қадірлі дәстүрін немере, шөбере келіндерім жалғастырады, – дейді Данияр ақсақалдың келіні, жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Рахия әжей.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗДІ кенті.