АймақШахтинск

Көпке ұнаған көрікті аула

Қиял әлемінің бір бөлшегі ауласында көрініс тапқан. Шахтинск қаласының тұрғыны Михаил Афанасьев жылдар бойы өз ауласын безендіріп келеді. Шағын шаһардың көпке үлгі көрсетіп жүрген азаматын біз де дәріптегенді жөн көрдік.

Сурет: қала әкімдігінің баспасөз қызметінен

Михаил Афанасьев Жеңістің 40 жылдығы көшесінің бойында – орналасқан №65 үйде тұрады. Ол – 83 жаста. Облыс әкімі Шахтинск көшелерін аралап жүріп осы аулаға ерекше назар аударған және жергілікті әкімдікке қарияға көмек көрсетуді тапсырған. Еңбекқор тұрғынның ісі көпке үлгі екенін де атап өтті аймақ басшысы.

– Шахтинск қаласында 1973 жылдан бері тұрамын. 20 жыл бұрын ауламен айналыса бастадым. Алдымен ағаш отыр­ғыздым. Мен табиғатты қадірлеймін. Жер-Ананы жақсы көремін. Содан кейін гүл еге бастадым. Кейіннен жануарлардың мүсіндерін жасай бастадым. Осының бәрі маған да, көршілеріме де қуаныш сыйлайды, – деді зейнеткер.

Михаил Афанасьев Қазан қаласының көркемсурет училищесін ағаш кесуші мамандығы бойынша тәмамдаған. Иіріліп өскен бұта көрсе болды, іштей бір бейнені ойластыра бастайды екен. Ағаштан құстар мен жануарларды жасайды. Мүсіндердің кейбірін бояп та қояды.

 – Менің ауламда жыландар көп. Олар пішіні бойынша бұтақтарға ұқсайды. Көршілердің мені қолдайтыны қуантады. Міне,  билік те менің жұмысымды байқады. Жергілікті әкімдік маған бояу сатып берді. Мүсіндерімді жаңартамын. Мұның бәрі одан әрі жұмыс істеуге деген құлшынысымды арттырады. Үйде емен ағаштарын өсіремін, – деді қарт шебер.

Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков қариямен кездесіп, оған облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Құрылыс материалдары сатып алынды. Келешекте үйдің алдындағы шағын бақшаны қоршап, көшеттер отырғызу үшін контейнерлер сатып алу жоспарда бар екен.

Ерік НАРЫН,
ШАХТИНСК.
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button