Зұлмат жылдар — жұрт жадында

Жезқазған қаласының мемлекеттік архивінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары күніне орай, «Ғасырларға созылған қасірет» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Зұлмат жылдардың құрбанына айналған арыстарды еске алған жиынға қатысушылар шер-шемені қалың кезеңнің кесірлі кесапаты хақында тереңнен тарта ой толғап, белгілі бір тұлғалардың тағдыры туралы толғақты әңгіме қозғады.

Суретті түсірген Ләйла СӘДУАҚАСОВА

Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы тарап, сонымен қатар, алдағы уақытта аталған тақырыпты қамтитын арнайы архив қорын құруды меже тұтқан екен. Бұл жайтты өзінің кіріспе сөзінде мекеме басшысы Дәметкен Орынбасарова айрықша атап өтті.
Құрбандар рухына тағзым ету  рәсімі – бір минуттік үнсіздік жарияланып, одан кейін қатысушылар назарына архив қызметкерлері әзірлеген деректі бейнебаян ұсынылды.
Жазықсыз жандардың қаны мен көз жасына суарылған зобалаң уақыттың зардабын тікелей өз бастарынан өткерген әулеттердің бүгінгі ұрпақтары мен туысқандары – қазына кеуде қария, өлкетанушы, танымал тіл жанашыры Асқар Ермекбаев, ардагер ұстаз Гүлжаһан Әтибекова, ақын Үміткүл Трайысова, кәсіпкер Әбдіғаппар Оспанов және басқалары көкіректері қарс айрыла отырып, көшелі сөздің тиегін ағытты.
Ұзақ жылдар Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының архивін басқарған өлкетанушы Хадиша Жуйкова, жергілікті жазушы, «Степлаг» тарихын зерттеуші Шамил Садықов және Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова құнды мәліметтермен бөлісті. Хадиша Орынсейітқызы архив қорына 1896 жылы түзілген тарихи құжаттар мен бертінгі кезеңдегі бағалы суреттерді тапсырса, Шамил Бұрғанұлы өзінің «Степлаг. Восстание которого не было» кітабын сыйлады. Өз кезегінде Асқар Ермекбав «Бұзау болыс» атты жинағын тарту етті. Олар сол арқылы бейнелеп айтқанда, архив қабырғасында жаңадан жасақталатын қордың негізін қалап берді.
Іс-шараға қатысушылар Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ Археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының доценті, «этномәдени және тарихи антропологиялық зерттеулер орталығының» аға ғылыми қызметкері Мәулен Жакиннің дәйектемесі мол салмақты сөз саптасына да тәнтілік танытты.
Қанша талқыласа да түгесіле қоймас тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға бүкпесіз салған дөңгелек үстел отырысына қатысушылар түпкі түйінде тақырыптық қорды тиісті құжаттармен байыта түсу үшін келешекте бірлесе әрекет ету жайында ортақ мәмілеге келді.
Жиналған қауым «Степлаг» және Балқаш лагерінің тыныс-тірлігінен ақпарат беретін, архив мамандары арнайы дайындаған деректі құжаттар көрмесімен танысты.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.