Шахтинскте жаңа балабақша ашылады

Биыл мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағдарламасы аясында Шахтинск қаласында 100 орындық жаңа балабақша ашу жоспарлануда.

Білім беру саласындағы басым бағыт – 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен толық қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету көрсеткіші – 98, 2%-ға жеткен. Биік межеге қол жеткізу мақсатында былтырғы жылы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 25 орындық «Kапуѕта» жекеменшік балабақшасы ашылған.

Айта кетейік, облыста Мемлекет басшысының 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі оқытумен және тәрбиемен 100% қамту жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалуда. Енді, күн тәртібінде жаңа міндеттерді шешу мәселесі тұр. Бірінші – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз етіледі. Екінші міндет – бөбекжай топтарын ашу бойынша жұмысты жандандыру есебінен туғаннан 3 жасқа дейінгі балаларды ерте дамыту жүйесін құру.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»