Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ. «Еліне Мағаш әлі керек еді…»

Түнделете қаралы хабар келген,
Айрылыппыз айтулы қаламгерден.
Арқарын ақпараттың дәл көздеген –
Тағы сол атышулы ажал-мерген.

Хабар жетті қараша бұлтына еріп,
«Қазаға ортақ Ұлытау жұрты», –
дедік.
Арысын елмен бірге жоқтағандай,
Күн де бүгін ызғарлы, тұр түнеріп.

Еліне Мағаш әлі керек еді,
Қалам алып толғанса терең еді.
Қайрақтай бәрімізді жанитұғын
Оймақтай ой айтудың шебері еді…

Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ