Сұңғыла суретші

    Қарағандылық суретші Кәріпбек КҮЙІКОВТІҢ есімі күллі әлемге таныс. Ішкі жан-сезіміңді қылқаламның көмегімен ақ қағаз бетіне өрнектеп, сол арқылы ойын жеткізген суретшіні Арқа жұрты мақтан тұтады. Кәріпбек – ядролық қарусыздандыру қозғалысының белсенді мүшесі һәм «Атом» жобасының Құрметті Елшісі ретінде әлемдік көшбасшыларды ядролық қаруды сынауға тұтастай тыйым салып, таратпауға шақыруды мақсат еткен бірегей тұлға.

Арқа топырағында туған оның арқасына өмірге келген бойда ауыр жүк артылды. Қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған атом бомбасын сынаған кеңестік саясаттың салдарынан дүние есігін жарымжан болып ашты. Сұңғыла суретшінің екі қолы жоқ. Текті азамат тағдырдың салғанына мойымай, мүмкіндігі шектеулі жан деген сөзді теріске шығарып, мүмкіндігі мол екендігін мұқым жұртқа мойындатты.

Суретшілік өнер – құдірет. Сол құдірет күшін әлдилеген талант бүгінде жүздеген картинаның авторы. Туындылары талай рет шетелдік көрмелерге қойылып, тамашалағандарды таңдай қақтырды. Суретшінің туындыларын БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун да жоғары бағаласа, Жапония, АҚШ, Түркия, Германия және Қытайдың көркемсурет галереясына келгендер Кәріпбектің жұмыстары арқылы Семейде жасалған ядролық сынақтың зардабын сезінген. Өйткені, сол адам шошырлық сынақ, суретшіні де сынаққа алып, сынаптай сырғыған ғұмырына жазылмас жара салған. Иә, аузына әлемді қаламмен қаратқан жан сынақ жүргізілген полигоннан 100 шақырым жердегі Егіндібұлақ ауылында өмір шамын жаққан. Кейіпкеріміздің қолмен ұстап, көзбен көргендей, кескіндері, қылқаламның ұшымен сызыл­ған әр сызықта тіршілік лебі есіп тұр.

Қоғамдық жұмыстарға бел­сене кірісіп, ел тағдырына алаң­даған азамат туған жері Қарқаралының да қамын жеп келеді. Оған дәлел Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы өз деңгейінде аталып өтілуіне бастама болып бас көтеруі.

Айта кетейік, Қарқаралы ауданының әкімдігі Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойын ойдағыдай атқарып шығу үшін демеушілер тарту мақсатында арнайы шот ашқан еді. Суретші осы бір игі іске қолдау көрсету мақсатында өзінің «Кеш» атты картинасын сатылымға шығарып, өзінің әлеуметтік желісінде «Қарағанды-Егіндібұлақ» тас жолын жөндеуден өткізу мақсатында жұртты жұмыла жұмыс жасауға шақырған.

Бұдан бөлек, Базельдің әл­ем­дік кеңсесінің ғылыми-зерттеу институтының директоры Алин Варе Нобель сыйлығына үміткер ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен «АТОМ» жобасының Құрметті Елшісі, суретші Кәріпбек Күйіковтің кандидатурасын ұсынған болатын.

Лайықты!

Дөңгеленген дүниені қыл қаламмен көшірген суретшіге шығармашылық табыс, жұмысына жеміс тіледік!

Нұрдос КӘРІМ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.